ҚАЗЫҒҰРТ: КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ БАСТЫ НАЗАРДА

0
89


Қазығұрт ауданы әкімдігі ғимаратының мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының кезекті отырысы болып өтті. Атаулы жиналысқа комиссия мүшелерінен бөлек тұрғын-үй коммуналық шаруашылық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Абдакимов Тұрдалы қатысты. Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұловтың төрағалығымен өткен отырыстың күн тәртібінде 3 мәселе көтерілді:
1. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық, оларға зорлық-зомбылық және өзіне өзі қол жұмсауды алдын алу жөніндегі атқарылған жұмыстары туралы;
2. Кәмелетке толмағандардың жазғы демалысын ұйымдастыру және демалыс маусымында қауіпсіздіктің алдын алу шаралары туралы;
3. Білім беру ұйымдары жанындағы жол инфрақұрылым белгілері «Қауіпсіз жол» жобасы туралы.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық жергілікті полиция бөлімшесі басшысының орынбасары Акимбеков Дастан, екінші мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Әбдиев Бақтияр, үшінші мәселе бойынша тұрғын-үй коммуналық шаруашылық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Абдакимов Тұрдалы баяндама жасады.
Аталған мәселелер жан-жақты талқыға түсіп, ұсыныс-пікірлер ескеріле отырып хаттамаға түсірілді.
1994 жылғы 12 тамыздан бастап Қазақстан – БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы халықаралық конвенцияға қатысушы. Атал­ған Конвенцияны іске асыру мақсатында 2002 жылы «Бала құ­қықтарын қорғау туралы» Қазақ­стан Республикасының Заңы қабыл­данды. 2003-2006 жылдары республикада «Қазақстандағы ювеналды әділет» халықаралық жобасы іске асырылды, оның шеңберінде Қазақстан Президентінің 2007 жылғы 23 тамыздағы Жар­лы­ғы­мен Нұр-Сұлтан және Ал­маты қа­лаларында алғашқы экспери­мент­тік ювеналды соттар құрылды. Кейіннен, ювеналдық әділет жүйе­сін дамытудың 2009-2011 жылдар­ға арналған тұжырымдамасы мақұл­данды, ол ювеналдық сот ювеналдық әділет жүйесінің ең маңызды буыны саналатынын анықтады. Пилоттық ювеналды соттар қызметінің оң тәжі­ри­бесі ескеріле отырып, мұн­дай соттар еліміздің барлық облыс орталықтары мен кейбір ірі қала­ларын­да құрылды.
Заңдарды түбегейлі жаңартумен ювеналды соттардағы азаматтық және қылмыстық істердің саны айтарлықтай өсті. Әкімшілік іс құжаттарына енгізілген өзгерістерге байланысты әкімшілік істер саны азайған. Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар туралы қылмыс­тық істерді қарау практикасы бұл санаттағылардың көбіне қылмысты жұмыспен қамтылмауына, кәмелет­тік жасқа толмауынан жұмысқа орналасу мүмкіндігінің болмауына, ата-анасының ауыр материалдық жағдайына байланысты оқуын жал­ғастыру мүмкіндігінің жоқты­ғына, сондай-ақ жұмыс істеуге және оқуға деген ниетінің болмауына байланысты жасайтынын көрсетті. Бұл ата-аналардың жасөспірімдерге көңіл бөлуінің жеткіліксіздігін, ал жекелеген жағдайларда ата-ана­лар­­дың өз балаларын тәрбиелеу мен асыраудан бас тартуын, бала­лардың мінез-құлқына ата-аналық бақылаудың жоқтығын, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойын­ша полиция органдарының қа­нағат­танғысыз жұмысын көрсе­теді.
Әкімшілік құқық бұзушылық ту­­ралы келіп түскен істердің 95%-ы­ кә­мелетке толмағандардың құ­қық­­­­тарына қол сұғатын құқық бұ­зу­шылық туралы істер санатына жатады, бұлар көбінесе ата-аналар тарапынан тәрбиенің тиісті түрде берілмеуінен туындайды. Қазіргі уақытта республика соттарында кәмелетке толмағандарға қатысты істерді қарау бойынша бір­келкі тәжірибе қалыптасты, онда істерді қарау кезінде бірінші кезекте кәмелетке толмағандардың мүдделеріне басымдық беріледі. Бүгінде ювеналды сотта іс жүзінде әрбір іс психологтің қатысуымен қара­лады.
