ТҮРКІСТАН: ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТЕРДІҢ ІСКЕ АСЫРЫЛУ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

0
101

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 2023-2025 жылдары 63 жаңа мектеп бой көтереді. Келешекте онда 49 мың бала білім алады. Салынып жатқан мектептердің саны әр өңірдің қажеттілігін әрі демографиялық ахуалын ескере отырып анықталған. Сондықтан «Жайлы мектеп» жобасы – өңірімізде мектеп тапшылығын шешуге берілген үлкен мүмкіндік.

Мемлекет басшысының бастамасы негізінде қолға алынған заманауи, жайлы мектептердің салынуы өңірдегі үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептер проблемалары шешілмек. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған жоба аясындағы жұмыстарды саралау үшін жауапты мердігерлер мен жобаны үйлестіруші «Самұрық-Қазына» қоры өкілдерінің басын қосты. Мәжілісте ұлттық жобаны өңірде асырудың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.

Әкім төрағалығымен өткен мәжілісте пилоттық жобаның іске асыру барысы қаралды. Өңір басшысы жауаптыларға жұмысты ширатуды тапсырды. Жұмысшы санын арттырып, құрылыс кестесін екі ауысымда жүргізуді міндеттеді. Облыс әкімі жаңа мектептердің құрылысына құрылыс материалдарын, жабдықтар мен жиһаздарды сатып алу ісіне барынша отандық өндірушілерді тарту қажеттігін айтты. Алайда құрылыс материалдарының бағасын шарықтатпауды қатаң ескертті. «Жайлы мектептерді» білікті ұстаздармен қамту аса маңызды. Бұл ретте тараптардың қатысуымен апта сайын жиналыс өткізу жоспарланды.

Пилоттық жобаның өңірде жүзеге асуын Түркістан облысының әкімі жеке бақылауына алған. Бекітілген кестеге сай 29 оқу ұясы биыл қолданысқа берілмек, олардың 19-ы есіктерін қыркүйектің бірінде айқара ашпақ. Жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңінде, яғни 2025 жылы тағы 34 мектеп халық игілігіне тапсырылады. Бүгінгі таңда мектептердің іргесі қаланып, 11 мектептің бірінші қабаты көтерілген. Тағы 9 мектептің екінші және үшінші қабаттары көтерілген.

– Президент жүктеген тапсырманы орындау үшін жұмыла жұмыс істеген дұрыс. Осы жобаны жүзеге асыру бойынша арнайы штаб құрылып, жоспар бекітілген. Енді осы жұмыстарды сапалы жүзеге асыру керек. Білім ұяларының құрылысын уақтылы әрі талапқа сай етіп аяқтау бағытында жұмыс істеу қажет. Отандық құрылыс материалдарын пайдаланып, өз өндірушілерімізге қолдау көрсетілетін болды. Алайда әлеуметтік маңызы бар құрылыстан аса пайда табуды көздемеуге шақырамын. Бағаны шарықтатпау керек. Бұл жобаның жүзеге асуы – сіз бен бізге сын. Кәсіби мамандар жасақтауды тездетіңіздер. Ең бастысы, құрылыс мерзімінің бұзылуына ешқандай жол беруге болмайды. Осыны ұмытпайық. Сапаның ақсамауын да қадағалаңыздар, – деп атап көрсетті Дархан Сатыбалды.

Құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылатын оқу нысандары заманауи құралдармен жабдықталады. Оқу кабинеттері, санитариялық тораптары және спорт залдары бар жеке блоктар қарастырылған. Оған қоса, жоғары деңгейдегі қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілмек. Мектептердің құрылыс материалдары сыртқы және ішкі көрінісі, сәулеттік жобасы бойынша да барлық мердігерге біріңғай нұсқа берілген.

Leave a reply