ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ
Мемлекет басшысы өз Жолдауында халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіп¬сіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байла¬нысты мәселелерді шешу мақса¬тында жобаланып, жүзеге асыры¬лып жатқан «Ауыл аманаты» мем¬ле¬кет¬тік бағдарламасына барша бұ¬қа¬ра қатты мүдделілік танытып отыр.
Айта кеткен жөн, «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Өткен жылы жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан арнайы құрылған мобильді топтар барлық дерлік өңірді аралап шығып, елді мекендердің 250 мыңнан астам тұрғынына «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырды. Оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Бапталған бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қа¬жет¬ті түрлі ақпараттарға молынан қанықты.
«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған, несиелер биылғы жылдан бастап беріле бастады. Жоба аясында қандай жеңілдік¬тер қарастырылған? Бағдарлама бо¬йынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сон¬дай-ақ техниканы лизингке рәсімдеу¬ге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие/шағын несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Несиенің, шағын несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңна¬ма бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банк¬тен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.
Ордабасы ауданында құс шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Аталған бағытта жыл сайын шаруа қожалықтар саны артуда. Соның бірі ордабасылық Ғабит Шалабаев етті бағыттағы құс шаруашылығымен айналысады. Кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 8 600 000 теңге несие алып, 5 890 бас балапан мен олардың жем-шөбін сатып алған. Дәл осындай кәсіпті Достар Оңалбаев та қолға алған. Ол бағдарлама аясында 7 000 000 теңге несие алып, 400 бас түйетауық өсіруде.
Аудан басшысы Азат Оралбаев қожалықтардың жұмысымен арнайы танысып, кәсіпті ұлғайта түсу мақсатында мемлекеттік қолдаудың жалғасатынын айтты. Сонымен қатар, аудан тұрғыны Мухибулла Шарафутдинұлы қазіргі таңда бөдене шаруашылғымен айналысады. Шаруа «Аққұс» атты фабрикасында 5 000 бас бөдене өсіріп жатыр. Ол алдын-ала кәсібіне қажетті заманауи құрал-жабдықтарын алдырып, 2-3 айлық бөнелерді 800 теңгеден сатып алған.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2024 жылғы 23 қаңтарда Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасының жобалары бойынша баспасөз-турын ұйымдастырды, оған республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері қатысты.Естеріңізге сала кетейік, «Ауыл аманаты» бағдарламасы Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде жүзеге асырылып жатыр, оның басты мақсаты – еліміздің барлық өңірлерінде ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Ауыл тұрғындарына микрокредиттер жылдық 2,5%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен беріледі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бағдарлама аясында 12,2 млрд теңгеге 75,5 мың шағын несие беріліп, 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Түркістан облысына келетін болсақ, өткен жылы мұнда 19,8 млрд теңгеге 3 256 жоба қаржыландырылды, 3 413 жұмыс орны ашылды. Кооперативтер негізінде жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуға басымдық берілді.
Баспасөз-туры бағдарламасында бірінші нысаны Қарнақ ауылындағы «Тәжитдин ата» АӨК бройлер етін өндіру жобасы болды. Оның құны – 71,6 млн теңге, «Ауыл аманаты» бойынша оған 27,6 млн теңге бөлінген. Жоба жыл сайын 50 тонна құс етін шығара отырып, ауданы 15 сотықтан аспайтын шағын кеңістікті барынша пайдаланады. Бұл шаруашылық жерді үнемді пайдаланудың үлгісі болды. Айта кетейік, «Тәжитдин атада» өнім өндіру және сату тізбегі сауатты құрылған, ал құс етінің килограмы 1 500 теңгеден көтерме бағамен сатылады. Өңір үшін тағы бір маңызды бастама – Талапты елді мекеніндегі «Ran» ЖК балық өсіру жобасы. Оның құны – 12 млн теңге, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 7 млн теңге қаржыландырылды. Жоба жетекшісі өз бақшасында төрт бассейн салып, оған сазан шабақтарын жібергенін айтты. Шабақтар белгілі бір жасқа жеткенде сатылады және өңірде балық өнімдеріне сұраныс артады. Жобаның болжамды қуаты жылына 20 тонна өнім, алдағы жылдары тағы 15 бассейн салу және осылайша кәсіпорынды кеңейту жоспарланған.
Балтакөл ауылындағы наубайхананың басшысы Біржан Жүнісов БАҚ өкілдеріне өзінің жеткен жетістіктері жайында айтып берді. Онда күніне 300-350 дана нан сатылады. Кәсіпкердің айтуынша, ол «Ауыл аманаты» туралы естігенде жұмыссыз болған және оған жергілікті атқарушы орган құжаттарды рәсімдеп қана қоймай, бизнес-жоспар жасауға да көмектескен. Нәтижесінде ауыл тұрғыны өзінің шағын ісін ұйымдастыру үшін 8 млн теңге несие алды, негізгі қарызды төлеу күзде басталады. Ол несиені мерзімінен бұрын жабуды және тағы одан да ірі соманы алуды жоспарлап отыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасының жаңа ережесі фермерлерге кәсібін кеңейтуге 29 млн теңге алуға мүмкіндік береді.
