ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫНА АҚСАҚАЛДАР БАСТАҒАН МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ҚАТЫСТЫ

0
65

Түркістан қаласының тұрғындары республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене атсалысып келеді. Бүгін кезекті рет облыс орталығында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Оған қаланың жанашыр тұрғындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтар қатысты.
Сенбілік іс-шарасы барысында қала аумағындағы 11 көшеде тазалық жұмыстары жүргізілді. Жолдардың бойы мен арық-атыздар қоқыстан тазаланып, шөптер орылып, ағаштар ретке келтірілді. Бұл жұмыстарға 800-ден астам адам қатысып, 22 техника жұмылдырылды.

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков Қазыбек би көшесінің, Кентау және Қызылорда тас жолы бойын аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Жаңа қала аумағында пайда болған қоқыс алаңдарының тазалануын да қадағалады.

Тазалық жұмыстарына ақсақалдар алқасы мен билер қауымдастығы да өз үлесін қосты. Ардагер ақсақалдар Т.Баялиев көшесінде тазалық жұмыстарын жүргізіп, көпке үлгі көрсетті. Облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов рухани астанада «Таза Қазақстан» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, аға буынның бұл игі істен алдағы уақытта да тыс қалмайтынын атап өтті.

Leave a reply