ОРДАБАСЫ: ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ САҒАДАТ НҰРМАҒАМБЕТОВТІҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ
Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Тәуелсіз Қазақстан армиясының тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толуына орай “С.Нұрмағамбетов” атындағы ЖОМ салтанатты шара өтті. Оған аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, қорғныс істері жөніндегі бөлімнің қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, жастар қатысты. Шараға қатысушылар алдымен мектеп ауласындағы Сағадат Нұрмағамбетовтің құрметіне қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, арнайы жасалған көрмені тамашалады. Өз кезегінде зиялы қауым өкілдері Кеңес Одағының Батыры туралы естеліктер айтып, жасаған ерліктеріне ерекше тоқталса, жастар әскери-патриоттық тақырыпта өнерлерін паш етті.
Бірінші «Халық Қаһарманы» атағының иегері, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Қарулы күштердің құрылуы мен қалыптасуында аса маңызды рөл атқарған алғашқы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың есімі ел тарихында мәңгі қалары анық. Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысы Ақкөл ауданы бұрынғы Трудовое, қазіргі Еңбек ауылында дүниеге келген. Кішкентай кезінен жетім қалған оны және әпкелерін Сағит ағасы асырап, әке-шешесінің орнын басты. Соғыс жылдары алғашқылармен майданға аттанған ағасы, көп ұзамай Псков қаласындағы шайқаста қаза табады. Ол Кушка қаласындағы Түркістан пулемет училищесін бітіріп, 1943 жылдың сәуірінен 1945 жылдың мамырына дейін 5-ші соққы беруші армияның Берлин атқыштар дивизиясы II дәрежелі 301-ші Донецк Суворов ордені 1052-ші атқыштар полкінің құрамында пулемет взводының, ротаның, атқыштар батальонының командирі ретінде майданда соғысқан. Краснодар өлкесін, Украинаны, Молдованы, Батыс Беларусь пен Польшаны азат етуге қатысты. Сағадат Нұрмағамбетовтың батальоны Гитлердің Рейх канцеляриясының ғимаратына жасалған шабуылға да қатысқан. Жеңістен кейін батальонның жеке құрамы мемлекеттік маңызы бар маңызды объектілерді күзету міндеттерін орындады. 20 жасында Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» табыс етілді. 1945 жылы сәуірде жасаған ерлігі мен батылдығы үшін ол екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған болатын, алайда майор Нұрмағамбетов Қызыл Ту орденімен марапатталды. 1991 жылғы қазанда Одақтың ыдырауы кезіндегі жауынгерлік және практикалық тәжірибені ескере отырып, ҚР Президентінің Жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетов Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы, ал 1992 жылғы мамырда Қазақстанның Қорғаныс министрі болып тағайындалды. 1994 жылы Президенттің Жарлығымен оған «Алтын Жұлдыз» табыс етіліп, «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Сағадат Нұрмағамбетов ержүрек жауынгер ғана емес, шығармашылық адам болған. Оның қаламынан туындаған «Лицом к огню», «Мой передний край», «От огненных лет до суверенной армии», «А в памяти нет тишины»деген естелік кітаптары бар. Бүгінде оның есімі Қазақстан қалаларының көшелеріне және әскери оқу орындарына берілген, батырдың құрметіне ескерткіштер, мемориалдық тақталар орнатылып, мұражайлар ашылды. Сағадат Қожахметұлының бюсті Мәскеудегі Ұлы Отан соғысының Орталық музейі Қасіретке тағзымға қойылған. Ол жайлы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» «Сағадат Нұрмағамбетов. Соңғы сұхбат» атты фильм түсірген болатын. Бұл фильм 2016 жылы Севастопольде өткен ХІІ Халықаралық деректі фильмдер мен телебағдарламалар кинофестивалінде үздік портреттік очерк сыйлығын жеңіп алған.