Наубайхана Балтакөлдегі «Ауыл Аманатының» жалғыз жобасы емес, алақандай ауылда «Алға-БАМ» тары өңдейтін зауыты да бар. Өйткені, ауыл тары өсірумен танымал болғанымен, оны өңдеу үлкен жобаны қажет ететін. Қазір Алға-БАМ зауыты тәулігіне 5500 келіге жуық тары өңдейді. Зауытта сусымалы өнімдерді құюға және буып-түюге арналған станок, өндірістік желі, диірмен секілді барлық қажетті құрал-жабдықтар бар. Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы аясында қаржыландырылған несие қаражатының көлемі 20 млн теңгені құрады.
Сонымен, журналистер назарына мал шаруашылығы бойынша екі жоба ұсынылды: бірі ангус тұқымды 15 бас ІҚМ, екіншісі сүт бағытындағы 15 бас ІҚМ сатып алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Айта кету керек, бағдарлама арқылы жүзеге асқан барлық жобалар тұрғындардың табысын арттырып қана қоймай, жалпы өңірге оң әсер етіп, ауыл шаруашылығын дамытуға септігін тигізеді.
Түркістан облысында 2023 жылы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасын» жүзеге асыру мақсатында 57 056 (47,5%) жас жұмыспен қамтуға жолданды. Оның ішінде, тұрақты жұмыс орындарына 23 407 жас, яғни 43%-ы орналасты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиында баяндалды. Жиынға өңірдегі аудан, қаладағы Жастар ресурстық орталықтарының басшылары, облыстық қоғамдық даму басқармасы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының және қаржылық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ернар Бектаевтың баяндауынша, өткен жылы жұмыс орындарын субсидиялауды ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлікті қолдау, уақытша жұмыс орындар сипатындағы қамту шараларына 19 203 жас қатысты. Оның ішінде, жастар практикасымен 9007 адам жолданса, тұрақты жұмысқа 23407, қоғамдық жұмысқа 6350, әлеуметтік жұмыс орындарына 1716, алғашқы жұмыс орнына 2130 азамат орналасты. Мемлекеттік грантқа 702 азамат ие болды. «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерге оқуға – 11740, enbek.kz платформасында онлайн оқытуға – 1808, қысқа мерзімдік кәсіптік оқытуға 196 азамат жолданды.
– Сіздерге үлкен міндет жүктелген. Әрқайсысыңыз аудан, қала жастарына жауаптысыздар. Жастарды сүйемелдеу, бағыттау, түсіндіру жұмыстарын жүргізу – сіздердің мойындарыңызда. Оларды ауыл шаруашылығынан бөлек, басқа да тың жобаларға, кәсіптерге тартыңыздар. «Бизнес идея» конкурсын ұйымдастырылып, 2,5% көлеміндегі жеңілдетілген несие бойынша түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілсін. Қаржылық ұйымдармен бірлесе отырып, жастарға кәсіп ашу, несие алу жолдары туралы оқыту жұмыстарын жүргізу керек. Биыл колледждерде заман талабына сай, сұранысқа ие 10 жаңа мамандық ашылады. Сол туралы жастарды құлағдар етіңіздер. Мемлекеттік мектептерден бөлек, жекеменшік мектептермен де мамандық таңдау бойынша профориентациялық жұмыстар жүргізу қажет. Жақсы көрсеткіш көрсеткен аудандар пайдаланған тәсілдеріңізді басқа аудандардағы әріптестеріңізге үйретіңіздер. Жастар арасында қылмысты азайту бағытындағы жұмыстар күшейтілсін. Осы мемлекеттік бағдарламалар есебінен жастар арасындағы проблемалардың бірқатары шешілуі тиіс, – деді Бейсен Тәжібаев.
Жобаларды ұйымдастыруда отбасылық және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, жастардың көшбасшылық қабілетін арттыруға ден қойылған. Мәселен, аудандық деңгейде ұлттық ойындарды жаңғырту мақсатында «Мергендер» сайысын, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Плоггинг» тазалық іс-шарасын, отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Ұлағатты ана – ұлт мерейі» аналар мен қыздар форумын, білімді орта қалыптастыруды көздейтін «Жастар – БИЗНЕСТЕ», «Әр күн – жаңа мүмкіндік» атты семинар-тренингтер өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар облыстық деңгейде әскери-патриоттық «Біз жауынгер» жобасы, «Al-Farabi» интеллектуалды шоуы секілді жаңашыл және жастар арасында сұранысқа ие желілік жобалар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, өнерді шыңдауға бағытталған «Түркі елдерінің талантты жастары» халықаралық талантты жастар тележобасы қолға алынбақ. Жобалармен жіті танысып шыққан облыс әкімінің орынбасары іс-шараларды ұйымдастыруда отбасылық құндылықтарды насихаттауға басымдық беру керек екенін түртіп, лудомания, суицид секілді қазіргі заман дерттеріне қарсы шараларды қолға алуды, қажетсіз жобаларды қысқаруды ұсынды. Айта кетейік, бүгінгі таңда Түркістан облысындағы халық саны 2,1 миллионды құраса, соның ішіндегі 14-35 жас аралығындағы жастар саны – 654 мыңнан асады. Бұл – өңір халқының 30 пайызы.