БИЫЛ ТҮРКІСТАНДА 45 КӨШЕГЕ ОРТАША ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛМЕК

0
25

Жалпы қала аумағында 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Биыл оның 50,8 шақырымды құрайтын 45 көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 23,8 шақырымды құрайтын 20 көшенің орташа жөндеу жұмыстарына қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары бастау алды. Аталған жол сапасын жақсарту мақсатында жасалған жұмыстарға қаржы толықтай бөлінген жағдайда, 45 көшенің құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қазан айында аяқталады. Нәтижесінде жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдар үлесін 51,4%-ға жеткізу көзделіп отыр.

Түркістан қаласында өткен жылдың қорытындысымен асфальт жолдардың үлесі 383,9 (45,4%) шақырымды құраған болатын. Сондай-ақ, соңғы үш жылда шаһар аумағындағы топырақ жолдардың шешімі табылды.

Ал келесі жылы 50,5 шақырымдық 77 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Аталған жөндеу жұмыстары іске асқан жағдайда, жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдар үлесі 57,4%-ға жетіп, асфальт жолдар ұзындығы 485,2 шақырымды құрайды.

Жалпы жол – өте маңызды сала. Өңірдің экономикасының дамуына тікелей әсер етеді. Аудан, қалаларды аралау барысында тұрғындар үшін осы мәселенің өзекті екеніне тағы да көз жеткіздік. Жолдарды салу жұмысын тездету керек. Сапа басты назарда болуы тиіс. Жергілікті жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 95 пайызға жеткізу міндеті жүктелген.

Жұмыстар нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 93,4%-ға жеткен. Ал жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 92%-ға жетіп отыр.
2022 жылы басқарма мен «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТОФ арасында келісімшарт түзіліп, филиал тарапынан нысандарға 169 рет аралау жүргізіліп, 1330 дана сынама алынған. Басқарманың тапсырысы арқылы құрылысы қолға алынған нысандардағы сапаны қамтамасыз ету бойынша мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге 170-ге жуық ескерту хат жолданған. 19 нысан бойынша 12 мердігер, 1 техникалық қадағалаушы және 1 жобалаушы мекемеге 133,5 млн. теңгеге айыппұл салынған. Жалпы нысандарда сапасыз атқарылған 8874 м2 жол жамылғысы қайта төселген.

Өткен жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 51,0 млрд. теңге бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 660 нысан немесе 1594,2 шақырым жол мен көшелерді қамту жоспарлануда. Жыл қорытындысымен 604 нысан немесе 1238,3 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделуде.

Leave a reply