Әскери адамды бойынан, жүріс-тұрысынан бірден аңғаруға болады. Маңғаздана денесін тік ұстаған офицерге кім болмасын біреудің алдында бас иген жараспас. Оның әр минуты санаулы және өз шенін құрметтейтін офицер қандай жағдайда болмасын кешікпейді. Көп сөйлемейтін, шешенсуден аулақ генерал сұқбат кезінде өзі белгілеген бағытынан бір рет те таймады, әңгімесінің тоқ етерін ғана айтып, журналистердің арандатушылық сұрақтарына да бой алдырмады. Тәртіпке үйренген ол редакцияның қоқырсыған шкафына өзінің генералдық шинелін іліп жатып: “Сендерге старшина болғанда мына жерді тәртіпке келтірер еді!”, — деді ренішті үнмен. Отан алдындагы борышына асқан адалдықпен қараған ол Орта Азия әскери округінің ең беделді басшыларының бірі бола тұрып, өзінің ағайын немересін Ауғанстанға соғысқа жіберді… Ал өзінен шені төмен офицерлер болса, өтірік-шыны аралас сылтау келтіріп, өз жақындарын әскер қатарынан алып қалып жататын. Өкінішке орай, қатардағы жауынгер Кеңес Нұрмағамбетов дұшмандардың оғынан қаза болып, отбасына шайқас алаңынан осымен екінші рет суық хабар келді. Біріншісі — баяғыда қырық бірінші жылы келген болатын. Ол кезде Кеңестің атасы және Сағадат Қожахметұлының жалгыз ағасы (қатардағы жауынгер Сағит Нұрмағамбетов) Псков түбінде із-түзсіз жоғалды. Сағит қарапайым еңбеккер болды, шахтада, онан кейін колхозда жұмыс істеді, – деп еске алды генерал. – Соғыс басталысымен, ол артына жары мен екі баласын қалдырып, майданға аттанды. Жолда кетіп бара жатып екі хат жолдап үлгерді. Бірінші хатында түн қата Мәскеуден өткенін жазса, екіншісінде – Псков маңында алғашқы ұрысқа кіріскендерін, күн қақап тұрғанын айтқан… Бұл 1941 жылдың соңы болатын. Онан кейін хабарсыз кетті. Бейбіт күнге қол жеткеннен кейін де мен ең болмаса жерленген жерін таппақ болып, қаншама іздеу салдым, бірақ… бәрі нәтижесіз болды. Соғыстың сұрапыл күндеріндегі жағдайды өздеріңіз де білесіздер, Сағитым қай жерде қалғанын қалай іздерсің… Егер ашығына келсек, Нұрмағамбетовтар отбасының кіші ұлы әскери қызметке баруды еш жоспарламаған. Сағадат армия генералы болуды емес, география және тарих пәнінің мұғалімі болуды армандаған. Бұл пәндерге деген ықыласы ерекше болатын! Жұмулы көзбен ол әлем картасынан кез келген жерді көрсетіп бере алатын. Сол кезде картаны көрсеткіш таяқшамен емес, Еуропаны жаудан азат ете отырып, барлық қала мен даланы өзі жүріп өтетінін, кейіннен жас мемлекет үкіметінің мүшесі ретінде бүкіл әлемді шарлайтынын білді дейсің бе?.. Қырық бірінші жылы соғыс оның мұғалім болсам деген арманына тосқауыл қойды. Соғыс, әскер, әскери іс… Оның бүкіл өмірінің мәніне айналған іс. Майданға жазылу үшін келген мұрты шықпаған бозбалаларға әскери бөлімшедегілер: “Алдымен мұрындарыңды сүртіп алыңдар!”