КЕРЕК ДЕРЕК: ҚАЖЫМҰҚАН «АЛАШОРДАШЫЛАРДЫҢ» ДЕМЕУШІСІ БОЛҒАН
Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай Қажымұқанның «Алашордашылардың» рухани демеушісі болғанын алға тартады. «Қажымұқан – «Алашордашылардың» рухани демеушісі. Сондай-ақ, ол кісі «Алашорданың» барлық жиындарына қаржылай көмек берген. Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов сияқты тұлғалармен өте тығыз қарым-қатынаста болған. 1905 жылы «Алаш» идеясымен таныстыру үшін Қажымұқан Қоянды жәрмеңкесінде өнер көрсеткен. Қажымұқанның өнерін көреміз деп жиналған жұрт петицияға қол қойған. Сондай-ақ, 1914 жылы Омбы, Семей қалаларында Алаштың кеңестері өтер алдында міндетті түрде Қажымұқан қатысып, өнер көрсететін болған. Бұл – «Цирктің әртісі Қажымұқан өнер көрсетті» деп, жандармерияға алаштықтардың басқосуын көлегейлеу үшін де таптырмас себеп болыпты. Қажымұқан өнер көрсетіп тапқан қаржы-қаражатын «алашордашыларға» беріп отырған болса керек», – дейді алаштанушы. Қажымұқан өмірінің жиырма жылдан астам уақытын Омбы қаласында өткізген. Бәлкім, ол Алаш зиялыларының жанына жақын жүруді мақсат тұтқан болар. Алаштықтар қуғынға түскенде, Қажымұқан оңтүстікке қарай қоныс аударған екен.
ПАЛУАННЫҢ СЕРІЛІГІНІҢ ӨЗІ БӨЛЕК ӘҢГІМЕ
Филология ғылымының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың «Қазақтың Қажымұқаны» атты жинаққа енген естеліктерінің арасында «Өз аузынан естігендерім» атты бөлімінде палуан атамыздың серілігі туралы жазбасы бар.
«Халық арасында Қажымұқанды тек алапат күш иесі ретінде ғана танып, палуанның серілік қасиеті мен әншілік өнерін, мақалдап сөйлейтін ерекшелігін, орынды қалжыңдаса білетін қасиеттерін біле бермейді. Ал қара сөз бен ұстамды әзілге Қажекеңдей ұста адамды сирек кездестірдім. Қисапсыз көп әңгімелер, мақал-мәтелдер, ел аузындағы шешендік сөздерді әңгімесіне қосып, орынды пайдаланатын. Әзіл үстінде біреуді отырғыза салуға да ұста еді. Қажекең көптеген аты шулы өнер саңлақтарымен, әсіресе Мәшһүр Жүсіп, Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Мәриям, Жагорқызы, Майралармен бірге болған кездерін қызықты әңгімелеп, еске алып отыратын. Сөз арасында мен Иманжүсіп жайында сұрап едім, Қажекең оны жақсы білетінін айтты. Имекең біздің ағамыз болады, жасымда үйінде талай болғаным бар. Ұзын бойлы, қапсағай келген, тұлғалы адам еді. Осы жайды естіген Қажымұқан өзінің көрген-білгендерін айта келіп,: «Ол балуан ғана емес, батыр еді ғой» деді. Өзінің Балуан Шолақпен ұстасқанын да жыр қылып айтып берді. Қажекең оны аға тұтып, қатты сыйлапты. Қажымұқанның әншілік өнері де болатын. Ол көбіне «Бөрібай», «Құлагер»,
Майраның әндерін айтатын. Ол әндердің бірі серілікке байланысты болса, бірі қазақтың терме сөздері, терең мағыналы толғау болатын.
Бір күні оның үйіне көптен төбе көрсетпей жүрген колхоз мұрабы Иса Төлепбергенұлы келді. Жасы 65-тің үстіне шыққан қу тілді, әзілқой адам екен. Батырға олжа түссе жақындап, жайшылықта есігін аттамаса керек. Менің бірнеше күннен бері жатқанымды естіп келіпті. Алғаш балуан оған кейістік білдірсе де, Иса оның бетін бері қаратып, істің бәрін орнына түсірді.
