Тарихтан білетініміздей қазақ халқы кешегі қиын жылдардақаншама ұлтқа пана бола білді. Еліміз егемендік алғаннан кейін осы этностарды ортақ құрылымның аясына біріктірудің бірден-бір жолы, ол – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру болды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырушы маңызды құралға айналып үлгерген. Еліміз егемендік алған 30 жылға жуық уақытта аталмыш құрылым қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудаүлкен маңызға ие болды.
Біз осы ретте Ассамблеяның еліміз үшін мәні мен маңызы қандай екенін және Сайрам ауданында ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтауда атқарып жатқан жұмыстары жөнінде Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының төрағасы Базарбай Айтбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Базарбай Мамадиярұлы, әңгімемізді Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихынан бастасақ…
– Еліміздегі бірлік пен татулықтың бастауы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш ПрезидентіНұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылды. Кезінде Президент жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде жұмысын бастаған Ассамблея бүгінге дейін конституциялық орган деңгейіне көтерілді. Бұл үлкен нәтиже.
Сонымен қатар, 2008 жылы мемлекетімізде «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң қабылданды. Мұнан кейін репрессия кезеңінде Қазақстанға жер аударылған түрлі этнос өкілдерінің қазақ халқына ризашылықтарын білдіруі және осы сыйластық пен берекелі бірліктің, татулықтың жолын ары қарай жалғастыру мақсатында 2016 жылы «1 наурыз — Алғыс айту күні» деп жарияланды. Содан бері елімізде 1 наурыз Алғыс айту күні ретінде аталып өтуде.
Реті келгенде айта кетейік, кезінде әлемдік деңгейдегі сарапшылар кеңес одағы уақытында көпұлтты ел атанған Қазақстанды болашақта ұлтаралық қақтығыстар мен шиеленістердің ордасына айналады деп болжаған екен. Беті аулақ, ондайды бізге көрсетпесін. Уақыт еліміздегі ұлтаралық саясаттың дұрыс бағытта жүргізіп келе жатқанын күннен-күнге дәлелдей түсуде. Бүгінде сол әлемдік деңгейдегі сарапшыларымыз біздің қоғамдық келісіміміз бен ұлтаралық татулық жайындағы саясатымызға қызыға қарауда.
КезіндеНұрсұлтан Назарбаевтың ұйытқы болуымен құрылған Ассамблея қаншама ұлт өкілдерінің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тату-тәтті тіршілік кешіп, ел игілігіне бағыттаған бастамаларды бірлесе атқарып, мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік жағынан дамуына өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар, жүзден астам ұлт өкілдерін маңайына топтастыруда ған Ассамблея уақыт өте келе өз тиімділігін көрсетіп қана қойған жоқ, мемлекеттік деңгейдегі үлкен маңызға ие екендігін айқындады.
Мемлекетімізде ұлттық саясатты жүзеге асыру бағытындағы, соның ішінде елдің бірлігі мен тұтастығын сақтауға арналған шараларды атқарып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне қатысты мәселелер бойынша Конституцияға екі рет түзетулер енгізілді. Осы бағытта Мемлекет басшысы 10-нан астам Жарлыққа қол қойды. Соның негізінде Ассамблеяның 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы қабылданды. Өңірлерде жергілікті ассамблея тарапынан атқарылатын жұмыстар ҚХА-ның осы даму тұжырымдамасы шеңберінде іске асырылады.
Бүгінде елімізде мыңнан астам этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Бұл этномәдени бірлестіктердің мақсаты — мемлекетіміздегі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен тұтастығын сақтай отырып, олардың мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрін дамытуына қолдау көрсету. Оған мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалынуда. Айтайын дегенім, осындай шаралардың нәтижесінде ұлт өкілдері елімізде атқарылып жатқан ауқымды, оның ішінде мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бағытталған шараларға белсенді түрде атсалысып келеді. Осылайша, олар мемлекетіміздің алға қарай ілгерілуіне өз үлестерін қосуда.
Бүгінде Түркістан облысындағы Ассамблея жанында өзбек, славян, түрік, күрді, иран, қырғыз, тәжік, шешен-ингуш, татар-башқұрт, ұйғыр, грек этномәдени бірлестіктері жұмыс істейді. Сонымен қатар, қоғамдық келісім кеңестері, аналар кеңестері, ғылыми-сарапшылық топ, медиация кеңесі, медиация кабинеті, қайырымдылықты үйлестіру, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, «Достық» және «Айбын» клубтары, ақпараттық-насихаттық топтар да бар. Осы аталған құрылымдар өздеріне бекітілген бағыттар бойынша жұмыс істеуде. Мен соның ішінде Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Сайрам аудандық филиалы атқарған жұмыстарға кеңірек тоқталып өтейін.
