ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА «АУЫЛ – ЕЛ-БЕСІГІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 4 МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН САЛЫНҒАН

0
32

Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. 2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 166 елді мекенде 352 жоба іске асырылып, 31,3 млрд. теңге игерілді. Нәтижесінде 297 жоба пайдалануға тапсырылды. Ал биыл 165 жоба іске асырылады. Бұл мақсатқа жалпы 25,3 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде, 107-сі – жаңа жобалар.

Аталған жоба Түлкібас ауданының инфрақұрылымын жақсартуға да серпін беріп жатыр. Соңғы 2 жылда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында көп жылдан бері аймақта өзекті болып келген медицина саласындағы түйіткілді мәселе шешімін тауып келеді.
Мәселең, соңғы жылдары аудан орталығынан шалғай жатқан Келтемешат, Рысқұл, Ақбиік және Шұқырбұлақ елді мекендеріне заманауи жаңа медициналық тіректер соғылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Заманауи медициналық тіректе жалпы дәрежелі дәрігер, фельдшер және медбике халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Бұл бағыттағы жұмыстар бұнымен тоқтап қалмай, елді мекен тұрғындарына қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында биыл аудан аумағындағы медициналық тіректі қажет ететін 15 елді мекеннің 4-не заманауи жаңа нысан соғу жұмыстары жалғасын таппақ. Олар – Абайыл, Тастыбұлақ, Мақталы және Шақпақ баба елді мекендері.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында бірқатар тапсырма берген болатын. Оның ішінде халықтың табысын арттыру, жанар жағармайдың бағасын тұрақтандыру, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы және бизнестің «Бизнестік жол картасы» бағдарламалары шеңберінде Оңтүстік өңірлер үшін жекелеген бағыттар әзірлеу жүктелді. Сондықтан бұл бағдарламаларға баса назар аударылуда. Облысымызда осы бағыттарда жұмыс күшейтілу барысында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Түркістан облысында Ауыл — Ел бесігі жобасы аясында аудандарда бірқатар жобалар іске асып келеді. Мәселен Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданында 14 елді мекеннің көшелері қайта жөндеуден өтті. Ордабасыда аудандық маңызы бар жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 39,1%-дан 73,6%-ға жетсе, ал топырақ жолдардың үлесі 41,2%-дан 35,6%-ға төмендеген. Сондай-ақ, аудандық бюджет есебінен биыл 23 көше және «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 27 көше орташа жөндеуден өтеді.

Leave a reply