Қажекең қазақы мінезді, табиғаты кең пейіл адам болатын. Біреуге сенім артса, оған шаң жуытпайтын. Бір рет өтірік айтқан адамға қайтып сенбейді. Батырларға тән аңғалдық та бар. Көңілді отырған кездерінде өзінің жастық шағын айтып, бір серпіліп қалатын. Қуаныш-жұбанышы бірдей, ақжарықын, ашуы да кем емес. Ертеректе ағамыз Иманжүсіптің ауылында жиі болушы едім. Оның сөзі билер сөзіне жуық болатын. Билік айтар болса «ана – балаға, бала – анаға», «ерсіз елдің күні жоқ, елсіз ердің күні жоқ» деп жебелеп сөйлейтін. Соның үлгісін мен Қажекеңнен көрдім. Әттең ол кісінің сөзін магнитофон лентасына да түсіре алмаппыз»,- дейді автор.
ЖЕТПІС ЖЕТІ ЖАСЫНДА ДА ӘКЕ БОЛҒАН ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ ҰРПАҒЫ ҚАЙДА ЖҮР?
Қажымұқанның әйелдері мен ұрпағы жөнінде де түрлі деректер айтылады. Немересінен естіген дерегіміз мынадай:
«Қажымұқан атамыздың төрт әйелі болған. Олардан үш ұл, бір қыз өсіп-жетілген. Атамыздан туылған балалардың ешқайсысы қазір дүниеде жоқ. Бірақ, немере-шөберелері көп.
Атамыздың бірінші әйелі поляк қызы. 1909 жылы Рига қаласында цирк труппасында жұмыс істеп жүрген кезінде танысқан. Надежда Николаевна Чепковковская деген анамыз циркте акробат болыпты. Екеуі мұсылман діні бойынша некелесіп, атын Бәтима деп өзгерткен. Бәтимадан Халиолла деген ұлы бар. Бүгінде ол кісіден тараған ұрпақтары Ресейдің Омбы қаласында тұрады.
Екінші әйелі – қазақ қызы Ырысты. Ол кісіден Әзия деген қызы бар. Бүгінде жалғыз қызынан тараған жиендері Қызылорда облысында.
Үшінші әйелі Мінәйімға 1936 жылы үйленген. Ол әмеңгерлік жолмен алған өзінің жеңгесі. Жақын туыс ағасы қайтыс болғанда, салт бойынша Қажымұқан атамызға қосыпты. 1939 жылы Мінәйімнен Айдархан деген ұлы туылған. Біз Айдарханнан тараған ұрпағымыз. Нұрлан, Шаттық деген екі бауырым бар дейді.
Төртінші әйелінің есімі – Бибіжан. 1948 жылы Қажымұқан атамыз қайтыс болатын кезде Жанәбіл деген кенжесі дүние есігін ашыпты. Атамыздың жасы ол кезде 77 жаста болыпты.
2001 жылы қайтыс болған кенже ұлы Жанәбіл бар ғұмырын спорт саласына арнаған. Шаттық деген немересі каратэ-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бүгінде Шымкент қаласында карютэмен айналысатын спортшы жастарды жаттықтырады. Қажымұқан атамыздай қара күштің иесі болған ешқайсысы жоқ әзірге».
Орайы келген соң айта кеткеніміз жөн болар. Күш атасы Қажымұқан мен «Чемпиондар чемпионы» Поддубный күрескен бе? Бұл сұраққа өткен тарих не дейді? Бір деректе Жапонияда екеуі бірін бірі ала алмай бірнеше күн күресіпті. Ал 1913 жылы Парижде өткен әлем біріншілігінде Қажымұқан достықтың белгісі ретінде, Иван Поддубныйға жеңісін сыйлап та жіберген.
Қажымұқан Мұңайтпасұлының кіндік баласы Рахат Барысұлының дерегіне сүйенейік: «…Берлинде болуы керек. Халықаралық турнир ғой. Екеуі жеңіп шыққан. Поддубный мен Қажымұқан. Қарсылас қалмайды. Бәрі екеуі күрессін дейді. Ең бірінші Қажымұқан оны аяғынан көтеріп, мойнына отырғызып, аренаны бір айналып келіп жерге қойған. Поддубный да солай істеген. Халық тұрып, екеуіне қол соққан».
Қажымұқан боз кілемге шыққан кезде «мен өз ұстазыммен күреспеймін», деген. «Онда залдан шық», десе, «Залдан шықсам шығайын, бірақ күреспеймін», деген. Сонда Поддубныйдан сұхбат алыпты. Ол «Қажымұқанның күші менен басым», деп жауап беріпті. Жоғарыдағы пікірді баспасөз бетінде айтқан Қажымұқан Мұңайтпасұлының шөбересі Қуаныш Ескермес. Жалпы Қажымұқан досын ылғи «Ваня» деп сыйлап өтіпті. Поддубный соғыс біткен жылдары аштан, таршылықтан дүние салған дейді деректерде. Өмірден өтер шағында: «Қазақстанда Қажымұқан деген досым бар еді, соған апарыңдаршы», – депті.
