ЖҮЗ ЖАСАҒАН АНАҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Аудан әкімі Арман Сәбитов бірқатар басшылық құраммен бірге 1 қазан – «Халықаралық қарттар күні» мерекесі қарсаңында жасы 100-ден асқан Ақбұлақ ауылының тұрғыны Қызылкүл Қуандықованы төл мерекесімен құттықтап, шаңырағына арнайы барды.
«Сіздің әрбір жүріп өткен өмір жолыңыз өскелең ұрпақ үшін өшпес өнеге. Міне, бүгінде еңбегіңіздің зейнетін көріп отырған шақта да ұрпақтарыңызға ізгі істердің жарқын үлгісін көрсетіп келесіз. Қашанда шаңырағыңыздың ұйытқысы болып, шаттықтың сәулесін себе беріңіз. Отбасыңызға береке, бірлік тілеймін!»,- деді аудан басшысы Арман Сәбитұлы.
Ғасыр куәсі атанған асыл анамызға аудан әкімі өзінің атынан арнайы құттықтау хаты мен сыйлықтарын табыстап, иығына ақ жаулық жапты. Өз кезегінде, жүз жасаған ана бүгінгі жас буынның өзіне көрсетіп жатқан сый-құрметіне аналық ақжарма тілегін арнады. Ауданды алға дамыту жолындағы жаңа бастамаларына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.