Жалпы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат аясында межелі міндеттерді жоспарлы әрі жүйелі түрде жүргізеді. Атап айтар болсақ, жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді,этносаралық ахуалға тұрақты мониторинг жасайды, этностар жинақы шоғырланған жерлердің өзекті мәселелерін саралайды, проблемаларын анықтайды және олардың шешу жолдарын қарастырады.
— Сайрам ауданы аумағында этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша қандай жұмыстар атқарылуда. Енді соған келсек…
Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Сайрам аудандық филиалыныңатқарған жұмыстары туралы айтпас бұрын мынаға назар аударуды жөн көріп отырмын. Аудан аумағындағы этносаралық ахуалды бағалау мақсатында аудандық полиция басқармасынан күнделікті орын алып жатқан оқиғалар жөнінде мәлімет этносаралық қатынастар саласының мониторингі және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бөліміне жолданып отырады. Орын алған проблемалық мәселелерді, этносаралық шиеленісті, кемсіту және қақығыс фактілерін, этносаралық саладағы тоқсандық өзгерістер динамикасы талданады. Этносаралық салада орын алып жатқан мәселелер бойынша тоқсан сайын зерделеу жұмыстары жүргізіліп, мониторинг жасалынады. Мәселен, аудан аумағында 6 ай көлемінде этнос өкілдерінің қатысуымен өзінше билік ету -2, бұзақылық — 8, жол көлік оқиғасы-1, жалпы 11 оқиға орын алған.
Сонымен қатар, шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарда этносаралық және әлеуметтік ахуалды бағалауға барынша көңіл бөлінеді. Бізде шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындар жоқ. Аудан аумағында шағын тұратын этностар туралы мәліметтер жинақталып, олармен тұрақты түрде қарым-қатынас жүргізілуде.
Сайрам ауданында этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша өңірлік жоспарлар уақытылы орындалуда деуге болады. Әлеуметтік желілерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, ресми аккаунттарды құру және дамыту, ресми аккаунттарда этносаралық қатынастар тақырыптарын оң ақпараттық күн тәртібіне насихаттау жұмыстары қолға алынған. Әлеуметтік желіде филиалдың ресми фейсбук парақшасы құрылған, сонда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп отырамыз. Ақпараттық салаға мониторинг жасау, этносаралық қатынастар мәселелері бойынша деструкивті басылымдарды анықтау, олардың авторларымен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, құқық қорғау органдары тарапынан алдын алу шараларын қабылдауға да басымдық берілген.
Қазақстан Халқы Ассамблеясының Даму тұжырымдамасын іске асыру мақсатында тапсырмалар жоспарғаенгізіліп, бүгінгі күні осы бағытта тиісті жұмыстарды атқарудамыз. Аудан аумағындағы медиаторлармен және 42 елді мекенде ауыл округтеріндегі татулыққа жауапты қызметкерлермен жұмыс жүргізілуде. Қазақстан халқы Ассамблеясынан берілген тапсырмалар мен бекітілген жоспарға сәйкес жұмыстар жүзеге асырылып, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-дегі тиісті бөлімге ақпарат жіберіліп отырады. Оның ішінде мемлекеттік тілді дамыту және қазақ тілін этносаралық қатынас тіліне айналдыру туралы, қайырымдылық, волонтерлік қызметті дамытуға көмектесу туралы, этномедиацияны дамытуға көмектесу туралы, ЭМБ аккредиттеу туралы, этнос жастарымен тәрбие жұмысы және «Жастар ассамблеясы» РҚБ жастар филиалдарын дамыту туралы деректер қамтылады.
Жақындабіз аудандық Іскер әйелдер кеңесімен және аудандық аналар кеңесімен бірлесіп, Ақсукент ауылында тұратын әлеуметтік тұрмысы төмен 2 отбасына жалпы сомасы 50 мың теңгелік азық-түлік себетін тарту еттік.
Е.Сарманов атындағы гуманитарлық агроэкономикалық колледжінің мәжіліс залында Сайрам ауданы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі «Қыздарға өнегелі тәрбие беру жолдары» атты тақырыпта кездесу өткізді.Кездесуге Сайрам аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Ұ.Оразбаева, аудандық аналар кеңесінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ-ң Сайрам аудандық филиалы мамандары, кәсіби медиатор, психолог, колледж директоры, ұстаздар және студенттер қатысты.
Аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Ұлдана Оразбаева «Қыздарға өнегелі тәрбие беру жолдары» тақырыбында баяндама жасады. Жиында ана мен қыздың арасындағы қарым-қатынас, салт-дәстүр және отбасындағы құндылықтар мен тәрбиенің маңыздылығымен қатар ұлтаралық татулық мәселесі де сөз болды.
Мұны неге айтып отырмын. Аналар кеңесі Ассамблеяның заңды құрылымдарының бірі болып табылады. Олар өз қызметін еліміздің үлкен қалаларынан бастап әрбір шағын елді мекенінде жүзеге асырады. Облыс, республикалық маңызы бар қалаларда Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен Қоғамдық келісім кеңестерін құрылған болатын. Сол кезде елімізде Қоғамдық келісім кеңестерімен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Аналар кеңестері құрыла бастады. Негізінде, кейбір тұрмыстық мәселелерді шешу, тәрбиелеу мәселелерін талқылау, ұлттық құндылықтарды сақтау бағытында жұмыс істеу үшін аналар жиналған түрлі одақтар, кеңестер, бірлестіктер бұрын да болған.
ҚХА жанындағы Аналар кеңестері елімізде ұйымшылдықпен бір мезгілде, шамамен бір-екі ай ішінде құрылған болатын. Бірден олардың қызметін бірыңғай форматқа келтіру, жұмыстарының бағытын айқындау бойынша ой-пікірлерді ортаға салып, бір арнаға тоғыстыру қажеттігі байқалды. Сөйтіп, Елордада Аналар кеңестерінің I Республикалық форумы ұйымдастырылды. Бүгінде еліміздің өңірлерінде 16 облыстық, 47 қалалық, 270 аудандық, 1239 ауылдық аналар кеңесі жұмыс істейді. Сондай – ақ этномәдени бірлестіктер жанынан 105, кәсіпорындарда 33 аналар кеңесі құрылған.
Кеңестердің құрамында көп балалы аналар, патронат аналар, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, психологиялық-медициналық мекемелер, дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар, жастар бар.
Аналар кеңестері жас ұрпаққа біздің ұлттық құндылықтарымызды, әдемі де тәрбиелік мәні зор дәстүрлерімізді жеткізіп қана қоймайды, ұлтаралық бірлік пен тұрақтылықты сақтау жолында еңбек етеді. Аналар үшін біздің жеңістерімізді, жетістіктерімізді, ең бастысы, біздің аса зор құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді кімге табыстайтынымыз аса маңызды мәселе.
Адамның көптеген көзқарастары мен ұстанымдары отбасында тәрбиеленеді. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің басты мақсаттарының бірі – отбасында толеранттылықты тәрбиелеу. Бұл – қазіргі уақыттың ең өзекті мәселелерінің бірі және көпэтносты мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды ескеретін болсақ, үлкен маңызға ие мәселе.
Біз бала кезден басқа мәдениеттерге, басқа тілдерге құрметпен қараушылықты, өркениетті елдің талаптарын орындау қажеттігін тәрбиелеуге тиіспіз. Бала бойына басқа ұлт өкілдеріне деген достық пейілдің, мәдениетті қарым-қатынастың негіздерін қалай отырып, толерантты тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеміз.
— Медиацияда бүгінде қоғамдық келісімді нығайтуға арналған бірегей құралға айналды. Өңірдегі медиация жұмысына да тоқталып өтіңізші…
— Елімізде медиация институты дамып келеді. Медиаторлардың көмегіне жүгіну арқылы соталды дау-жанжалдарды шешу тәсілі біртіндеп қалыптаса түсуде. Сайрам ауданында бүгінде 22 медиатор бар. Олар екі тарап арасындағы жанжалдардың шешу жағдайын қамтамасыз ететін тәуелсіз делдалдар. Соның ішінде кәсіби медиаторлар дауларды кәсіби деңгейде шешу жолын қарастырады және барлық деңгейдегі мәселелерге қатысты сұрақтарды шешеді. Ал, қоғамдық медиаторлар нақты бір деңгейдегі жанжалдарға арала алады. Осыған да мән беруіміз керек.
Реті келгенде айта кетейін, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, А.Исмаилов атындағы кәсіптік колледждің мәжіліс залында «Этносаралық дауларды шешу жолдары» тақырыбында ауыл округіндегі медиаторлардың, аудандық аналар кеңесі мүшелерінің, аудандық ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметі секторының меңгерушісі Ғ.Медеуовтың және полиция қызметкерлерінің қатысуымен «дөңгелек үстел» өтті. Мен сонда өз баяндамамда қазақстандық медиацияның тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ететін өміршең механизм екенін көрсетуге тырыстым. Өйткені біздің ел барлық салада белсенді дамып келе жатыр. Сондықтан көптеген дауларды реттеуде медиация азаматтарға өмір сүру сапасын жақсартуды арттыруға жәрдемдеседі. Медиация үшін жәрдемші болатын беделді қоғамдық құрылымдар, яғни ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, ғылыми-сараптамалық кеңес, этномәдени орталықтар бар.
