ТҮЛКІБАСТА 13 СУ НЫСАНЫН БЕТОНДАУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

0
85

Қазақстан республикасының су ресурстары және ирригация вице-министрі түлкібас ауданына іссапармен келді.Іссапары барысында ҚР су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов «Казсушар» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Қазыбек Бедебаев және аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовпен бірге аудан аумағындағы құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан су нысандарын аралап, бүгінгі жағдайын бақылады.

Соңғы жылдары ауданда өзекті болып келген ағын су мәселесін түбегейлі шешу мақсатында салаға жауапты вице-министр тиісті мекеме басшысы мен мердігерге халықты ағын сумен қамту мақсатында жұмысты сапалы әрі тездетіп аяқтауды тапсырды. Құрылыс жұмыстары барысында жергілікті халықтың ұсыныс-өтініштерін орындалуын талап етіп, суғару маусымы кезінде канал арналарына су жіберіп, халыққа ыңғайлы жағдай туғызу керектігін атап өтті.

Айта кетерлік, бүгінгі таңда аудан аумағында 123 шақырымды құрайтын 13 су нысанының 77 шақырымын бетондау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда жұмыстың 60 пайызға жуығы аяқталып, 44 шақырымы бетондалған. Жергілікті халыққа ыңғайлы жағдай жасау мақсатында егіндікті суғару маусымы яғни ағымдағы жылдың мамыр айының 20-сы мен тамыз айының аяғына дейін құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылып, каналдарға су жіберілетін болады. Ол аралықта жауапты мекеме мен мердігер каналдарды механикалық тазалау сынды жұмыстарды атқаратын болады.

Аталған құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан соң 8600 га суғармалы жер қайта айналымға қосылады деп күтілуде.

Leave a reply