— деп күлкі ететін. Бірақ зерек Сағадатты бірден байқап, саяси ағарту қызметкерлері курсына жіберді. Келесі жылы әскери училищеге бөлді. Оқу тез қарқынмен жүрді: соғыс өз дегенін істетті. Келесі жылы Ақмола облысының Қосым ауылынан шыққан кешегі бала өзінің пулеметшілер взводымен Солтүстік Кавказдағы Курка өзеніндегі неміс қорғанысын талқан етті. Қайтпас жүректілік пен қырағылық, ағасының өлімі үшін кек алу сезімі мен әрбір солдаттың өмірін сақтап қалуға деген қамқорлық, үлкен жауапкершілік пен балалық қызбалық оның бойында араласып, өзгелерді тыңдатуға мәжбүрледі. Донецкіге өткен бойда-ақ ол пулеметшілер ротасын басқарды. Днепрді алды, онан соң Украина, Бессарабия, Белоруссия, Польшаны азат етті… Берлинге ол комбат болып кірді. “Батяня-комбат” деген ән сөздері есіңізде ме? Ол болса жасы жиырмадан жаңа асқан батяня?! Ал батальонда 3 атыс ротасы, пулеметшілер ротасы, артиллериялық батарея, шаруашылық взводы… Барлығы 250-300 адам. Адамдар, қару-жарақтар мен танкілердің үлкен тобын жас комбаттың бір ғана сөзі қозғалысқа келтіретінін елестете аласыз ба? Сіз оның орнына сіздің қамқорлығыңызды қажет ететін бозкүйек өз балаңызды қойып көріңізші. Бірақ біздің де ұлдарымыз өзге қиын шыңдарды алуда. Тек заман басқа және армия да бұрынғыдай емес. Армия бұрынғысындай қалды. Талап та бұрынғыдай, тек күшеймесе азайған жоқ. Армиядағы басты қағида — дара басшылық. Барлығы заңға, тәртіпке бағынуы керек. Жаттығу алаңында, мәселен, уақыт секундқа дейін есептеліп қойылған. Оның өз мөлшерлері бар: 10-15 секунд — оқ атылады. Уақытты жіберіп алдың ба — өлгенің. Бұл біреудің әпербақандығы немесе назы емес. Аман қалу заңы. Әскери адам уақытты бұлжытпай естіп, өлімге немесе жеңіске апарып соғатын қауіп-қатерді дөп басуы тиіс. Генерал Нұрмағамбетовтың әскери ерліктерін тізбектемесек те болады. Олар туралы жеткілікті түрде жазылып жүр. Кейіпкеріміз туралы, дәлірек айтқанда, Отанымыздың тарихына айналған жан туралы білгісі келетіндерге көптеген әскери естелікнамаларға, оның ішінде “В памяти нет тишины” және “Мой передний край” деп аталатын оның өз кітаптарына бағыт сілтейміз. Бейбіт уақытта да Сағадат Қожахметұлы алдыңғы қатарда болды. Қазақстандағы әскери құрылым оның қатысуынсыз болмады. Тарих пәнінің мұғалімі болу бұйырмаса да, ол өзінің ерекше тағдырымен республиканың әскери басшыларының тарихын құрып берді. Бүгінгі таңда генерал Нұрмағамбетов отставкада болғанына қарамастан әскери иерархияның ең жоғарғы сатысында. Өмір тәжірибесі отставкаға кетпейді. Ол кітаптар жазады, жастармен кездесіп, ел мен армияның тағдыры туралы толғанады. Өмірінің ең үлкен кезеңі — 1942 жыл мен 1996 жыл аралығын ол әскери карьераға арнады. Тамаша офицер — тамаша карьера. Ол жас тәуелсіз мемлекеттің Қорғаныс министрлігін құрған түңғыш жан болды. Әрине, бос орыннан емес, армия өмір сүрді, бірақ … қазақтар арасынан бірде бір полк командирі болмады, әскери училищеде небәрі екі әскери мамандыққа оқытты, орасан зор материалдық-техникалық ресурстарды ысырап ету, жақсы кадрлардан айырылу қаупі болды. Бәрін бір уыстың астында ұстау, бәрін орнықты қолдану, әскери машинаны қозғалысқа келтіру үшін ерлік, ерік-жігер, дәл осындай әскери басшының тәжірибесі қажет болды. Ол қазіргі армияның өзекті мәселелері туралы неге онша ашылып айтқысы келмегенін, әскери формадағы жемқорлық туралы тіпті ойлауға да ерік бермегінінің сырын ұқтым. Ол үшін армияның ар-ұжданы — қаншама жылдар бойы термен келген өзінің ар-ұжданы.
