КОРЕЯНЫҢ ІРІ БИЗНЕС ИЕЛЕРІ ТҮРКІСТАНДА КӘСІП АШУҒА НИЕТТІ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған облыс делегациясы Оңтүстік Корея мемлекетіне іссапармен барды. Делегация басшысы Оңтүстік Кореяның бірқатар ірі компанияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.
Сапар барысында облыс әкімі Doosan Enerbility компаниясының вице-президенті Ким Чон Гванмен кездесті. Тараптар кездесу барысында ынтымақтастықтың ықтимал мүмкіндіктерін талқылады. Келіссөздер жүргізді. Онда компанияның стансалар салуда және озық технологиялар мен жабдықтарды қолдануда үлкен тәжірибесі бар екені айтылды.
Екі елдің сауда-экономикалық саласында іскерлік қарым-қатынастың орнағанын айтқан өңір басшысы Түркістан облысының шетелдік инвесторлар үшін қолайлы аймаққа айналғанына тоқталды. Дархан Сатыбалды 2 миллионнан астам халқы бар өңірдің дамуы үшін шетелдік инвесторларды тарту маңызды екенін айтып, бұл орайда инвестициялық бестіктің әрдайым алдында жүретін Корея елінің орны ерекше екенін жеткізді. Сондай-ақ кореялық бизнесмендерді облыстағы құрылыс, ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу және медицина салаларына инвестиция құюға шақырды.
Doosan Enerbility жол-құрылыс техникасын шығару бойынша әлемде жетінші орында тұр. Дүние жүзі бойынша компанияның 100-ден астам филиалы бар. Кәсіпорындар экскаваторлар, өндірістік жабдықтар мен тұтыну тауарларын жасап шығарады. Құрылыс және қаржылық, консалтингтік және IT қызметтерін ұсынады.
Компания Орталық Азияда энергетикалық турбиналар шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Өткен жылы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен Doosan Heavy Construction арасында Түркістан облысында қуаты 1000 МВт электр станциясын салу жөнінде келісімге қол қойылды. Сапар барысында Түркістан облысының делегациясы Doosan Enerbility офисі және музейімен танысты.