АТА ЗАҢ – ТІРЕГІМІЗ!
Елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар өз бастауын Конституциядан алатыны белгілі. Мемлекет басшысы Ата Заңымыз – мемлекеттігіміздің тұғыры берік болуын қамтамасыз ететін ең басты құжат екенін айтты. Оның әрбір тармағы мүлтіксіз орындалса ғана әділдік пен заң үстемдігі орнығатынына назар аударды. «Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдумның нәтижесі халқымыздың бірлігін және елімізді жан-жақты жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалардың барынша қолдау тапқанын көрсетті», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.
«AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде, еліміздегі барлық жаңару мен жаңғырудың ұйытқысы бола отырып, қоғамдық-саяси үдерістердің бел ортасынан табылуда. Аманаттықтар Конституция нормаларын басшылыққа алып, қазақстандықтардың тұрмысы мен өмір сапасын арттыруға арналған түбегейлі саяси, экономикалық реформаларды табысты іске асыруға кірісті. Демократиялық қағидаларға негізделген Жаңа, Әділетті Қазақстанды құруда ықпалды саяси күшке айналды.
Партиямыз ашық саяси бәсекелестікті алға жылжумыздың кепілі ретінде айқындап, Ата Заңға енгізілген өзгерістер бойынша жаңғырған сайлау процесінде жаңаша дайындықпен кірісті. Партияның өз ішіндегі қызмет мазмұны жетілдіріліп, қарапайым азаматтардың сұранысы мен мұң-мұқтажына негізделген жұмыс сипаты мен тәсілдері белгіленді. Партияның Сайлауалды бағдарламасы аймақтардағы, аудан-ауылдардағы қордаланған мәселелердің шешім табуына бағдарланды. Әр өңірде, аудан, қалаларда Сайлауалды уәделерді нақтылы іске асырудың тетіктерін белгілеген Жол карталары қабылданып, индикаторлық көрсеткіштері айқындалды.
Жергілікті атқарушы және өкілетті билік органдарында көптеген жаңалықтар енгізген конституциялық реформалар, партиялық қызметті шын мәніндегі өзгерістер жаршысы болуына мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда, қоғамға жақсы таныс «AMANAT» партиясы, халықты ортақ мақсатқа жұмылдыра білген беделді ұйым боп бекіді. Қоғамға пайдалы көптеген бастамалар көтеріп, сайлаушылардың кең қолдауына ие болған нағыз халықшыл партияға айналды.
Конституция бекіткен нормалар бойынша пропорционалды және мажоритарлы аралас сайлау жүйесі енгізіліп, Парламентті қалыптастыру тәртібі мен функциялары қайта жасақталды. Мәслихаттардың рөлін күшейтуде партиялық жүйенің мүмкіндіктері кеңейді. Нәтижесінде, партиямыз адал бәсекелестікті жақтап, тұрғындардың қолдауына ие болуда «Жер аманаты», «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам», «Құқықтық көмек», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» тағы да басқа халықтың көптеген сұраныстарын дөп басатын іргелі бастамаларды көтеріп, өміршеңдігін қамтамасыз етті.
Ата Заңмен айшықталған бәріне бірдей тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптастыруда, мемлекеттік өкілді органдағы партиялық тізімде әйелдер мен жастарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға өкілдік етуге кепілдік беретін квота қарастырылды. Бұл өз кезегінде, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардағы фракциялардың қызметін жандандыруға ықпал етіп, түрлі әлеуметтік топтарға жататын тұрғындардың заңды мүдделері мен құқықтарының қорғалуына жағдай жасады. Осылайша, өкілді органдардағы партияның депутаттық фракция алаңдары күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді тиянақты талдап-таразылайтын, байыппен қарап, шешім қабылдайтын сындарлы диалог мінберлеріне айналды.
Конституцияға енгізілген өзгерістердің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттілігімізді мейлінше нығайту және қоғамды үйлесімді дамыту екені белгілі. Жаңа Қазақстанның саяси жүйесін жаңартуда азаматтардың ел басқару және шешім қабылдау процесстеріне қатысуына жол ашылды. Ауыл және аудан әкімін тікелей сайлау, облыс әкімін баламалы негізде тағайындау бойынша жаңа саяси модель қалыптасты. Мұның бәрі азаматтың мемлекеттік негізі институттарды қалыптастыруға тікелей, ашық және инклюзивті қатысуын қамтамасыз етуде.