Батырдың балалық шағы. Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылы қазіргі Ақмола облысы Ақкөл ауданы Қосым ауылында туған, үйдің кенжесі. Әкесі – Қожахмет, анасы – Айса, ағасы Сағит. Сағадат дүние есігін ашуға бір ай қалғанда әкесі Қожахмет өмірден озады. Айса жалғыз қалып, екі ұлын асырау үшін бар күшін салады. Алайда елiмiздi ашаршылық жайлаған 1932 жылы Сағит пен Сағадат отбасының тірегі болған аналарынан айырылып, тұл жетім қалады. Ол кезде Сағадат бар-жоғы 7 жаста еді. Сағадат үшін жалғыз ағасы Сағит әке де, шеше де болады. Бірақ сұм соғыс ағасын да көп ұзатпай майдан даласына алып кетеді. Ол ағасын жанындай жақсы көрген екен. “Ағам шымыр денелі, жұдырығы тоқпақтай, қой көзді, анама ұқсайтын еді”, – дейді Сағадат Нұрмағамбетов. Алайда Ұлы Отан соғысына аттанған оның жалғыз ағасы Новгород түбiндегі шайқаста қаза табады. тбасынан айырылған Сағадат Нұрмағамбетов ерте есейіп, жастайынан алғыр, өжет болып өседі. Туыс атасы Әлжан айтқан Қобыланды батыр, Алпамыс батыр туралы жыр-дастандарды сүйсіне тыңдайды. Ол Ақкөл ауданындағы (бұрынғы Алексеев) мектепте оқыған. Екі сыныпты бір жылда бітіріп, зеректігімен ерекшеленеді. Сағадат география және тарих пәнінің мұғалімі болуды армандаған. “Жұмулы көзбен ол әлем картасынан кез келген жерді көрсетіп бере алатын”, – дейді батырдың замандастары естеліктерінде. Сағадат Қосым ауылында соғыс жылдары есепшi, клуб меңгерушiсi қызметтерін атқарады. Сағадат Нұрмағамбетовтің ерлігі. 1942 жылдың шiлде айында 18 жаста кеңес әскер қатарына қабылданып, Түрікменстанда пулеметшiлер дайындайтын училищенi үздiк аяқтайды. Кейін взвод командирi ретiнде майдан шебiне аттанады. Кубань, Дон, Молдавия жерлерiнде, Одер, Шпрее өзендерiнiң бойында жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысады. 1945 жылы 17 қаңтарда Нұрмағамбетов Польша жерiнде жау қорғанысын бұзып өту кезiндегi жауынгерлiк тапсырманы ержүректiлiкпен орындайды. Магнушев плацдармында болған шайқаста ол басқаратын пулемет ротасы 2 күн ішінде 120 фашист пен 12 пулемет орналасқан орынның көзін жояды. Варшава қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан Магнушев қаласын жау әскерінен тазарту кезінде Нұрмағамбетов әскерлерді сауатты басқара білуімен көзге түседі. Шайқастардың бірінде станокты пулемет дәлдеуіші істен шығады. Соған қарамастан Нұрмағамбетов пулеметті қолына алып, жау әскеріне оқты қарша боратады. Осылайша, ол фашистердің 2 жойқын шабуылына тойтарыс беріп, 65 фашист әскерін өлтіреді.
Нәтижесінде Сағадат Нұрмағамбетов басқарған рота Польшаның Пилица өзенінен өтеді. Онда рота 35 жау әскерін өлтіріп, 6 пулемет орналасқан жердің көзін жояды. Осылайша, оның ротасы кеңес әскерінің алға жылжуына мүмкіндік жасайды. Сенаттың бұрынғы төрағасы, қазіргі Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шайқастарды кеңес әскерінің қолбасшысы Георгий Жуков өзі бақылағанын айтады. “Нұрмағамбетов қатысқан ұрысты Кеңес одағының маршалы Жуков бақылапты. Ол Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес одағының батыры атағын беруге ұсынады. Бұл нақты ерлік еді”, – дейді ол “Долг, Честь, Подвиг Сагадата Нурмагамбетова” атты деректі фильмде. Осылайша, 1945 жылдың 27 ақпанында 21 жасында Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес одағының батыр атағы беріледі. Марапаттау рәсімін қазақтың батыры былайша еске алады. “Медальдарды армия қолбасшысы жеке өзі табыстады. Ол кеудемізге “Ленин” ордені мен “Алтын жұлдызды” тақты. Бізді шынайы ниетімен құттықтады. Толқынысымды жасыра алмадым. Қазақтың жетім баласына мұндай зор құрмет көрсетілгеніне сене алмадым. Әкем мен анам, Сағи ағам, отандастарым бұл жетістігімді көрсе екен деп ойладым”, – дейді ол өз естелігінде. 1945 жылдың 8 мамырда Нұрмағамбетов екінші рет Кеңес одағының батыры атағына ұсынылады. Оның батальоны рейхсканцелярия ғимаратына жасалған шабуылға қатысады. Ол бұл уақытта майор атағымен атқыштар дивизиясын басқарады. 1945 жылы Берлинде Нұрмағамбетов 100-ден аса Гитлер әскерінің көзін құртып, 9 фашист бекінісін жояды, әрі 1560 жау әскерін тұтқынға алады. Осы шайқаста Нұрмағамбетов бірінші рет жараланады. Алайда қазақ сарбазына екінші мәрте Кеңес Одағының батыры атағы берілмейді.
