ЖАЙЛЫ МЕКТЕП – БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

0
16

Созақ  ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс алаңында болды. Мердігер мекеменің өкілдерімен тілдесіп, білім ордасының құрылыс барысымен танысты.

 

Қазіргі таңда мектеп ғимаратының ішкі және сыртқы жұмыстарының қарқыны арта түскен. Ғимараттың фасадтары травертинмен қапталып, мектептің сыртқы келбеті сәнді әрі заманауи сипатқа ие болуда. Сонымен қатар, құрылыс аймағында абаттандыру жұмыстары да қоса жүргізіліп, аумағына асфальт жабындысы төселіп, көлік тұрақтары ретке келтірілуде.

Бұл жоба ауданның білім саласын жаңа деңгейге көтеріп, оқушыларға заманауи және жайлы оқу ортасын ұсынуға мүмкіндік береді.

 

Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Ол туралы алғаш екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылды.

Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды.

Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де  біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет.

Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.

Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.

Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» деген болатын.

Сонымен «Жайлы мектептің» жайы қалай болмақ? Оның қазіргі орта оқу орындарынан қандай айырмашылығы бар? Пайдасы бар ма? Оқу бағдарламасында өзгешелік бола ма? Білім саласындағы бұл бастама өз жемісін бере ме? Ендеше, осы тақырып жайында сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда қазір 7859 мектеп бар. Онда 3,9 млн. бала оқиды. Ал, 360 мың оқушы биыл бірінші сыныпқа барды. Республика бойынша 270 мың балаға мектепте орын жетіспейді. Мектеп тапшылығы, әсіресе, Алматы, Түркістан облысында, одан кейін Астана, Шымкент, Алматы қалаларында қатты сезіледі. Сала мамандары 2026 жылға қарай мектептердегі орын тапшылығы 1 млн. 100 мыңға жетуі мүмкін дейді. Демек, Ұлттық жоба аясында салынатын 369 мектеп те мәселені түбегейлі шешпейді деген сөз. Ал, Қазақстанда соңғы 30 жылда 1600 мектеп жабылған…

Мойындау керек, кезінде еліміздегі демографиялық ахуал дұрыс зерттелмеді. Ауылдан қалаға қоныс аударушылардың беталысы жіті зерттелмеуі үш ауысымды мектептер мәселесін ушықтырды. Ол туралы Мемлекет басшысы: «Өкінішке қарай, бүгінге дейін көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан осы ұлттық жобаның жүзеге асырылуы Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс» деді.

Кейінгі 10 жылда мектеп оқушыларының контингенті 1 млн. балаға өскен. Оған урбанизация, көші-қон, мектеп ғимараттарының тозуын қосыңыз.  Әсіресе, қалаларда қосымша орын қажеттілігі қатты сезіледі.

Ұлттық жоба еліміздегі оқушы орындары тапшылығын шешуге, апатты және үш ауысыммен оқытатын мектептер мәселесін жоюға бағытталған. 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыға арналған 369 мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті қолданысқа беру көзделген. Мектептер құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылмақ. Бұл ретте 163 мектеп ауылдық жерлерде салынады. Осыны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,3 трлн. теңге бөлу көзделген. Оның ішінде былтыр «Samruk-Kazyna Construction» компаниясына тиісті көлемде қаржы аударылды.

«Жайлы мектеп» жобасы бойынша ең көп мектеп Түркістан облысында салынады.

Пилоттық жоба аясында облыста 2023-2025 жылдары сыйымдылығы 49 мың орынды 63 заманауи мектеп құрылысын салу жоспарланған. 2024-2025 жылдары пайдалануға берілетін

29 жайлы мектепке (22900 орынды) 21071 оқушы қабылданбақ. Осы 29 мектептің 22-сі жаңадан ашылады. Олардың 7-уі апаттық, ескі қолданыстағы мектептің орнына салынады. Онда 2505 педагог жұмыс істейді.

Қолданыстағы нормаларға сәйкес 4 жайлы мектептің директоры тағайындалған. Оның 3-еуі Президенттік жастар кадрлық резервінен алынған. Жайлы мектептер педагогтарының біліктілігін арттыру бойынша «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен» келісімшарт негізінде қазіргі таңда 41 мұғалім білімін жетілдіруде. Жалпы, 1904 педагогты оқыту бойынша келісімшарт жасалыпты. Сондай-ақ, «Назарбаев Зияткерлік мектебінде» 160 педагог біліктілігін арттыру курсынан өтіп жатыр.

 

 

Leave a reply