ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТА ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ КӨГАЛДАНДЫРУ, БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДА СЕМИНАР-КЕҢЕС ӨТТІ

0
64

Түлкібас ауданы, Машат ауылында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде елді мекендерді көгалдандыру, балық шаруашылығын дамыту бағытында семинар-кеңес өтті.
Семинар-кеңеске Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Марат Жанесен, облыстық балық шаруашылығы ассоциясының төрағасы, басқарманың салаға жауапты қызметкерлері, аудан әкімдерінің орынбасарлары, балық шаруашылығы саласының кәсіпкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Семинар-кеңесте облыста балық шаруашылығын дамыту мәселелері мен өңірдің елді мекендерін көгалдандыру шарасының іске асырылу барысы талқыланды.

Іс-шара аясында қатысушылар Машат ауылында үй іргелік жерлерде ашылған ЖК «Райымбеков Мадияр», ЖК «Батырбек» және «Жеті үй» балық шаруашылықтарының жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер Мадияр Райымбеков 1 га жердің 0,4 га жеріне көл қазып 1 мың дана маринка сазан жіберген. Алдағы уақытта тоғанды 0,5 га аумаққа ұлғайтып, тағы да 15 мың шабақ жіберуді жоспарлап отыр. Ал Ералы Батырбеков үй іргелік жердің 0,2 га жер теліміне жасанды бассейн жасап 20 мың дана фарель жіберген. Алдағы уақытта қосымша 0,2 аумаққа бассейн соғып, кәсібін ұлғайтуды көздеуде.
Семинар-кеңес «Жеті үй» ЖК қарасты тоғанды балық шаруашылығында жалғасты. Мұнда Шардара, Келес аудандары мен аудандық балық шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың өнімінің көрмесі көпшілікке ұсынылды.

Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның 80 табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Облыста тауарлы балық өсірумен тоғанды балық шаруашылықтарын қоса алғанда 230-дан аса кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Соның ішінде Түлкібас ауданында 20 шаруашылық бар.
Түлкібас ауданында балық шаруашылығын ашуға қызығушылар қатары жыл санап артып келеді. Балық өсірумен 2020 жылға дейін 2-3 қана шаруашылық айналысып келген болса, 2024 жылы балықтың сазан, карп, амур түрлерін өсіруді 60-тан астам шаруашылық қолға алып, айналысуда. Ауданның басқа өңірлерден ерекшелігі бастау көздерінен шыққан суларға балықтың форель түрлерін өсіруге мүмкіндігі бар. Сол себептен тамақтандыру орындарында (мейрамхана, кафе) үлкен сұранысқа ие балықтың форель түрін асырап мол табысқа жетуге болады.

Бұдан бөлек биыл көктем айларында босатылып, егілетін көшеттердің, аудан, қала әкімдіктерімен талапқа сай егілуі мен күтіп бапталуына қадағалауды күшейту мақсатында табиғат қорғау прокуратурасы қызметкерінің қатысуымен жұмысшы топ құрылып, аралау кестесі бекітілген болатын. Осы орайда басқарманың ұйымдастыруымен Қазығұрт ауданында аудан, қала әкімдіктерінің, басқарма мамандары мен ғалымдардың, орман шаруашылығы қызметкерлерінің қатысуымен «Елді мекендерді көгалдандыруға арналған» семинар-кеңес өткізілді. Онда көшеттерді қазу, тасымалдау, егу және күтіп баптау мәселелері теориялық тұрғыда талқыланып, жан-жақты түсіндірілді. Түлкібаста өткен семинар-кеңесте елді мекендерді көгалдандыру мақсатында егілетін көшеттерді егетін жерді таңдау, егу, күтіп баптау шаралары қатысушыларға практикалық тұрғыда көрсетілді. Көктемгі ауа райының қолайлы мерзімінде орман шаруашылығы мекемелерінен әкімдіктерге қажетті көшеттерді босату, елді мекендерде егу жұмыстары жүргізілуде.

Leave a reply