Четверг, 19 сентября

ТҮРКІСТАН: КИЕЛІ ШАҺАРДА ЖЕРЛЕНГЕН БАТАГӨЙ ТҰЛҒА ТУРАЛЫ БІЛЕСІЗ БЕ?

0
19

Мешітбай Сүгірұлы 1660 жылы дүниеге келген. Мешітбайдың әкесі Сүгір, атасы Шора да дәулетіне кісілігі сай, халық арасында беделді адамдар болса керек. Бізге жеткен деректерге қарағанда Мешітбайдың ат жалын тартып мінгеннен өз замандастары Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер санатында, қазақ елін сыртқы жаудан қорғап, ел тұтастығының, береке-бірлік, ынтымағының нығаюына күш-жігерін, ақыл-парасатын, мал дәулетін аянбай жұмсаған ержүрек батыр, қабырғалы би, ауызы уәлі, батагөй абыз болғаны байқалады. Әсіресе Мешітбайдың даңқын асырып, есімін аңызға айналдырған тосын оқиға – 1710 жылы Қаракерей Қабанбай батыр қосынында жауға аттанып, бағын сынағалы тұрған жас өрен Шақшақ Жәнібекке бата беріп, ақ жол тілеуі еді. Сол ұрыста жас жолбарыс Жәнібек ерен ерлігімен көзге түсіп, қалмақтың бас батырын жекпе-жекте өлтіріп, басын қанжығасына байлап, аруағы басым, мерейі үстем болып жеңіспен оралады.
Міне, осы оқиғадан бастау алған екі арыстың арасындағы туыстық-сыйластық, жанашырлық олар дүние салғанға дейін жалғасып, кейінгі ұрпақтары арасында да осынау үрдіс ұзақ жылдарға шеру тартады. Мешітбай Шақшақ Жәнібектің рухани дем берушісі әрі батагөйі болған. Қолы ашық, жомарт, сақылығымен Жәнібек батырдың жасағын сойыстық мал, мінер ат, тағы басқа қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп, атадан қалған иен дәулетін осынау игілікті жолға сарп етеді. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атанған қасіретті жылдарда Шақшақ Жәнібектің қасында үзеңгілес, жорықтас батырлар – Қарабалуан, Құдайберлі Сүгір, соғыс қаруын соғатын ұстасы, пері дүкенін иеленген Қалмамбет екі бірдей інісі – Құлан, Досанмен, ақыл қосар биі, һәм батагөйі Мешітбай да болыпты. Сол сапарда Досан батыр Жәнібектің жорықта жүргенде мәжіліс құратын қара қосын Қаратаудан Арқаға дейін жаяу арқалап келіпті – деп те аңыздайды. Сайыпқыран Жәнібек Досан батырдың еңбегін бағалаған болу керек, ел қонысқа, жер бөліске келгенде ойы – балық, қыры – киік, қара қазан қаспағынан арылмайтын, қара бала шұбырып қаңғымайтын, жері шұрайлы нулы да сулы Қара Наурызымды Досанға беріп, қандыкөйлек жолдасы Қарабалуанды Обаған бойына қоныстандырып, өзі Торғай-Тосынды иемденіпті. Жәнібектей ел қамқорының мейірім етуімен Мешітбай, Досандай ел қорғаны кемеңгерлердің тер төгуімен Сүгір атты байтақ ел Қара Наурызымға қоныс теуіп, өсіп-өніп, мың жарым үйлі шаңыраққа жетіп, береке бірлігімен, бауырмалды кеңпейілімен, қонақжай меймандостығымен көп аузына ілігіп, ел құрметіне бөленеді. Ел құт мекенде ес жиып, мамыражай тірлікке көшеді. Бұл кез Мешітбайдың ұлғайып қалған шағы екен. Осы қоныста 97-ге қараған шағында, 1757 жылы дүние салады. Дүниеден өтер алдында ел-жұртымен, ұрпақ-өрендерімен қоштасып, ақтық өсиетін айтады. Дүние салысымен ақ жуып арулап, былғарыға тігіп, қарағайдың басына сақтауын, қар кетіп, күн жылығасын, жылқыға жал, түйеге қом біткенде, былғарыны сөгіп, мәйітін қарауын, егер ақыретінде тырнақтай дақ болса сол жерге жерлеуін, бірақ тәні азбаса. Түркістандағы Әзірет Сұлтан кеснесіне жеткізулерін өтінеді. Аталған уақытта ел жиылып, мәйіттің бұзылмағандығын көргесін, баласы Қосназар бас болып, қырық шақты адам жүз жылқымен аза тұтып, баба мәйітін Түркістанға апарып, жерлеп қайтысады. Бабаның ғазиз тәніне бірнеше ай тұрақ болған сөре қарағай әлі күнге міні құрымастан сақталған. Әке алғысын алған Қосназар, оның кейінгі ұрпақтары да ел ілтипатына бөленіп, Мешітбайдың батагөйлік үрдісі Қосназарға көшеді. Жәнібектің Шегенінің балалары Қазыбек пен Бірімжанға