“Ол 500-ден астам фашистің көзін жойды. 1 мыңнан астам жау әскерін тұтқынға алды. Пешков есімді полк командирі Нұрмағамбетовке екінші рет Кеңес одағы батыры атағын беруге ұсыныс жасайды. Бірақ Сағадат ағамыз бұл атақты ала алмай қалды”, – дейді мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев Нұрмағамбетовке арналған деректі фильмде. 1945 жылдың 31 мамырында Сағадат Нұрмағамбетов Қызыл ту орденімен марапатталады. Қазақтың қаһарман жігіті соғысты Берлинде аяқтады. Ол 1946 – 1949 жылдар аралығында Мәскеудегi Фрунзе атындағы Әскери академияны бітіріп, Орта Азиядағы Түркiстан әскери округiне полк басқаруға жiберiлдi. Кейін әртүрлi штабтық, командалық лауазымдарда, оның iшiнде Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округi қолбасшысының орынбасары, Оңтүстiк топ әскерлерi қолбасшысының бiрiншi орынбасары (Венгрия) қызметiн атқарды. КСРО Қарулы Күштерi Бас штабының академиясындағы курстарда білім алды. Ал 1989 жылы Қазақ КСР соғыс және еңбек ардагерлерi кеңесiнiң төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесiндегi ардагерлер мен Қарулы Күштер мүгедектерi iстерi комитетi төрағасы қызметтерiн атқарды.
Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі. Қазақ елі тәуелсіздігін алған соң, ол туған елінің қауiпсiздiгi мен қорғаныс саласын нығайтуға бар күшін салды. Оған батырдың жазып қалдырған естеліктері дәлел. Ол 1991 жылы Қазақстан президентiнiң жарлығымен мемлекеттiк қорғаныс комитетiнiң төрағасы қызметіне кіріседі. “Мен 1991 жылы Қорғаныс комитетінің төрағасы болдым. Қарулы Күшіміз әлі құрылмаған. Сол кезде кадр мәселесі төңірегінде ойлана бастадық. Себебі өзге ұлттың өкілдері елдеріне кеткісі келді. Оларды ұстап тұра алмайсың. Сол тұста жеке-жеке шаңырақ құрған республикалар өз жеріндегі әскерилерге “Ант қабылдаңдар. Қабылдамасаңдар, кетіңдер” деп өз елдерінің антын қабылдатып жатқан-ды. Біз президентпен кеңесіп, елде қалған әскери қызметкерлердің бетін бері бұрдық”, – дейді Нұрмағамбетов өз естелігінде. 1992 жылғы 7 мамырда Сағадат Нұрмағамбетов қорғаныс министрi болып тағайындалды. “Тәуелсіздік алған кезде елдің әскерін басқаратын бір генерал іздеп, жалғыз Нұрмағамбетовты таптым”, – деп еске алады сол кезді Қазақстанның тұңғыш президенті. Нұрмағамбетов қорғаныс министрі қызметіне тағайындалған соң, сапалы әскери мамандарды даярлауға бар күшін салады. “Жаңадан құрылғалы тұрған Қарулы Күшімізге қажетті мамандарды “қайда даярлаймыз?” деген сұрақ туындай бастады. Сонда біз қайттік, Ресейдің Бас штабымен республикаға кадр дайындау жөнінде шарт жасастық. Ресей әуелі келісім бере қойған жоқ, біз түгілі Украина мен Белоруссияны да жолатпады. Не керек, түбінде келісімге келіп, жыл сайын 40 офицерді әскери академияға, 250-300 офицерді әскери училищеге оқуға қабылдайтын болды. Менің жіберген сол офицерлерімнің көбі қазіргі кезде генерал шенін алып, жоғары лауазымдарға ие болып отыр. Академияларға оқуға қазақтың офицерлерін іріктеп, елдің мүддесі үшін қызмет етер, қол бастар деп жібердім. Үміт ақталды”, – дейді Халық Қаһарманы.