Боз кілемде талай мәрте қарсылас болса да заманында екі балуан айнымас дос болған деседі.
Қажымұқан кәсіпқойлар арасындағы классикалық күрес бойынша әлем чемпионаттарында бірнеше дүркін (1908, 1909, 1911, 1913 және 1914 жылдары) жеңіске жеткен.
Ол поляк қызымен отау құрған. Омбыда мешітке апарып, оған Бәтима деген ат беріп, мұсылман дініне кіргізген. Қажымұқанның әр түрлі уақыттарда төрт әйелі болған, олардан төрт ұлы (Халиолла, Ғабдолла, Айдархан, Жанаділ) және үш қызы (София, Азия және Рашида) бар. Сол төрт әйелден тараған ұрпақ қазір Омбыдан бастап, Ақмола облысында, мынау Түркістан мен Шымкентте өмір сүріп жатыр. Қажымұқан немересі Шаттық Қажымұқанов карате-до бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2002 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері. Бақытжан Қажымұқанов атты басқа немересі белгілі композитор.
Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай Қажымұқанның «Алашордашылардың» рухани демеушісі болғанын алға тартады. Сондай-ақ, «Алашорданың» барлық жиындарына қаржылай көмек берген екен. Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов сияқты тұлғалармен өте тығыз қарым-қатынаста болған.
Бүгінде Түркістан облысында Қажымұқан турнирі 1964 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді.
Еліміздің иделогия саласында жемісті жұмыс істеп жүрген ұлт жанашыры Дархан Мыңбай Қажымұқан кешені – ел борышы екенін айтады.
Дархан Қамзабекұлы айтады: – Қазақстан Үкіметі ұлт және әлем спортының біртуар тұлғасы – Қажымұқан мұрасына шын жанашырлық танытса, жақында Ұлттық Экономика министрлігі қабылдаған шешімді өзгертуге тиіс деп ойлаймыз.
Қазақ елінің атын әлемге танытқан тұңғыш кәсіпқой балуанымыздың, күш атасының 150 жылдығына орай ашылуға тиіс мемориалдық кешен құрылысы аяқталмай қалғаны былай тұрсын, биыл басымдық берілетін обьектілер қатарынан сызылып тасталғаны хабарланды.
Бұл – тәуелсіздігінің отыз жылын атап өткен елімізге, әруақ сыйлаған дәстүрімізге сын. Әйтпесе, тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, өзі тірнектеп жиған қаражатқа әскери ұшақ жасатып, фашизмге қарсы соғысқа үлес қосқан қазақтан шыққан алғашқы әлем чемпионы
Қажымұқан Мұңайтпасұлы бабамызға бәріміз жабылып бір кешен сала алмағанымызға не жорық?
Оның үстіне балуан атындағы кешен бүкіл спортшыларға, жалпы қазақ спортының тарихына арналуға тиіс еді. Құрылысы жарты жолда тоқтап қалған музей кешенге Қажымұқан баба мәңгілік орнын тапқан жердің іргелестігі ескеріліп, туризм саласын дамытқалы отырған Түркістанға жақын аудан аумағынан, Батыс Қытай – Батыс Еуропа күре жолының бойынан арнайы бес гектар жер бөлінгені оңтайлы болатын.
Тіпті, ғимараттар орны қазылып, іргетастары қаланып, облыстық бюджеттен бөлінген 30 млн. теңге қаржы игеріліп те қойған. Бүгінде қаржы жетпіспеушілігінен өзге жұмыстар қаңтарылып тұр. Жобадағы мемориалдық кешен үш бөліктен құралған Амфитеатр түрінде жобаланған спорттзал ауылдық, аудандық, облыстық және республикалық деңгейлерде күрестің кәсіпқой және олимпиадалық түрлері – еркін күрес, дзюдо, қазақша күрес пен самбо күрестерінен жарыстар өткізуге мүмкіндік туғызбақ. Арнайы залдардың бәрі қисынды қарастырылған. Сондай-ақ халқы тығыз орналасқан ауданда жұмыс орнын ашып, табыс табуға есептелген қонақ үй, асхана, конференц зал, заманауи шағын көрме залы, кітапхана, жәдігер, кітап қорын сақтайтын жайлар да көзделген.
