МАҚТААРАЛ: МЫРЗАКЕНТТЕ 10 МЫҢ ТҮП ГҮЛ КӨШЕТТЕРІ ЕГІЛДІ

0
76

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Жасыл аймақ» апталығы аясында Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінде 10 мың түп гүл көшеттері егілді.

«Мырзакент қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» саябағы мен «Жастар» гүлзарына, С.Жаштаев пен С.Қожанов көшелеріне гүл егу жұмыстарын жүргізді. Гүл көшеттерінің ішінде раушан гүл, бархатцы, сальвия және питуния атты түрлері бар. Көшеттер Сарыағаш және Қазығұрт аудандарынан әкелінуде. Сондай-ақ, аудан орталығындағы кәсіпкерлік мекемелер де өз аулаларында мұндай көгалдандыру жұмыстарын қолға алуда.

«Мырзакент қызмет» МКК гүлдерді егіп қана қоймай, оларды күтіп- баптаумен де шұғылданады. Дегенмен, кент тұрғындары да өз аулаларында көгалдандыру жұмыстарын жасаса – аудан орталығы ерекше құлпыратынын МКК директоры атап өтті.

«Егіліп жатқан гүлдердің өз ерекшеліктері бар. Сабағы нәзік болғанмен, тамыры қуатты. Гүл – кез-келген адамның көңіліне жылу сыйлайды. Әдеміліктің, сыйластықтың символы» – деді «Мырзакент қызмет» МКК-ның директоры Тимур Адамбек.

Сондай-ақ мақтаарал ауданында өткен сенбілікке 4 мыңнан аса адам қатысты
Республикалық «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық экологиялық акцияның «Жасыл аймақ» апталығын қорытындылау мақсатында Мақтаарал ауданында жаппай сенбілік өтіп, тазалық іс-шарасына 4 мыңнан аса адам қатысты.
Ауданның кіреберісі саналатын Азаттық ауылынан Атакент кентіне дейінгі, Атакент кентінен Мырзакент кентіне дейінгі республикалық маңызы бар А-15 автожолының бойы және Мырзакенттен Жетісайға дейінгі облыстық маңызы бар Кх-100 автожолының бойына тазалық жұмыстары жүргізіліп, мыңдаған көшеттер егілді.

Акцияға аудан әкімі Бақыт Асанов бастаған аудан әкімі аппараты, ауданның дербес бөлімдері, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдіктері, жалпы мемлекеттік қызметкерлер және дербес бөлімдерге қарасты коммуналдық мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, аудан бойынша шекара басқармасының сарбаздары, аудандық төтенше жағдай бөлімінің мамандары, қоғам белсенділері, жалпы аудан тұрғындары қатысты.

Аудан әкімі Б.Асанов пен облыстық мәслихаттың депутаты Ж.Қанаев, аудан әкімінің орынбасарлары Б.Төребеков пен Н.Саттаров, аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Атақұлов көшет егу жұмыстарына белсене атсалысты. Аудан басшысы көшеттерді егіп қана қоймай, оны күтіп-баптау жұмыстарын да тиісті деңгейде жүргізу үшін сала басшыларына тапсырма берді. Сенбілікте автожолдардың бойы жабайы шөптерден тазартылып, көшеттер егілді. Аялдамаларға әктеу-сырлау жұмыстары атқарылып, билбордтар және жарықшам бағаналарына бояу жағылды. Жаңадан көшеттер егіліп, дарақтарды ақтау жұмыстары да қоса жүргізілді. Жалпы сенбілікке 15 техника, 4 мыңнан аса адам қатысып, 16 тонна күл-қоқыс шығарылды.

Leave a reply