ТҮРКІСТАНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ЕГІЛГЕН ГҮЛДЕР САНЫ 200 МЫҢҒА ЖЕТТІ
Республикалық экологиялық «Таза Қазақстан» акциясы Түркістан облысында қарқынды жүруде. Акция аясында бүгін Арыс қаласында сенбілік өтіп, шараға қалалық мәслихаттардың депутаттары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, еңбек ұжымдарының өкілдері, қала жастары атсалысты. Экобелсенділер ағаш түптерін әктеп, жасыл желектің түптері мен жол жиектерін арамшөптерден тазалады.
«Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты – үйіміз бен туған жерімізді таза ұстау, қоқыс шашпау, халық арасында экологиялық сауаттылықты арттыру, экологиялық мәдениетті сақтауды үйрету. Түркістан қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Таза өлке» апталығы аясында ауқымды шара жалғасуда. Аталған шараға тұрғындар, мемлкеттік мекемелер мен кәсіпкерлік ұйымдар, белсенділер мен еріктілер қатысты.
Акция аясында бекітілген аумақтарда тазалық және ағаш көшеттерін егу жұмыстары жүргізіліп, ағаштар әктелініп, аяқ жолдар қоқыстан тазартылды. Саябақтар және скверлер, балалар және спорт алаңшалары ретке келтірілді. Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде отансүйгіштікті, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеу.
Жалпы, биыл көктем айларында қала аумағына және саябақтар мен көшелерге, тағы басқа нысандарға 104 300 түп көшет егілді. Атап айтқанда, терек, емен, ива, үйеңкі, катальпа, арша, кіші жапырақты қарағаш, өрік, аморфа егіліп, қаланың сәніне сән қосты. Шаһарда 200 мың түп гүл отырғызылуда. «Таза Қазақстан» акциясы бұл жұмыстарға айрықша серпін беріп жатыр. Көгалдандыру жұмысы күшейе түсті.
Айта кетейік, елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталған болатын. Экологиялық шара әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осы бағыттағы жұмыстар бір реттік акция емес, елімізді көгалдандыру және абаттандыру бағытындағы тұрақты түрде іске асырылатын жұмыстар болып жалғасын табатын болады.