КЕНТАУ: ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ БОЛУ ҚЫЗДАРДЫҢ ДА ҚОЛЫНАН КЕЛЕДІ

0
16

Қазіргі заманда мамандық таңдауда мүмкіндіктер көп. Сондықтан кез келген әйел өзіне сенімді болса, ең қиын деген мамандықты меңгеруіне болады. Өйткені, ғарышкер, полицей, ұшқыш, ауыр жүк көлігін жүргізуші, тракторшы және тағы басқа ер азаматқа тән қызметті атқарып жүрген қыз-келіншектер көп. Әйелдер бизнесте де, саясатта да, жалпы қай салада болмасын табысты еңбек етіп келеді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз көші-қон саласында көптеген жылдардан бері қызмет етіп келе жатқан жанның бірі – Кентау қалалық ПБ Көші-қон қызметі тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты София Шегебаева.
Полиция аға лейтенанты София Есенбекқызы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы, Талап ауылында 1984 жылдың 23 ақпанында дүниеге келген. Ол бала күнінен өнерге жақын болып өсті. Теледидардан немесе радиодан естіген әнді нақышына келтіріп орындайтын. Мектеп қабырғасында жүргенде әртүрлі ән байқауына қатысып, жүрделі орындарға ие болып жүрді. Софияның әкесі Есенбек «Совет әскерінің құрылған күнінде ма-ған сыйға берген қыз» деп спортқа жақын етіп тәрбиелеген. София мектеп оқып жүргенде әншілік өнермен қатар спортты да жанына серік етті. Қолға алған ісіне аса үлкен жауапкершілікпен қарау, әлсізге қамқор болу, тәртіпке бағыну әрі тың жүру оның бойына бала кезінен бастап әке тәрбиесімен сіңген қасиеттің бірі.
– Біз отбасында бес қыз, бір ұлмыз. Әкем мені өзінің ұлындай етіп тәрбиеледі. Үнемі әкемнің қасында жүретінмін. Ол кісі менің форма киіп, қоғам алдында қызмет еткенімді қалады. Мектепті бітіріп, мамандық таңдау кезінде әкем «қай салада жүрсең де әншілік өнерді бірге алып жүре аласың, ал әнші болып басқа саланы алып жүре алмауың мүмкін. Қоғам мен ел тыныштығын қорғау саласын таңдасаң өкінбейсің» деп кеңес берген еді. Әкемнің айтқан ақылын тыңдап, құқық қорғау қызметін таңдадым. Ішкі істер органындағы қызметім өзіме ұнайды, – деді София.
Бала кездегі әнші болу арманын ысырып, әке ақылына құлақ асқан қыз мектеп бітіріп, қолына аттестат алғанан кейін халықаралық қазақ-түрік университетінде “заңгер” мамандығын меңгерді. Ал, еңбек жолын Кентау қаласы мамандандырылған күзет қызметі саптық бөлімшесінде бастады. «Жас келсе іске» демекші жас маман өзінің тәлімгерлерінен жұмыстың қыры мен сырын үйренді. София жұмыстың қиындығынан қашпайтын қайсар қыз. Өзіне жүктелген қызметті мінсіз әрі тиянақты атқарады. 2021 жылы Кентау қалалық ПБ-нің уақытша ұстау изоляторына ауысып, полиция аға лейтенанты шенін алды. 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап Кентау қалалық ПБ көші-қон қызметі тобында еңбек етуде. Қарапайым маманнан жұмысты бастаған қыз бүгінде бір бөлімшенің инспекторы.
– Полиция қызметкері болудың өзіндік қиындығы бар. Күн-түн демей жұмыс істеу керек. Уақыт талғамайды. Көп ізденуді талап етеді. Күнделікті өмірде небір адамдармен, оқиғалармен кезігеміз. Барлығына шыдаймыз. Себебі, өз мамандығымды жақсы көргендіктен сансыз қиындықты сезбей қаламыз, – дейді ол.
Көрікті де сымбатты полиция лейтенанты бүгінде қаладағы өзге елден келген азаматтардың тыныштығына, заңдылықтардың сақталуына, тәртібіне тікелей жауап береді. Әсіресе, жаз мезгілінде жұмыс істеуге келген шетелдіктердің құжаттандыру ісіне қатты қарайды. Себебі, шекараның заңсыз кесіп өтушілер көп. Соның салдарынан орын алатын оқыс оқиғалардың алдын алады.
