САУРАН: ТАРИХИ ЖӘДІГЕРЛЕРДІҢ ЖАНАШЫРЛАРЫ – АҒАЙЫНДЫ ТҰЯҚБАЕВТАР

0
78


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда: Алғашқы отырыс ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналдық. Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі.
Ұлы Жібек Жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар.
Біз елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа табыстаған бабалар рухына тағзым етеміз. Алайда өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет»,-деген болатын.
Түркістан төңірегінің тұрғындары ғана емес республиканың археологтары әсіресе зиялы қауым өкілдері ағайынды Қанат және Марат Қымызұлы Тұяқбаевтарды жақсы таниды. Себебі, бұл екеуі де археология мамандары. Бүгін осы Қанат Қымызұлы Тұяқбаевтың өмірбаянына тоқталайық. Себебі Қанат Қымызұлы Тұяқбаев үш жүзден астам тарихи-діни ғимараттарды қалпына келтірген тұлға.
Қанат Қымызұлы Тұяқбаев – Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданының Шорнақ елді мекенінде, 1952 жылдың 1-нші ақпанында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. 1968 жылы Түркістан қаласындағы Никитин атындағы онжылдық мектепті алтын медальмен бітіріп, сол жылы Алматы қаласындағы В.И. Ленин атындағы политехника институтының өндірістік-азаматтық құрылыс факультетіне оқуға қабылданып, 1973 жылы инженер-құрылысшы мамандығы бойынша диплом алды.
Еңбек жолын 1973 жылы Шымкент қаласындағы Одақтық ғылыми – жобалау «Союзгипрорис» институтынан бастады. 1974 жылдан 1976 жылдың аяғына дейін Түркістан қаласындағы Одақтық дәрежедегі технологиялық оснастка зауытының құрылыс жөніндегі инженері қызметін атқарды. 1976 жылдан Кентау қаласының партия комитетінің шақыруымен «Мырғалымсай қорғасынқұрылыс» тресінің Құрылыс материалдары комбинатына жұмысқа ауыстырылды. Онда мастер, цех бастығы, комбинаттың өндірістік бөлімінің бастығы болды.
1979 жылдың басында, Алматы қаласына, Қазақтың біртуар ұлы, атақты ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтың шақыруымен Қазақ ССР Мәдениет министрлігіне қарайтын «Қазқалпынакелтіру» бірлестігінің өндірістік бөлімінің аға инженері, сол бөлімнің бастығы қызметтерін атқарды. Ал 1980 жылдан бастап сол бірлестікке қарайтын арнаулы ғылыми – өндірістік «Алматыреставрация» басқармасының бастығы, 1988 жылдан 1994 жылға дейін республикалық арнаулы жаңғырту «Казреставрация» тресінің меңгерушісі қызметін атқарып, ал 1995 жылдан кәсіпорын «Қазқайтажаңғырту» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны болып қайта құрылғалы осы кәсіпорынның 2015 жылға дейін бас директоры болып қызмет атқарды. 2015 жылы пенсияға шыққаннан кейін сол кәсіпорынның бас директорының кеңесшісі болып 2021 жылға дейін жұмыс істеді.
Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраларын сақтап қалу, қайта қалпына келтіру, жаңғырту, музейлендіру және регенерациялау саласының тәжірибелі маманы болған. Қанат Қымызұлы 1979 жылдан осы саладағы жұмыстары барысында Алматы қаласындағы 18 тарихи және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруде атқарған қызметі кезінде өте жоғары бағасын алды.
Сонымен бірге, Тұяқбаевтың тікелей басшылығымен 1979 жылдан бері Қазақстанның әрбір облысында орналасқан тарихи-мәдени мұралардың қалпына келтіріліп, жөнделгендерінің саны жүздеп саналады. Қанат Тұяқбаев білімінің, ізденімпаздығының, ұжым мамандары мен қызметкерлерінің арасындағы беделінің, білгірлігінің және ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында атқарған жұмыстарының нәтижесінде еліміздің көптеген тарихи-мәдени, рухани және сәулет ескерткіштері келер ұрпаққа аманат етіп қалдырылып отыр.
