ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

0
31

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен Әзімбек Пазылбекұлы Түркістан қаласының әкімі лауазымына тағайындалды. Жаңа әкімді қаланың активіне облыс әкімі Дархан Сатыбалды таныстырды. Қалалық мәслихат депутаттары қала әкімі лауазымына ұсынылған Әзімбек Пазылбекұлының кандидатурасын қолдап, дауыс берді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шаһардың жаңа басшысына Түркістан қаласын дамыту, Түркі әлемінің орталығына айналдыру, туристік және экономикалық әлеуетін көтеру бағытында маңызды міндеттер жүктеліп отырғанын айтып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Әзімбек Пазылбекұлы 1991 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Білімі – жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетін және «Болашақ» университетін бітірген. Мамандықтары – мемлекеттік және жергілікті басқару, экономика, құрылыс, құқықтану.
Еңбек жолын 2013 жылы Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімі жетекші маманының міндетін атқарушы болып бастап, жетекші маман, бас маман қызметтерін атқарған. 2015 жылы Қызылорда қаласының әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы болса, одан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің Коммуналдық шаруашылық басқармасының сарапшысы, бас сарапшысы болып еңбек еткен. 2017 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті Коммуналдық шаруашылық басқармасының бас сарапшысы, басшысы болып жұмыс істеген.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басқармаларын басқарған. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарын атқарған.

Leave a reply