Парламент Мәжілісінің спикері, партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов ауыл әкімдерінің сайлауы, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесін қорғауға бағытталғанын ерекше айтқан болатын. Экономикасы ауылшаруашылығына бейімделген, тұрғындарының 80 пайыздан астамы ауылдарда тұратын Түркістан облысы үшін, ауыл әкімдерінің сайлауы – шын мәнінде, ашық саяси бәсекелестікті білдіретін, қоғамның саяси белсенділігін арттыратын, ауыл-аймақтардағы қордаланған мәселелердің шешу жолдарын ұсынып, жергілікті сайлаушыларға таңдау еркін беретін, стратегиялық мәні айрықша қадам болды.
Облыстың барлық аудан, қалаларында филиалдары бар партиямыз, атқарушы билік жауапкершілігінің жоғары болуын қамтуда және партияның басымдықтарын іске асыруда, ауыл әкімдерінің сайлауына өз кандидаттарын ұсынып, халықтың қолдауына ие болған бүгінгі таңдағы ең ықпалды саяси күш болып отыр. Биылғы жылдың өзінде облыс көлемінде 32 ауылдық округтің әкімдерінің сайлауы өтті. Тұрғындардың басым дауысына ие болған әкімдердің 30-ы – «AMANAT» партиясының өкілдері болды.
Осы саяси науқандарда, партия өкілдерінің жеңіске жету көрсеткіші 93,8 пайызға жетті. Яғни, сайлаушылар, партия айқындаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру, инфрақұрымды жақсарту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту міндеттерін қолдайды. Әлеуметтік саланы жаңғырту, мектеп, медициналық ұйымдар салу, спорт мекемелерінің желісін ұлғайту, ауыз су, табиғи газ тарту, электр қуатының сапасын арттыру жоспарларының орындалуын жақтайтындарын білдірді.
Партияның Түркістан облыстық филиалы сайланбалы лауазымдарға ие болған партия өкілдерінің өнімді жұмыс атқаруына қолдау көрсетуде және практикалық ұсынымдар әзірлеп, қабылдауда барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының форумын, ауыл әкімдерінің форумын ұйымдастырып, өткізді. Жоғары деңгейде, тиімділік тұрғысынан пайдалы болған бұл жүздесулерде партияның депутаттар және әкімдер корпусымен ынтымақтаса атқаратын жұмыс бағыттары қарастырылып, қоғамның тамырын тап басатын, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап-түсінуге жетелейтін, соған сәйкес, дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдауға және дұрыс шешім шығаруға қабілетті мүмкіндіктер талқыланды. Қоғамға пайдалы бастамалар көтеріліп, олар нақтылы іске асырыла бастады.
Бұл өзгерістердің барлығы Конституциялық реформалармен келген табыстар. Жаңа саяси-құқықтық негіз боп бекіген Ата Заңымыз «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатының өзегіне айналып, халық пен биіліктің ұйысқан түрдегі ұстанымын айқындады.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы барша жерлестерімізді Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтай отырып, еңбеккерлік дәстүріне адал Түркістан облысының жұртшылығы, мемлекеттілігімізді одан әрі нығайту ісінен аянып қалмайды деген сенімін білдіреді. Партиямыздың облыстағы жақтастары Ата Заңда белгіленген демократия құндылықтарын ілгерілетуді жүйелі түрде жалғастырып, азаматтардың құқықтарының сақталуына аянып қалмай еңбек етеді деп білемін. Өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруда, ымырашыл жұртымызды ортақ мақсат аясына біріктіріп, қоғамды үйлесімді дамытуда аманаттық өкілдері алдыңғы қатарда сап түзейді деген сенімдемін.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Ата Заңымыздың айбыны асқақтай берсін!
Алтынсары Үмбетәлиев,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық
филиалының төрағасы,
Түркістан облыстық мәслихатындағы
партиялық фракцияның жетекшісі