Жалпы өңірімізде «Азаматтық бірегейлікті қалыптастыру», «Қазақстандық этностардың алуан түрлілігін рухани-мәдени жағынан танымал ету», «Этносаралық ортадағы қақтығыс көріністерінен бас тартуға бағытталған әлеуметтік қатынастарды дамыту арқылы медиация институтын дамыту» атты тақырыптарда көптеген шаралар атқарылуда. Соның ішінде этносаралық шиеленіс пен жанжалдың алдын алу бойынша оның ішінде этностар жинақы тұратын нақты елді мекендер бөлінісінде этносаралық қатынастарға теріс әсер ететін проблемаларды (тарихи, топонимикалық, ономастикалық, тілдік, білім беру, әлеуметтік-экономикалық, немесе т.б.) шешу бойынша өткізілген іс-шараларға басымдық берілген.
Айта кетейік, этносаралық шиеленіс пен жанжалдың алдын алу мақсатында аудан аумағындағы 11 ауыл округтеріндегі ұлтаралық татулыққа жауапты мемлекеттік қызметкерлердің тізімі алынып, оларға куәліктер таратылды. Суреттері мен байланыс құралдары мекемелерге плакатпен ілінген, аталған азаматтармен бірлесе жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, аудан аумағындағы этностар жинақы тұратын ауыл округтеріндегі тұрғындар арасында ынтымақ, татулық, бірлікті сақтау мақсатында сол ауылдағы бейресми көшбасшыларының тізімі жаңартылып, жоспар түзіліп, бекітілген жоспарға сәйкес кездесулер өткізіліп жатыр.АПБ-нан күнделікті ақпарат алып, қандайда бір этностар арасында құқықбұзушылық пен қақтығыстар орын алған жағдайда қос тараппен кездесіп, мәселенің мән-жайын анықтап, ақпарат тиісті мекемеге жолданады.
Аудан аумағында этносаралық қатынасты насихаттау мақсатында ақпараттық-насихаттық топ құрылған. Тиісті мекемелермен бірлескен жоспарға сәйкес, аудан аумағында қоғамдық саяси ахуалды тұрақтандыру, этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған кездесулер ұйымдастырылып, хаттамалары тиісті бөлімдерге жолдануда.
— Ассамблея жұмысын жандандыруда тағы қандай шараларды атқарудасыздар?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, өңірлерде атқарылатын жұмыстар ҚХА-ның даму тұжырымдамасы шеңберінде іске асады. Айталық, Сайрам ауданының «Жастар ресурстық орталығы» КММ–нің тарапынан Жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, спорттық-мәдени іс шараларға тарту, бос уақытын тиімді пайдалану, қиын топқа жататын жастармен жұмыс жасау, ұлтаралық татулықты сақтау, жас көшбасшыларды қалыптастыру бағытында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан бірқатар клубтар мен еріктілер мектебі жұмыс жасауда. Одан бөлек, аудан көлемінде жастардың шығармашылық қабілеттерін арттыру, жастарды білімділікке, сауаттылыққа шақыру, сол арқылы патриоттық рухты қалыптастыру мақсатында тұрақты іс-шаралар өткізілуде.
Жақында «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, филиал қызметкерлері Көлкент ауыл округі әкімі міндетін атқарушы Қанат Әділбекпен бірлесіп, «Бірге – Таза Қазақстан» тақырыбында экологиялық акция ұйымдастырды. Акцияның мақсаты — Экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды қоршаған ортаны ластамауға, тазалық сақтауға бағытталған.
Көлкент ауыл округіндегі «Шатқал» саябағы аумағына аудандық Ақсақалдар кеңесі мүшелері Ариф Садыков, Сунатулла Акрамовтар және ерікті жастардың қатысуымен 100 дана қылқанжапырақты қара ағаш көшеттері отырғызылды.