Өкінішке қарай, соңғы жылдар ішінде некені бұзу туралы аза­мат­тық істердің өсу үрдісі бай­қалады. Бұл жалпы қоғамға теріс әсер етеді, осыған байланысты отбасын сақтауға бағытталған жаңа тетіктерді құру қажеттілігі туындап отыр. Олардың бірі – отбасылық сот­тар құру. Жоғарғы соттың бастамасымен «отбасылық сот» пилоттық жобасы іске қосылды. «Отбасылық сот» пи­лот­тық жобасының мақсаты – отбасын сақ­тау және кәмелетке толмаған бала­ларға қолайлы жағдай жасау. Аталған соттарда бөлек кабинеттер бөлініп, келіссөздер жүргізу үшін арнайы жағдайлар жасалған. Жұмыс тәртібінде үкіметтік емес ұйымдар және ұйымдастырушылық сипатындағы жалпы сұрақтарды шешуге құзыретті мемлекеттік органдардың өкілдерімен тұрақты түрде дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізіліп тұрады.
Қазіргі таңда Жоғарғы сот­тың қолға алуымен кәмелетке тол­­ма­ған­дардың істері жөніндегі ма­мандандырылған ауданаралық сотты, азаматтық сотты және маман­дандырылған ауданаралық әкім­шілік сотты, яғни осы үш бағытты өз құрамына біріктіретін сот құру мәселесі қарастырылуда. Мұндай сот некені бұзу туралы істерді қарап қана қоймай, мәселесі бар отбасыларға дағдарысты еңсеруге, отбасылық агрессорды жауапкершілікке тар­туға, тәуелділіктен зардап шегетін адам­дарды емдеуден өткізуге көмек­теседі. Некені бұзудан сақтау мүм­кін­шілігі болмаған жағдайда қа­лып­ты қарым-қатынас құру және бала­ға қатысты ата-ана міндеттерін орын­дауға көмектесумен айналысады.
Ювеналды әділет жүйесінің ма­ңыз­ды қағидаты кәмелетке толма­ғанның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғау­дың басымдығы болып табылатын­дықтан, кәмелетке толмағанға қа­тыс­ты барлық шешімдерді маман­дан­дырылған сот ғана шығаруы тиіс. Осыған байланысты, ювеналды әділет кәмелетке толмағандардың істері бойынша сот төрелігінің ерекше жүйесі ретінде қаралуы тиіс.
Ювеналды әділеттің әлеуметтік маңыздылығы – сот процеске өзге қызмет пен мекемелердің мамандарын тартусыз қол жеткізе алмайды. Психологтерді, педагогтерді, қорғаншылық және қамқоршылық органдардың өкілдерін тарту кәме­летке толмағанның өмір сүру және тәрбиелену жағдайларын, оның мінез-құлқын, қажеттіліктерін, мүдде­лерін, ерік-жігерін, психика­лық даму дәрежесін, құқық бұзушы­лық­тың туындау себептерін анықтау қажеттілігінен туындайды.
Егер азаматтық істерге тоқтал­сақ, мысалы, балалардың тұратын жерін анықтау туралы дауларды қараған кезде ата-ананың тем­пера­ментінің ұқсастығын (немесе айырмашылықтарын) ескере отырып, ата-аналардың бірінің балаға психологиялық артықшылық көрсетуін анықтау ұсынылады. Сол үшін сот отырысына қатысуға психологиялық диагностика жүр­гізіп, талдау мен ұсыныстар да­йын­дайтын психолог тартылады. Сұранысқа байланысты пси­холог баланың психикалық жай-күйін, жеке-психологиялық ерек­шеліктерін, баланың әкесіне не ше­шесіне және отбасының басқа мүше­леріне қатынасын, сондай-ақ қалыптасқан жанжалды ахуалдың психикалық жай-күйіне әсер етуін, ата-анасына бауырмалдық деңгейін және әрқайсысымен қарым-қаты­нас қажеттілігін анықтау мақса­тында психологиялық диагнос­тика жүргізеді. Психолог талдау кезін­де әр ата-ананың психикалық жай-күйін, жеке-психологиялық ерекше­ліктерін, ата-аналық ұстанымы мен тәрбиелеу стилі ескеріледі.