енші бергенде Арғын, Қыпшақтың небір аузымен құс тістеген жақсы-жайсаңын місе тұтпай, Мешітбайдың Қосназарының ұрпағы Қуандықтың Жаманкөзіне көңілі ауады. Құдай сәтін салып, Жаманкөз дәм айдап, ауылына келе қалғанда құдай жолына атаған боз қасқасын шалдырып, игі жақсылардың алдында Жаманкөзден бата тілейді. Жаманкөздің түр-тұлғасына, кісілігіне көңілі толмай тәкапарлықпен қолын самарқау жайған Қазыбекке «Қазижан-ай, сенің ақырың, сірә да оңбас» деп кейістік білдіреді. Жаманкөз бата бергенде қолын шапанының етегімен қоса жайып, айрықша ілтипат көрсеткен Бірімжанға – «Бектік те, байлық та бір өзіңде қалды-ау, ағаңа обал жасадың-ау», депті көрегендікпен. Киіз туырлықты қазақтың айтыспай, тартыспай, дау-дамайсыз жүретін күні бар ма? Кешегі ер Жәнібектің тұсында Қыпшақ пенен Арғынның арасында бір дау туындап, оның арты шырғалаңға айналғасын, екі жақтың сөз ұстаған билері мәмілеге келу үшін Жәнібек батыр алдында тоқайласады. Жайсаңдар жиылып болса да Жәнібек батыр «Күтіп отырған адамым бар», деп мәжілісті бастатпайды. «Бұл кім болды екен?», деп жұрт дал болысады. Сол мезет күттірген Мешітбай атамыз да жетіп, Жәнібек өзі бас болып қарсы алып, ақ ордаға оздырады. Қыпшақтың төбе биі Ізбасты деген кісі «Бұл кім болды екен? Жай-жапсарын ұғып кел» деп сыншысын жұмсапты. Сыншысы «Жәнібек бағаласа, бағалағандай, елдің құты, маңдайындағы ырысы екен» деп келіпті. Сонда Ізбасты би: Олай болса, ертең мәжіліс басталысымен сол құт адамның жанына барып жайғас. Мәжіліс қызып, жұрт сусар. Сол мезетте аяқты ал да «Құрайт, Құрайт» деп үстіне төңкере сал, деп кеңес береді. Ақыры айтқанындай, қымыз дастарқаны жайылады. Мешітбай атамыз ақкөңіл, аңғал адам болса керек. Осылай боларын алдын ала болжап білген Жәнібек батырдың «Аяғыңды ешкімге ұсынба» деген ескертпесін дереу ұмытып, қолындағы аяғын «Бұйырыңыз» деп ұсынғанда жанында отырған сыншы ілезде аяқты ала салып, төбе бидің айтқанындай үстіне ақтара салады. Сонда Жәнібек батыр: – Қап, бекер болды-ау. Жылқыдан айырылдық қой, – деп бармағын шайнап, өкінген екен. Сөйтіп, арғынның жылқысы қыпшаққа ауыпты деседі бата бергенде: Аруақты хас батыр Жәнібектің Мешітбайдай абыздан бата алуы, «Ұста да ұстазсыз болмайды» деген қағиданы берік ұстанып, өмір бойы Мешітбайды қадірлеп қастерлеуі, сондай-ақ кейінгі ұрпаққа Мешітбайдың батырлығы, шешендігі, көсемдігімен танылмай Жәнібектің батагөйі деген атпен аян болып, бар қазақтың жүрегіне жол табуы, дүние салғаннан кейін де рухтары тоғысып, Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесінде қатар жатуы – көп жайттардан хабардар қылса керек. Мешітбай атаның ұрпақтары мейлінше өсіп-өніп, көшпелі елге айналған. Мешітбайдың Ерназар, Байназар, Қосназар, Сейітқұл атты ұлдарынан тараған төрт рулы ел бұл күнде 450 шаңырақты құрап отыр. Баба әулетінен елдің ынтымақ-бірлігіне сызат түсірмей, біртұтас болуын көксеген Тоқсан, Досмағамбет, Әжібайдай ел баққан би, болыстар, Алдаберген, Үркімбай, Ақболат, Тоқсан, Есмағамбет, Есенғали, Бірке, Хамза сынды құдай жолына мал бұлаған қажылар, маңайындағы жарлыжақыбайға қарасып, жаяуға – ат, сусағанға – сусын берген, сабасына құт дарыған Саңырық, Астаубайдай ақпейіл байлар, өлеөлгенше мешіт ұстаған, елге имандылық жол көрсеткен Бекмағамбеттей имамдар Түркістанға жыл сайын барып, зиярат етіп отырған. Бүгінгі тәуелсіздікке ұлттық пантеонда мәңгілікке тыныс тапқан аруақты бабаларымыздың еңбегінің арқасында қол жеткізіп отырғанымызды келер ұрпаққа аманаттап жеткізу – бабалар аруағын ұлықтау, ұлттық пантеонның қадір-қасиетін жете түсіндіру біздер үшін тарих жүктеген ұлы міндет.
Айгул УРКИНБАЕВА, Ғылыми қызметкер

Leave a reply