ШАРДАРАДА ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Түркістан облысы аумағында жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның ішінде Түркістан қаласы мен облыс орталығына келетін күре жолдарға ерекше басымдық берілген. Түркістан облысында 1100 шақырымнан астам жол жөнделіп жатыр. Жыл аяғына дейін 546,6 шақырымдық 244 нысанды қамту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 368,1 шақырымды құрайтын 34 облыстық маңызы бар жолдарға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ұлттық сапа орталығының тексеру нәтижесінде 343 кемшілік анықталған.
Осы тұста Шардара ауданына қарасты қалалық емханаға баратын жаңа жолдың құрылысы жүруде. Ұзындығы 235 метрді құрайтын жол аудан тұрғындары мен жедел-жәрдем көліктерінің емханаға кедергісіз кіріп-шығуына ыңғайлы болмақ. Арман Романұлы аудан тұрғындарына қолайлы орта жасау мақсатында жасалып жатқан жолдың құрылысын бақылап, жауапты мердігерлерге жол сапасына қатысты бірнеше тапсырмалар жүктеді. Сала мамандары жол құрылысын тамыз айының соңына дейін аяқтауды көздеп отыр.
Биыл облыс аумағындағы жолдарды жақсартуға бюджеттен 37,6 млрд. теңге қаржы бөлініп, жалпы ұзындығы 1100,3 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелерді қамту жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін 546,6 шақырым болатын 149 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Аудандық маңызы бар жолдарды ретке келтіру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Осы жылы 19 нысан немесе 97,3 шақырым жолды күрделі және орташа жөндеуден өткізу үшін қаржы қаралған. Оның 31 шақырымдық 8 нысаны және 4 көпірі жыл соңына дейін аяқталады.
Сонымен қатар, Шардара қаласында биыл 10 көшеге асфальт, 6 көшеге тас төсеу жұмыстары жоспарланған. Бүгінгі таңда О.Жандосов, Ш.Уәлиханов, Юсупов, Смағұлова, Алаш, Б.Момышұлы, Ақан Сері көшелеріне асфальт жабыны төселсе, Тәуелсіздік, Қорқыт ата, Қозы Көрпеш-Баян Сұлу, Мұнай база, Мұса Жәлел, Т.Рысқұлов көшелеріне тас төселген. Бұдан бөлек, «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қ.Тұрысбеков және Қоссейіт ауылдық округтеріндегі 14 көшеге асфальт жабынын төсеу жоспарлануда.