Ақтөбе облысының кәмелетке тол­мағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты балаларды тәрбиелеуге қатыс­ты істерді қарау кезінде, «Отбасылық сот» пилоттық жобасын іске асыру аясында жасақталған меморандумдар негізінде психологтерді іске тартады. Сонымен бірге ювеналды сотта штатты психологтің пайда болуы соттың істі неғұрлым тез қарауына мүм­кіндік берер еді. Нәтижесінде, психолог дауласушы тараптармен әлеуметтік-психологиялық зерттеу жүргізе отырып, сотты іс бо­йын­ша дұрыс шешім қабылдауға бағыт­тайды.
Заң балаларды тәрбиелеуге бай­ланысты дауларды қарауға қор­ған­шылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асы­ратын қорғаншылық органының қатысуын көздейді. Қорғаншы орган сот ұйғарымының негізінде бел­гіленген тәртіппен баланың және оны тәрбиелеуге үміткер адам­ның (адамдардың) өмір сүру жағ­дай­ларына тексеру жүргізуге, сондай-ақ тексеру актісін және оған негізделген даудың мәні бойынша қоры­тынды беруге міндетті. Алайда қор­ғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асы­ратын орган ұсынған тексеру ак­тілерінің барлығы көрсетілген санаттағы істер бойынша дұрыс және дәлелді хабарлама ретінде қабылдауға жатады деп айта алмаймыз. Мысалы, көбінесе, тексеру актілері мен органдардың қоры­тындылары дәлелді емес, ата-аналардың өзара қарым-қаты­насының сипатын және жеке қа­сиеттерін ашпайтын жалпы сөз тіркестерін жиі қамтиды, балаға қауіп төніп тұруы мүмкін екенін растайтын мән-жайлар, ата-аналық міндетін орындаудан жалтару нақ­ты қандай әрекетпен білінетіні, қалып­тасқан психологиялық ахуалда баланың тұру мүмкіншілігі бар-жоғы көрсетілмейді.
Осы тұста балаларды тәрбие­леуге байланысты істердің санаттары бойынша жай-күйді тексеру ак­тісінің қандай да бір әзірленген бірыңғай нысаны жоқтығын атап өту қажет. Негізі, тәрбиелеуге қа­тыс­ты мәселелердің бар-жоғын анық­тайтын зерттеу қорғаншы органмен тексеруді жүргізетін тұлғалар, оның мерзімдері, нақты сұрақтардың кө­лемі мен мазмұны көрсетіліп белгі­ленген нысанда жүзеге асырылуы тиіс. Осылайша, қамқоршылық орган­дары қызметінің белгілі бір критерийлерінің және шешім қабыл­дауда, қорытынды беруде бірыңғай тәсілдердің болмауы түйткілді мәсе­лелердің бірі болып отыр.
Егер ювеналды әділет сала­сы проблемаларды о бастан, яғни туын­дау кезеңінде шешіп, ең бас­тысы баланы сотқа дейін жет­кізбеу мақсатында кешенді жұ­мыс істесе, нәтиже шынымен де қанағат­­танарлық болар еді деп ойлаймыз. Кәмелетке толмағандар үшін сот төрелігі тұлғаның одан әрі кримина­лизациялауына жол бермеуі, бала­ның әлеуметтен алыстауына емес, әлеуметтік сауықтыруына ықпал етуі тиіс. Мұндай тәсіл қылмыскерді емес, толыққанды азаматты қажет ететін қоғамға тиімді. Бұл ретте құ­қық бұзушылыққа қарағанда құ­қық бұзушы тұлғаның өзі маңызды деген ұғым ювеналдық әділеттің негізгі қағидасы болғаны абзал. Әрине, шынайы ювеналды әділет құру – оңай шару емес. Қазіргі кезең­де ювеналды әділет жүйесін одан әрі нығайту үшін жүйелі түрде судья­ларды, прокурорларды, адвокаттарды оқыту сапасын жақсарту, әлеуметтік, психологиялық қолдау және пробация қызметтерін дамыту қажет.