Сонымен қатар ол естелігінде егемендіктің алғашқы жылдарында Алматыдағы әскери училищеге сол кездегі подполковник, қазіргі мәжіліс депутаты Абай Тасболатовты басшы етіп тағайындағанын жазады. “Оған “Жігіттерді өсіресің және қазақтың баласын аласың” деп міндет жүктедім. Қазір онда 95% қазақ жігіттері оқиды. Әскери училищеде бұрын төрт мамандық болса, қазіргі уақытта оның санын 11-ге жеткіздік. Осының барлығы кадр даярлау мәселесі төңірегінде атқарылған істер еді”, – дейді ардақты азамат. Ал Абай Тасболатов өз ұстазының бұл еңбегін жоғары бағалайды. “Қан майданға бозбала боп аттанып, жиырма бір жасында Кеңес Одағының батыры атанған майдангер, министр әскер ісін ұйымдастыруда кіші офицерлер легін дайындап шығаруға басымдық берді. Осы сөзімізге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында офицерлік құрам санатында “кіші лейтенант” шені қолданыста болғаны дәлел. Бұл соғыс жылдарында жауынгерлік құрамының үздіксіз легін қамтамасыз ету әдісі еді десек, Сағадат Нұрмағамбетов тап осы үлгіні тәуелсіз Қазақстандағы әскери саланың нығаюына сәтті пайдаланып, тиімді реформа жүргізе білді”, – дейді Тасболатов “Сағадат Нұрмағамбетов. Сыпайы генерал, шын сардар” атты мақаласында. Сонымен қатар Тасболатов ұстазының мінезі жайдарлы, ісіне адал болғанын айтады. “Сағадат Қожахметұлының қарамағындағы қызметкерлерге тапсырма беріп, орындалуын талап еткенде, оның табандылығында шек болмайтын. Осы бір тұста Сағадат ағамыздың зейіні зерек болғандығын да атап өтпеске болмайды. Өйткені ол қызметте жүрген жылдарында да, зейнеткерлікке шыққан кезеңінде де қарамағында қызмет еткен офицерлердің барлығының дерлік аты-жөні мен әкесінің есіміне дейін жатқа біліп, туған күндерінде арнайы қоңырау шалып құттықтап жатуы көптеген кісінің таңданысын тудыратын һәм көңілдерге риясыз қуаныш сыйлайтын еді”, – дейді ол. Кеңес одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлы Сағадат Нұрмағамбетовті “сыпайы генерал” деп еске алады екен.
1994 жылдың 23 мамырында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетовке Халық Қаһарманы атағы мен №1 “Алтын Жұлдыз” табыс етiлдi. 1995 жылғы қарашада армия генералы атағымен отставкаға шығып, Қазақстан президентiнiң кеңесшiсi болды. Сағадат Нұрмағамбетов 1971 – 1994 жылдары республика Жоғарғы Кеңесiне бiрнеше мәрте депутат болып сайланды. Үкiмет қаулысымен Астана қаласындағы “Жас ұлан” мектебiне армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтiң есiмi берiлдi. Оның жауынгерлiк және қайраткерлiк өмiр жолындағы ерлiктерi мен еселi еңбектерi жоғары бағаланып, көптеген КСРО наградаларымен, Қазақстанның және шет елдердiң ордендерiмен марапатталды. Сондай-ақ Сағадат Нұрмағамбетов Алматы, Астана, Донецк (Украина) қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының құрметті азаматы атанды. 2013 жылдың 24 қыркүйегінде Сағадат Нұрмағамбетов 90 жасқа қараған шағында өмірден озды. Оның артында Лира Сәбирова есімді әйелі, Талғат пен Айсұлу есімді балалары мен 4 немересі қалды. Отан үшін от кешкен батырдың жарқын бейнесі халықтың жадында мәңгі сақталады.