Tuesday, November 26

Жүйнекте мақта Қытай технологиясымен егіледі

0
110

Жетісайдағы «Керімхан» шаруа қожалығының (жетекшісі Мұрат Құрбанов) иелігінде 160 гектар егістік алқап бар. Кәсіпкер былтыр оның 10 гектарына қауын еккен. Ал, алқаптың қалған 150 гектарына мақтаның «Сұлтан» сортын егіп, әр гектардан орта есеппен 31,5 центнерден өнім алған.

Нәсібін адал еңбекпен тапқан кәсіпкер биыл да ерте көктемнен қамданған. М.Құрбанов биыл 100 гектарға мақтаның жергілікті «Мақтарал 50/27» сортын, 40 гектарға «Сұлтан» сортын, 20 гектар алқапқа Қытай елінен әкелінген сортты еккен.
– Мақтаны жаңа әдіспен егіп, сапалы әрі мол өнім алуды көздеп отырмыз. Әзірге тәжірибе алып, үйреніп жатырмыз. Қызығушылық танытып отырғандар көп. Тамшылатып суарудан су үнемделеді. Жалпы, бұл жан-жақты тиімді тәсіл, – дейді шаруа.
Жетісай ауданында өткен жылы 79273,4 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген болатын. Оның 45 167,4 гектары мақта, 3317,2 гектары көк-өніс, 182,7 гектары картоп, 18 780,3 гектары бақша өнімдері. Қалғаны мал азықтық және дәнді дақылдар. Ал, биыл оларға қоса дәндік жүгері мен күріш егу жоспарланған.

* * *
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында құрғақшылық пен су тапшылығы проблемасын көтеріп, су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізуді тапсырған болатын. Осы мақсатта облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасы бойынша арнайы делегация Қытай Халық Республикасына іссапармен барып, инвесторлармен келіссөздер жүргізді. Келісім негізінде Сауран ауданында тамшылатып суару әдісімен мақта егу жұмыстары басталды.
Жуырда Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров егін алқаптарын аралап, ондағы жұмыс барысымен танысты. Мәселен, бүгінде Жүйнек ауылдық округіне қарасты 133 гектар алқапқа ЖК «Датқа» шаруа қожалығы мен Қытай Халық Республикасының «Чжунхорун» компаниясы бірлесіп су үнемдеу технологиясымен мақта егуде.
Бүгінде серіктес компаниямен келісімшарт түзіліп, арнайы техникалар сатып алынған. Алқапқа ауыл шаруашылығы техникалары, дән сепкіш құрал-жабдықтар мен тамшылатып суару технологиясының кешені жеткізілген. Аудандағы егін алқаптарында 5 тік дренажды ұңғыма қазылып, электр бағаналары орнатылды. Алдағы уақытта 133 гектар жерге мақта егілген соң, ары қарай жер үсті шлангаларын төсеу жұмыстары жүргізіледі.

Leave a reply