Тек соңғы 15-20 жылдың көлеміндегі Түркістан өңіріндегі атқарылған жұмыстардың біразына ғана тоқталуға болады. Олар 1997-2000 жылдары Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойына дайындық барысында 20-дан аса Республикалық «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық мұражайының құрамына кіретін тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарын тікелей басқарды. Атап өтсек 14-19 ғғ. жататын Рабия Сұлтан Бегім кесенесі, Хылует жер асты мешіті, Шілдехана мешіті, XV ғасырдың Шығыс моншасы, XIX ғасыр мешіті, Әбдімәлік-Әль Қожа-Ата мешіт-медресесі, Түркістан тарихы музейінің ғимараты мен тақырыптық экспозициясы, Цитадель мен Шахиристан қорғандары, Дарбазалары секілді құнды мәдени-тарихи, діни ғимараттар бар.
Ол 2001 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Бөкей Ордасының 200 жылдық мерейтойына Орда ауылындағы XIX ғасырдың ортасында салынған төрт тарихи ғимаратты қалпына келтіру жұмыстарын, 2001-2002 жылдары Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойына, Көне Тараз мемлекеттік қорық музейінің құрамына кіретін XII ғасырдың Қарақан, Ұлық Білге Икбалхан (Дәуітбек), Бабажы-Хатын кесенелері мен XIX ғасыр Шығыс моншасы және басқа да тарихи мұраларды қалпына келтіру, сақтап қалу жұмыстары да Қанат Тұяқбаевтың тікелей қатысуымен атқарылды.
Бұған қоса ерекше айтуға тұрарлығы Жамбыл облысындағы 11 ғасырға жататын 1990 жылдардан бастап ғылыми-зерттеу, зерделеу және жобалау жұмыстарын жүргізіп, қайта қалпына келтіру жұмыстары 2001 жылы басталып, 2004 жылы қазан айында аяқталған сәулет өнерінің қайталанбас туындысы, пәк сезім мен адалдықтың символы болған Айша-Бибі кесенесі.
2002 жылы Қозы-Көрпеш – Баян Сұлу кесенесін ғылыми құжаттарға сүйене отырып, «Қозы-Көрпеш – Баян Сұлу» эпосының 1500 жылдық мерейтойына дейін толық қалпына келтіріп тапсырды.
2003 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласының 300 жылдық мерейтойына арналған салтанатқа Қазақстан мемлекеті мен халқының тартуы ретінде Жамбыл ата ескерткішін қоладан құйып қоюда және атамыз атындағы алаңның абаттандыру құрылысына тікелей араласып, Ресей мамандарымен бірге атқарып шықты. 2006 жылы Абай атамыздың ескерткіші Мәскеу қаласының жүрегі болып саналатын орны «Чистые прудыға» орнатылды. Отан соғысында қаза болған Қазақстандықтарға арналған ескерткіш Минск қаласында орнатылды.
Қазақстан Республикасының «Мәдени мұра» 2004-2006 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекіткен жоспарына сәйкес 2004 жылы Қанат Тұяқбаев басқарған кәсіпорын еліміздің алты облысында 20-дан аса тарихи-мәдени мұраларды қайта қалпына келтіріп, оларды ашық аспан астындағы мұражайларға айналдыру арқылы халқымыздың игілігіне тапсырды. Бірқатарын атап айтсақ олардің ішінде Маңғыстау облысындағы дәстүрлі сәулет өнеріндегі айрықша атап айтуға болатын 9-19 ғасырға жататын Шопан-Ата, Шақпақ Ата, Бекет Ата мешіт-медреселері, Қызылорда облысы ескі Іңкәрдарияның сағасындағы 13 ғасыр ескерткіші Сырлы-Там кесeнесі, Айқожа ишан, Молла қалан кесенелері мен т.б. ескерткіштерді қалпына келтірді. Батыс Қазақстан облысы Орда қаласындағы бірінші қыздар гимназиясы ғимараты мен бірге бірнеше тарихи орындар, Оңтүстік Қазақстан облысындағы 14 күмбезді Аққойлы, Қошқар-Ата, Ысмаил-Ата мешіт-медреселері және Баба Ата кешені мен кесенесі сонымен қатар Көне Сауран қалашығының медресе-мешіттері мен ғимараттарын консервациялау, Көне Сығанақ қалашығының нысандарын қайта-қалпына келтіру мен консервациялау жұмыстары атқарылды.