Софияның сөзіне қарағанда күніне Кентау қалалық ПБ-ның Көші-қон қызметіне 15 азамат жүгінеді. Олардың әрбірінің келген мәселесін тыңдап, құжатының дұрыстығын, уақытының өтіп кетпегенін тексеріп, заңды тұрғыда кеңес беріп отырады. Қолынан келгенше әрбір өзге елдің азаматының мәселесін шешуге тырысады.
– Әрине, өздеріңіз білетіндей Кентау қаласы облысқа жақын орналасқан. Сол себепті, қалаға келетін туристер мен жұмысқа келіп-кететін адамдар көп. Біз заңсыз көші қонға тосқауыл қоямыз – дейді лейтенант.
Ия, полициядағы қызмет тек ер адамға ғана жарасады десек те, статистикалық мәліметтің бүгінде мүлдем басқаша екенін көреміз. Абыройлы полиция қызметкері болу қыздардың да қолынан келетін дүние екенін София Шегебаева дәлелдеп отырғандай.
Жалпы, полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Десек те, полиция қызметкерлерінің қызметін бағалау критерийлері қайта қарауды қажет етеді. Бізге ІІМ реформалау тек идеялар мен ұсыныстар жиынтығы ғана емес екенін түсіну керек. Реформаның өзі Грузиядағыдай түбірімен өзгеріс немесе белгілі бір нүктелер ғана өзгеруі мүмкін дегенді білдіреді. Мәселен, Балтық елдері мен Грузиядағы полиция қызметін реформалау кезіндегі жолдары мен тәсілдері баршаға мәлім. Бұл реформалар шыны керек, оңайлықпен іске аспайды. Сондықтан, полиция болмысы қазақ ұлттық полициясына айналуы тиіс. Ол үшін, билеп-төстеуге бейімделген кеңестік милиция тұжырымына тоқтау салып, біржола жерінуіміз қажет. Өйткені, тарихты парақтап, парықтасақ, кеңестік милиция о баста құрылған кезде адамды, адам құқығын, Конституция мен заңды қорғау үшін құрылмағандығын түйсінесің. Олардың басты мақсаты саяси режимді қорғау, соған қарсы шыққандарды аяусыз жаншу, отарлау, күресу болатын. Сол себепті, қазақ полициясы отарлық милицияның ізімен емес, шындықтың жүзіне тік қарап, тәуелсіз елдің азаматтарының арман-мұраты мен мүддесінен туған, отаншыл институтқа айналуы қажет. Туыстықтан көрі, турашылдықа бет бұрғаны абзал. Мұндай жүйенің әр бағытын біз жан-жақты талдап-талқылап, зерттеуіміз керек. Әйтпесе, полицияның, киімін өзгерткенімізбен пейілін өзгерте алмаймыз. Қазақстан – адам санына шаққандағы полиция қызметкерлері саны жағынан әлем бойынша алтыншы орында тұрған мемлекет. Оған мысал – «Forbes» журналының зерттеуінде келтірілген деректер. Қазіргі кезде Қазақстандағы күштік құрылым қызметкерлерінің саны қайтадан кеңес заманындағы көрсеткіштерге жеткен екен. Мәселен,100 мың адамға шағар болсақ, елімізде 32,2 прокурор, 12,8 судья, 608,8 полиция қызметкері, 488,2 әскери қызметкер, 35,3 кеденші, 52,1 салық жинаушы, 19,9 қаржы полициясының қызметкері бар. Ал, кеңес заманында 100 мың адамға шаққанда 28,7 прокурор, 3,7 мың судья, 222,6 милиция қызметкері, 1111,8 әскери қызметкер, 18,8 кеденші, 24,7 салық жинаушы, 4 БХСС қызметкері болған екен. Байқағанымыздай кеңес заманынан бері тек әскерилер мен судьялардың саны ғана азайған. 2017 жылғы дерек бойынша облыс көлемінде полицияда 7-8 бөлініс жұмыс атқаруда. Жергілікті полиция қызметінде 3 мыңға жуық адам еңбек етеді. Оның сегіз жүздейі – учаскелік, 200-ден астамы – ювеналдық полиция инспекторы, сегіз жүз – патрульдік полиция полкі мен облыстық арнайы батальонның сержанттық құрамы. Одан бөлек, табиғатты қорғау полициясы, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторлары бар. Бұл сандарды қарап отырып, тағы да бір ой қылаң береді. Бізге саннан сапаға көшетін кез келген сияқты. Бүгінде Анталиядағы полиция қызметі көптің көңілінен шығуда. Қала ең «ақылды» инновациялық технологиялармен