ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛГЕН
Өңірде инвестициялық штаб жұмыс істейді. Түркістан облысында инвестиция тартуға басым бағыт берілген. Өңірде инвестициялық штаб жұмыс істейді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әрбір инвестормен жеке кездесіп, қолдап, әр жобаның түпкілікті жүзеге асуын жіті бақылайды. Барлық аудан, қала әкіміне нақты индикаторлар бекітілген. Аудан, қала басшылары жергілікті кәсіпкерлермен бірге Түркия, Қытай, Аустралия, Өзбекстан елдерінің өндірістік аймақтарына іссапарларда болды. Делегация әлемге танымал кәсіпорын, зауыттарды аралап, алпауыт компаниялармен келісімдер жасалды. Озық шетел тәжірибесі кеңінен қолдану мақсатында атқарылған тиісті жұмыстар оң нәтижесін көрсетуде.
Инвесторларға қолайлы жағдай жасауға баса мән берілген. Ең алдымен, өңірде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және 580 гектардан тұратын арнайы экономикалық аймақтар бар. Онда 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 39 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр.
6 жылда облыс экономикасына тартылған инвестиция 3 есеге артып, 2023 жылы 972 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға бағытталған қаржының басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. 2023 жылға жоспарланған 56 инвестжоба толық іске қосылды. Экономикаға тың серпін беретін 145 жоба пулы қалыптасты. Оның ішінде өндіріс пен ауыл шаруашылығында терең өңдеуді дамытуға басымдық берілді. Бұл жобалар 17 мың жаңа жұмыс орнын ашып, өзіндік кірісті қосымша 100 млрд. теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Еліміз инвестиция көлемі бойынша посткеңестік кеңістікте көш бастап тұр. Орталық Азия елдеріне тартылған барлық инвестицияның 61 пайызы бүгінде Қазақстанға тиесілі. Пандемия кезінде де негізгі капиталға салынған қаржы 17,2 млрд долларға жетті. Ал былтыр бірінші жарты жылдықта ел экономикасына 13,3 млрд доллары көлемінде инвестиция құйылған. Қаражаттың көбі Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Ресей және Қытай елдерінен тартылды. Ал инвестициялық жобалардан бюджетке түскен салық жылдан жылға артып келеді. «Астана» қаржы орталығы 2022 жылы түсім 25 млрд теңгеге, ал былтыр 30 млрд-қа жуықтағанын айтады. Отандық сарапшылар елдегі инвестициялық әлеуеттің жылдан жылға артуын инвесторларға жасалған қолайлы жағдаймен байланыстырып отыр.