2009 – 2010 жылдары Алматы облысындағы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы құрылысы мен Тамғалы-Тас петроглиф қалашығында қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтады. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында соңғы 2008-2011 жылдары Қазақстанның 10 облысында бірнеше ондаған тарих, сәулет ескерткіштеріндегі жұмыстарға бас-шылық жасап, сәтті аяқтап шықты. Шығыс Қазақстан облысында Абай мен Әйгерім қыстауы, Ұлы Абай оқыған Ахмед Резы медресесі де қалпына келтірілді.
2008 жылы Қазақстан Республика Үкіметі және Сирия Араб Республика Үкіметімен екіжақты бірлестік келісімімен Дамаск қаласындағы тарихи-мәдени орталық пен Әль-Фараби кесенесіндегі құрылыс жұмыстары басталған болатын. Сол жұмыстарға тікелей Сирия мамандарымен қосыла отырып, басшылық жасап, 2012 жылы жұмысын аяқтады. Ал сонымен қоса 2008 жылы басталып 2010 жылы Дамаск қаласындағы 800 жылдық тарихы бар Сұлтан Аз-Захир Бейбарыс кесенесі мен кешеніндегі қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтап, қабылдау мен өткізуі жұмысын жүзеге асырды.
Бір сөзбен айтқанда, Кең байтақ Қазақстанның 300-ден аса тарих, мәдениет, көне сәулет және руханият ескерткіштерінде Тұяқбаев Қанаттың аяғының ізі, қолының таңбасы қалды десек артық айтқандық емес.
Миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан Адамзат өркениеті – алғашқы жасалған тас құралдан бастап ең соңғы ғылым мен техника жетістіктерін және рухани да мәдени байлық үлгілерін түгел қамтитындығы белгілі. Орта Азияның төріне орналасқан Қазақстанның кең байтақ даласында бұл ғаламдық өркениеттің барлық ескерткіштерін кездестіреміз. Сонымен бірге бұл өлкенің Әлемдік өркениетке қосқан өзіндік, ешбір жерде кездеспейтін, ұлттық мәдениеті де бар. Қазақстан территориясы Адамзат тарихындағы екі мәдениет – Көшпелілік пен Отырықшылықтың түйіскен, қатар орналасып аралас-құралас өмір сүрген және төл мәдениеттерінің үздік үлгілерін бір-бірінен қабылдаған тарихи ғажап аймақта орналасқан. Міне осы бағасыз байлықтың иесі, сақтаушысы, зерттеушісі, жаңғыртушысы да және бұл жайлы әлем халқын хабардар етушісі де Тәуелсіз Қазақстан Республикасы және оның халқы болып отыр. Бұл көп салалы, ауыр да, абыройлы міндетті атқару Адамзат өркениеті алдындағы борышымыз, ғалам тарихына қосатын үлесіміз.
Бүкіл адамзат тарихының дамуымен, біздің тарихымыздың тығыз және ажырамайтын байланысы және өзара қатынасының нәтижесі болып табылатын, материалдық мәдениет ескерткіштерін сақтауға бәріміз борыштымыз.
Қазақстанның ақпарат құралдарында тұрақты түрде Мәдени мұраларға қатысты мәселелер көтеріп, ғылыми-зерттеу және өндірістік тақырыптарға мақалалары басылып тұрды.
1998 жылы Қазақстан Республи-касы Президентінің жарлықтары-мен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» атағы беріліп, 2005 жылы Қазақстан Рес-публикасының «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2011 жылы Қазақстан Республикасының «Құрмет» ордені-мен марапатталды және Қазақстан Республикасы Конституциясына «10 жыл», Астана қаласына «10 жыл», Қазақстан Республикасының Егемендігіне «20 жыл» медальдары-мен және т.б. медальдармен марапатталған. Қазіргі таңда еңбек демалысындағы Қанат Қымызұлы Тұяқбаев жұбайы Абдурахманова Знура Қалдарбекқызы екеуі үш ұлы және бір қызынан оннан аса немерелерін өсіріп отыр.
PS: Туған өлкеміздің тарихи-діни ғимараттарын, кесенелерін, ежелгі қалашықтарын қалпына келтіруге бүкіл саналы ғұмырын арнаған Қанат Қымызұлы Тұяқбаевтың «Дара жолы» осындай ғибратқа толы. Шорнақта туып өскен Қанат Қымызұлы Тұяқбаевты қалай құрметтесек те, көңілге қонады. Қандай құрметке болса да лайық тұлға!
Ләззат САРЫБАЕВА.

Leave a reply