Осы мақсатқа 2022 жылға “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша 511 млн. 988 мың теңгеге қаржы қарауға өтінімді Ұлттық экономика министрлігінің қолдамай тастағаны ел бесігінде тұрып жатқан жергілікті тұрғындар арасында түсінбестік туғызып отыр. Мұны халық үніне құлақ асатын мемлекеттік органның жауабы деуге әсте болмас.
Шындығын айтсақ, қазақ елінің даусыз мақтанышы – Қажымұқанға бәріміз борыштармыз. Ол ең әуелі өзімізге керек. Ұлтымыздың намысын ешқашан жықпағаны үшін, дүниенің төрт бұрышында жүріп, еліміздің рухын асқақтатқаны үшін атын құрметтеп, ұлықтауға міндеттіміз. Біз мемориалдық кешенді қаржылай қолдауға, қажет болып жатса құрылысын өз мойнына, жеке жауапкершілігіне алуға әзір іскер азаматтар елімізде табылатынына сенеміз. Осындайда қазақтың даңқты перзенті, марқұм Жақсылық Үшкемпіровтің “Қазақстанның Еңбек Ері” атағын алып тұрып, Тұңғыш Президентке айтқан сөзі ойға оралады. Ол:
“Менің бір арманым бар. Осы көп болса 5 мыңнан аса ауыл бар шығар. Соны қазақтың 5 мың жігіті көтеріп жіберсе, одан артық қандай бақыт керек. Мен соны ойлаймын” – деген еді.
Иә, Жақаңның осы арманы замандастарына, өзінен кейінгі буынға аманат болып қалғандай.
Құдайға шүкір, Қажымұқан бабамыздың жолын қуған Дәулет Тұрлыханов сияқты атақты спортшылар, белгілі кәсіпкерлер жоғарыда баяндалған жәйтті назардан тыс қалдырмайды деп есептейміз. Өйткені бұл, біріншіден, түркі жұртының рухани астанасы – Түркістан маңындағы Қазақ спортының музей-кешені болмақ. Екіншіден, батыр ата-бабамыздан қалған ұлттық рухты, намысты, биіктікті, спортшыға тән өзге де қасиеттерді бүгінгі ұрпаққа дарыту – бүкіл еліміздің, соның ішінде спорт майталмандарының азаматтық парызы.
Орынды сын деп ойлаймыз. Дегенмен, былтыр шілде айының соңында Ордабасы ауданына арнайы іс-сапармен ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков келді.
Сапар барысында вице-министр аудан әкімі Нұрбек Бадырақовтың жол бастауымен құрылысы тоқтап тұрған Қажымұқан Мұңайтпасұлының мемориалдық кешенінің құрылыс алаңының жоба-жоспарымен танысты.
«Министрліктің бюджеттік комиссия отырысында аталған мемориалдық кешен құрылысына қажетті қаржы мақұлданбай қалды. Ендігіде аудан әкімдігі тарапынан мемориалдық кешен жобасын спорттық комплекс ретінде қайта қарап, ұсыным берген жағдайда министрлік республикалық бюджеттен қолдау көрсетуге дайын», деді Бауыржан Бақытұлы.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойында орналасқан кешенге жиналған ауданның ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен спорт жанашырлары Қажымұқан ауылдық округіне ат басын бұрған вице-министрді Күш атасының атындағы кешенге қолдау көрсетуге шақырды.
Аудан басшысы Нұрбек Бақтыбайұлы бұл мемориалдық кешеннің аудан жастарының спортпен айналысуына таптырмас алаң екендігіне тоқталып, болашақ әлем чемпиондарын шығаруға, ұлт спортын ұлықтауға арналған инвестициялық жобаға салалық министрлік тарапынан қолдау көрсетілсе, – деген ойын айтып өтті.
Кездесу қортындысы бойынша аудан басшысы алдағы уақытта мемориалдық кешен жобасына құрылыс талаптарына сай қайта өзгерту енгізіп, Ұлттық экономика министрлігіне жолдайтындығын жеткізді.
Дұрыс-ақ! Ұлтқа тұлға, ұрпаққа үлгі болатын ұлыларымызға құрмет көрсететін сәт келді. Күш атасы – Қажымұқан атамыздың атындағы спорттық кешен аудан жастары мен тұрғындарының арманын орындайтын орынға айналып, туризмді түлете түседі деген сенім мол.
Әділ Айтөре