ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 200-ГЕ ТАРТА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР

0
45

Түркістан облысында балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 224-ке жетіп отыр. Оның ішінде 147-сі тоғанды балық өсіру шаруашылығы болса, 97-сі жаңадан ашылған тоғандар. Өңірде аталған кәсіпке қызығушылар саны күн санап артып келеді. Тиісінше олардың талап-тілектері де назардан тыс қалмауы тиіс. Осы орайда Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы агроөнеркәсіптік кешені және тамақ өнеркәсібі комитетінің кезекті отырысында балық өсіруші шаруалар тарапынан түскен өтінім-талаптар тыңдалды. Күн тәртібінде балық шаруашылығына жұмсалатын ағын су тарифын реттеу және негізсіз тексерулер мәселелері талқыланды.

Кәсіпкерлер су арнасына қайта қосылатын 95% суды ескере отырып балық шаруашылығы субъектілеріне қолайлы етіп ағын су тарифын жасақтау керектігін алға тартып отыр. Бұл мәселе орталық аппаратқа жолданып, оңды шешу жолдары қарастырылатын болады.

Балық өсіруші шаруалардың айтуынша, балық шаруашылығындағы кәсіпкерлерге суды егінге қолданылатын су тарифымен төлеу тиімсіз. Себебі, егіншілік пен балық шаруашылығының су тұтынуында үлкен айырмашылық бар. «Егінге алынатын су жүз пайыз жерге сіңіп егін қажеттілігіне жұмсалса, балық шаруашылығына алынатын судың басым бөлігі тоғандардан өтіп, қайтадан су арнасына қосылады.

Соңғы жылдары Түркістан өңірінде балық шаруашылығы жақсы дамып келеді. Мемлекет тарапынан да қолдау күшейтілген. Облыс әкімінің тапсырмасымен сәйкес өңірде 2024 жылға дейін 10 мың тонна тауарлы балық өндіруді қамтамасыз ету мақсатында жоспар түзілген. Арнайы жұмысшы топ арқылы тұрғындарға жаңадан балық шаруашылықтарын ашу, оларды заңдастыру, тиісті органдарда тіркеу және «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алу тетіктері түсіндірілді.

Аудан, қала әкімдіктері мен балық шаруашылығы инспекциясының статистикалық мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі күнге облыс бойынша 10400 тонна тауарлы балық өндіріліп, тапсырма орындалған. Сонымен қатар облыстағы балық өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар 4900 тонна балық өңдеді («Хамит» Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша 2023 жылға бекітілген «Балық өнімін өндіру» индикаторы толығымен орындалды.

Саланың дамуына мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетіліп, 2023 жылы облыстық бюджеттен акваөсіру бойынша 31 кәсіпкерге 500 млн. теңге, республикалық бюджеттен 7 кәсіпкерге 123,8 млн. теңге инвестсубсидия берілді. Сонымен қатар «Түркістан ӘКК» АҚ-на 14 кәсіпкермен 5,4 млрд. теңге көлемінде несие алуға құжаттар ұсынылып, 5 кәсіпкерге 3,7 млрд. теңге несие беру мақұлданды.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 35 кәсіпкер 249,5 млн. теңге жеңілдетілген несие алып, шаруашылықтарын дамытуда. Алдағы уақытта жоспарға сәйкес, Қазығұрт ауданында – 4, Бәйдібек, Мақтарал, Жетісай аудандары мен Арыс қаласында бір-бірден, Төлеби ауданында – 3 және Созақ ауданында – 7 шаруашылық ашылып, Сырдария өзенінің бойынан Шардара, Сарығаш аудандарындағы бұрынғы балық тұқымбақтары (466,7 га) іске қосылса, тауарлы балық өндірушілердің саны 250-ге жетіп, облыс тұрғындарын балық өнімдерімен қамтамасыз етуге қол жеткізіледі.

Leave a reply