жабдықталған. Шаһардың әр бұрышы мен қуысында – соңғы үлгідегі бейнекамералар. Полиция болу – екінің бірі қол жеткізе бермейтін таңдаулы мамандық. Полиция мен әскери қызметкерлерді тек әуежайдан және мемлекеттік мекемелерден ғана көресің. Заң – өте қатал. Айыппұлдың бағасы да өте жоғары. Содан болар, ешкім артық қадамға барғысы келмейді. Бұл заңды сырттан келгендердің өзі қатаң сақтайды. Сондықтан, полиция қызметіне әскерден кейін орналаса беретін мамандық ретіндегі жүйеден арылту керек. Полиция болу ғарышкер болудың деңгейімен бірдей қол жетпес мамандыққа айналғаны дұрыс. Физикалық және адами тұрғыда мықтылық, білім, кез келген заңды жете меңгеруі қатаң талап етілмей, тың серпіліс болмас. Полиция қызметі мансап пен бақ қуғандар үшін ғажайып баспалдақ емес, әділдікпен жақтас, жемқорлықпен ат құйрығын кесіскен мамандық болу тиіс. Сондықтан, құқық қорғау органдарының кейбір бөлімшелерін оңтайландыру шарасы күтіп тұр. Осы орайда функционалды талдау жасаумен, шетелдік тәжірибені отандық жүйемен салыстыру арқылы нақты қадамдар жасап, полиция қызметкерлерінің қаржылық жағдайы мен әлеуметтік қорғалуына қатысты дұрыс шешімдер қабылдау – кезек күттірмейтін мәселе. Яғни, саннан сапаға көшу міндеті тұр. Жұмыстағы басты ұстаным – кішіпейілдік Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Бүгінгі таңда полиция қызметкерлерінің тек мінездемесі, кәсіби біліктілігі ғана емес, сыртқы сымбаты назарға алынған. Ішкі істер департаментінде полиция қызметкерінің жағымды имиджін қалыптастыру тұрғысында тыңғылықты жұмыс атқарылуда. Бұған қоса, кезекті өтетін аттестация бар. Бұл сынақтан сүрінбей өткендер ғана халыққа қызмет етеді деген сөз. Әмбебап полицей кейде педагогтың да рөліне еніп кететін жағдайлар болады. Жасыратыны жоқ. Кейбіреуіміз «Шақырғанда келмейді», «дөрекі сөйлеседі», «сылбыр қимылдайды», «дұрыс жауап бермейді» деп сын-ескертпелерді жау- дырамыз. Жалпы, полицияға қатысты бала күннен қалыптасқан қате көзқарас бар. Бізге осы көзқарастан арылатын кез келді. Ал, бір сәт өзімізді сол полиция қызметкерлерінің орнына қойып көрсек, олардың да «ойнап жүрмегенін» түсінген болар едік. Қоғамдық тәртіпті сақтау тек қана полицияның міндеті емес, ол – біздердің әрқайсымыздың міндетіміз. Қазір көпшілік «полиция қызметкерлері енді қалай өзгереді?» деп елеңдеп жүргені анық. Осы ретте «Шетелдің полиция қызметкерлері қандай?» деген ойдың қылаң беретіні анық. Еуропа полициясының мәдениетінің жоғарылығын байқап жатамыз. Басымыздан өткен бір жағдай есіме түсіп тұр. Бір жылы Мысырға бардық. Сонда білмей бір жерге суретке түскенімізде сыпайы түрде сөйлеп, «бұл жерге суретке түсуге болмайды» деп ескерту жасап, түсіністікпен қарады. Халықтың полицияға деген құрметі ерекше. Шынын айтқанда, қамқоршы көреді. Бір қызығы сол жолы Мысырда жүргенде бағдаршам көрмедім. Әр көшенің бойында немесе қиылысында полиция қызметкерлері көлік ағынын қолымен реттеп тұрады. Соған қарамастан, бірде-бір көлік апаты болып жатқанын көрмейсің. Біздің елде бағдаршам, бейнекамера тұрса да, көлік апатынан келетін кісі өлімі көп. Мүмкін, бар мәселе жүргізушілердің жауапкершілігінде шығар. Түйін Айта берсе, мұндай мысалдар жетіп артылады. Біздің мақсатымыз – полиция құрылымы жұмысының тың беттерін көрсету еді. Қазақстан да жақсыны қабылдап, Грузияның тәжірибесін өзіне пайдалануды жөн көрді. Осының барлығы қайткен күнде сыбайлас жемқорлыққа тоқтау саламыз деген ізденістен туған игі қадамдар екендігі де анық. Ендеше, елдік жолында атқарылар игі істер көп болсын демекпіз.

Раушан НАРБЕК

Leave a reply