БӘЙДІБЕК: ЖИЕНҚҰМ АУЫЛЫ ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

0
91

Бүгін Бәйдібек ауданы, Бөген ауылдық округіне қарасты Жиенқұм елді мекеніне табиғи газ берілді.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов Бөген ауылдық округіне қарасты Жиенқұм елді мекені тұрғындарының қуаныштарын бөлісіп, құттықтау тілегін білдірді.

– «Ауданда ауқымды жұмыстар қолға алынып, түрлі нысандардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Ауданымыздың елді мекендерін табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Соның бірі өздеріңіз көріп тұрғандай елді мекенге көгілдір отын босатылып, қуанышты сәттің куәсі болып отырсыздар. Бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын!» – деді, Ерлан Заипұлы.

Қуанышты сәтте Жиенқұм елді мекеніндегі 147 тұрғын үй ендігі кезекте көмір тасып, күл шығармайтын болады деп ақ жаулықты аналар жүрек жарды тілектерін жеткізсе, ауыл қариялары аудан басшылығына алғыстарын білдіріп, баталарын берді.

Қазіргі таңда аудан көлеміндегі 11 елді мекенді газдандыру бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 5 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарына жоба әзірленіп, жоғары тұрған бюджеттен қаржыландыруға өтінімдері ұсынылса, 8 елді мекенге жеткізуші және ішкі газ тораптарының құрылысына жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде.

Leave a reply