Қорыта айтқанда, ювеналды әді­лет­тің толыққанды қызметі жалпы қоғамның тұрақтылығын нығайтуға, кәмелетке толмағандар арасындағы шиеленісті азайтуға және қоғамда болып жатқан процестерге белсенді ықпал етуге мүмкіндік беріп қана қоймай, еліміздің жарқын бола­шағын қалыптастыруға үлкен ық­палын тигізеді.
Кәмелетке толмағандар неше жастан бастап жұмыс істей алады?
Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес, еңбек келісімшарты 16 жасқа толған азаматтармен жасалады. Дегенмен еңбек келісімшартын 14-15 жастағы жасөспірімдер де жасасуға құқылы, алайда бұған қатысты бірнеше талап бар:
• негізгі орта және жалпы орта білім алып жатқан 15 жастағы жасөспірімдер оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін, оқу процесін бұзбайтын жерлерде жұмыс істей алады;
• 14 жасқа толған оқушылар кинематография ұйымдары, театр, концерт ұйымдары, циркте денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмейтін болса, жұмыс істей алады.
14-15 жастағы жасөспірімдер жұмысқа тұрған кезде еңбек шартына өзімен бірге заңды өкілінің біреуі қол қоюы тиіс.
Жасөспірімдер аптасына неше сағат жұмыс істей алады?
Еңбек кодексінің 69-бабына сәйкес:
• 14-15 жастағы азаматтар аптасына 24 сағат;
• 16-17 жастағы азаматтар аптасына 36 сағат жұмыс істей алады.
Мұнымен қатар, Еңбек кодексінің 26-бабының 2-тармағының бесінші тармақшасына сәйкес 18 жасқа толмаған жұмыскерлерді еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарға орналастыруға жол берілмейді.
Жасөспірімдер зейнетақы қорына қалай жарна аударады?
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 24-бабының 6-тармағына сәйкес, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу үшін табысқа салымшының жасына және мәртебесіне қарамастан ақшалай мәнде еңбекақы төлеудің барлық түрлері және өзге де кірістер енгізіледі.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын міндетті зейнетақы жарнасы аталған заңның 25-тармағының 1-тармақшасына сәйкес, жарнаны есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табыстың 10 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
Бұл ретте міндетті зейнетақы жарнасын есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табыс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.
Қандай жұмыстарды істеуге тыйым салынған?
18 жасқа толмаған жұмыскерлердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімі денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 8 желтоқсандағы № 944 бұйрығымен бекітілген.
Аталған тізімде денсаулыққа зиян және адам өмірі үшін аса қауіпті салалар мен жұмыстардың тізімі жазылған.
Мысалы, жасөспірімдерге атом электр станциялары, коксхимия өндiрiсі, цемент өндiрiсi, электр энергетикасы салаларында және сүңгуір, газшы, жанар-жағармай құюшы, құтқарушы болып жұмыс істеуге болмайды.
Жасөспірімдер қоғамдық жұмыстарды қалай істейді?
Қазір жастарды жұмыспен қамту үшін 2021-2025 жылдарға бағытталған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы жүзеге асып жатыр.
«ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңының 22-бабына сәйкес, студенттер мен жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары (16-18 жастағы) денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарға оқудан бос уақытта қоғамдық жұмыстарға қатыса алады. Ұлттық жоба шеңберінде ұйымдастырылатын қоғамдық жұмыстар алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуді талап етпейді, сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты және жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша олардың қаражаты шегінде қаржыландырылады», делінген министрлік жауабында.
Жалпы білім беретін мектептің 16-18 жастағы оқушысы немесе студент қоғамдық жұмыстарға қатысу үшін:
• өтініш;
• ата-анасы немесе заңды өкілдерінің бірінің жазбаша келісімін;
• білім беру ұйымының оқу процесінен тыс қоғамдық жұмыстарға қатысуға жазбаша келісімін өткізуі керек.
Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері жасөспірімдер өз бетінше жұмыс іздеу және жұмысқа орналасу үшін бос жұмыс орнына орналасуға конкурс жариялаған жұмыс берушіге тікелей жүгіне алатыны, сондай-ақ www.enbek.kz электрондық еңбек биржасында ұйымдар мен мекемелердің ұсынған бос лауазымдарын іздей алатынын еске салды.

Leave a reply