Четверг, 19 сентября

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ЗАМАНАУИ СПОРТ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

0
61

Жетісай ауданына қарасты Асықата кентінде заманауи стандарттарға сай спорт кешені бой көтеруде. Бүгінде тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлуінің нәтижесінде жер-жерлерде спорт нысандары бой салынып, спортты жанына серік етушілерде күн санап артып келеді.

Заманауи орталық негізінен қимыл-қозғалыстың тездігі, шабуылдың шапшаңдығымен ерекшеленетін спорттың түрі үстел теннисін ауданда дамыту мақсатында салынып жатыр. Аудан басшысы Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов және мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмыстарының барысын бақылады.

«Спорт – тәрбие құралы. Жас ұрпақтың жүрегіне Отансүйгіштік сезімін қалыптастыру үшін спорт таптырмас көмекші. Себебі, спортты сүю, оны серік етуге баулу арқылы балаға тек салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймаймыз, сонымен қатар, бойларында еңбекқорлық, төзімділік, әділдік сияқты жоғары қасиеттерді де қалыптастырамыз. Спортпен айналысатын жастар көшенің теріс ықпалынан алшақтап, зиянды әдеттерден аулақ болады. Сондықтан, ел болашағы саналатын жастарымыздың дұрыс қалыптасуы жолында маңызды рөл атқаратын нысанның сапасы жоғары, заманауи үлгіде болуы маңызды» деді аудан басшысы.
Асықата кентінде 1 гектар аумақта орналасатын спорт кешенінің құны 1 млрд теңгені құрайды. «SPORT ASSET MANAGEMENT» қоғамдық бірлестігінің жеке инвестициясы есебінен іске қосылатын 2 жаттығу залының біріне 9 теннис үстелі, екіншісіне 3 күрес кілемі, бокс рингі, тренажер жабдықтары, сонымен қатар, ерлер бөлмесінде 15 төсектен және әйелдер бөлмесінде 15 төсектен тұратын әкімшілік блок орналастырылатын болады.

Спорт кешені бір мезетте 200-ге жуық адамды қабылдап, жаттықтыруға қауқарлы. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың наурыз айында толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беру жоспарлануда.

Айта кетейік, мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын бірден-бір көрсеткіш саналатын спорт саласының үстел теннисі түрімен бүгінде ауданда 210 бүлдіршін тұрақты түрде шұғылданып келеді.

Leave a reply