ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

0
63

Сарыағаш ауданы, Жаңаарық елді мекеніндегі А.Дүйсенбиев көшесіне асфальт жамылғысын төсеу жұмыстары басталды. Сметалық құжаттамаға сәйкес 2,9 шақырымда орташа жөндеу жұмыстары қарастырылған. Жол құрылысында болған аудан басшысы мердігер мекеме өкіліне асфальт жамылғысын сметалық құжаттамаға сәйкес төсеуді және жұмыстарды жоспарға сай мерзімінде сапалы аяқтау қажет екенін атап өтіп, ауылдық округ әкіміне бақылауды күшейтуді тапсырды.

Бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев Құркелес ауылдық округіне қарасты Жаңаарық елді мекеніне арнайы барып, жол жөндеу жұмыстарының барысын пысықтады. Оған қоса аудандағы облыстық маңызы бар көпір жөндеуден өтуде. Бүгін аудан басшысы Арман Абдуллаев жұмыс жоспарына сәйкес Қабланбек ауылдық округі арқылы өтетін облыстық маңызы бар КХ-50 «Дербісек-Сарыағаш» автомобиль жолының 15+050 шақырымында жүргізіліп жатқан көпірдің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.

Ұзындығы 48 метрді құрайтын облыстық маңызы бар көпір ауданға қарасты бірнеше елді мекендерді байланыстырады. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен жүргізіліп жатқан құрылыс нысаны ағымдағы жылдың шілде айында басталып, 2025 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.

Аудан басшысы бірнеше елді мекендерді байланыстыратын маңызды көпір болғандықтан, құрылыс компаниясының өкілдеріне пайдаланылған құрылыс материалдарының сапасына айрықша мән беруді тапсырды.

Leave a reply