Ал, құқықбұзушылықтың алдын — алу мақсатында аудан орталығы Ақсукент ауылында бірлескен рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Іс-шараға «Қоғамдық келісім» КММ-і Сайрам аудандық филиалы, аудандық полиция бөлімі қызметкерлері мен «Жастар ресурстық орталығы»КММ мамандары қатысуда.Түнгі рейдтік шара барысында жасөспірімдердің жиі бас қосатын орындары, ойын-сауық кешендері мен көңіл көтеретін орындары аумақтарына арнайы қызметтік тексеріс жүргізіледі.Сондай-ақ, аталған орындарда түнгі 22:00-ден кейін кәмелетке толмаған жасөспірімдерді заңды өкілдерінсіз кіргізбеу керектігін ескертіп, оларға мүлдем темекі бұйымдары мен спиртті ішімдіктерді сатуға болмайтындығы жайында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мұнан бөлек, жастардың отансүйгіштік сезімін ояту мақсатында «Ерлік сабағын» өткізіп тұрамыз. Таяуда Ақсукент ауылында орналасқан №5 М.Горький жалпы орта мектебінің мәжіліс залында бірлескен жоспар негізінде «Қоғамдық келісім» КММ-і Сайрам аудандық филиалы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ұрпақ сабақтастығын қалыптастырып, аға буын ардагерлерін жастарға үлгі ету мақсатында жоғары сынып оқушыларының қатысуымен «Ерлік сабағы» өтті.Ерлік сабағының мақсаты — «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы тәрбиеленушілерінің туған еліне, жеріне деген патриоттық сезімін қалыптастыру болып табылады.
Тұрғындардың туған жер туралы танымын кеңейту мақсатындағы шараларымыз да баршылық. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і Сайрам аудандық филиалының ұйымдастыруымен Қарабұлақ ауылында орналасқан ауылдық мәдениет үйінде Мәдени — ағарту жобасы аясында «Тарихтан тағылым» тақырыбында кездесу өтті. Шараның мақсаты — Сайрам ауданында NEET санатындағы жастар үлесін төмендету. Төрт жақты бірлескен жоспар негізінде өткізілген бұл кездесуге мектеп және колледж әкімшілігі мен «Қоғамдық келісім» КММ мамандары және жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері қатысты. Кездесуде Ы.Алтынсарин атындағы ЖОМ-ң тарих мұғалімі Мария Смайлова, Ш.Уалиханов атындағы ЖОМ-ң тарих мұғалімі Айгүл Рүстемова, №3 Хамза атындағы ЖОМ-ң тарих мұғалімі Саодат Сайфуллаевналар тарих және өлкетану білімін дамыту бойынша баяндамалар оқыды.Бәйдібек атындағы №31 жалпы орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Мұратов Аян Спандиярұлы «Ханқорған» қалашығы VIII – XII ғ.ғ. туралы ел аузында аңыз-әңгiмелер көп екені туралы айтты.
— Сынған қылыш, жерасты су құбырларының қалдықтары, құмыра, ыдыс-аяқ сынықтары төбе маңынан көптеп кездеседi. Ханқорған — бiр кездерi Абылай ханның ордасы болған, осы қорғанды Жәнiбек хан салдырып, хандық құрған. Абылай ханның, оның ұрпағы Сыздық сұлтанның ордасы болған. Ханқорған мемлекеттік деңгейде толық өз бағасын алса және өз дәуірінің құнды дерегі ретінде Қазақстан тарихы оқулығы беттерінен орын тапса игі еді, — деді Аян Мұратов.
«Сайрам аудандық орталық кітапханалар жүйесі» КММ-нің оқу залында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тарихи кезеңінің 300 жылдығына арналған «Қазақ даласындағы тойтарыс» атты тарихи танымдық сағаты және «Қазақстан халқының бірлігі» күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Ынтымақ, бірлік, келісім – ең асыл байлық ел үшін» атты мерекелік іс-шарасы өтті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, этнос жастары қатысты. Алғы сөзде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәди Нұрлыбаев сөз алып, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама– қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығы (1723- 1725) салдарынан басынан кешкен ауыр қасіретін, босқыншылыққа ұшыраған кезеңді бейнелейтін ұғым екеніне тоқталды. Осы жаугершілік басталардың алдында қазақ даласында ұзақ уақытқа созылған алапат жұттың экологиялық, экономикалық, саяси, әлеуметтік салдары өте ауыр болды. Үш жүздің саяси-әлеуметтік байланысы әлсіреді, халықтың әл-ауқаты төмендеп, өндіріс қатынастары құлдырады. Ішкі алауыздық, билікке деген талас-тартыс қауіпті жаудың бар екендігін ұмыттырды. Жоңғар әскерінің жеті түмен ауыр қолының анталаған басқыншылығына тап болды. Жер аздырған жұт пен жұрт тоздырған шапқыншылық қазақ елінің хал-ақуалын мүлде ойсыратып жібергені туралы айтты.
Жалпы «1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні» мерекесінің мәні мен маңызы айрықша. Бір сөзбен айтқанда, бұл – ел ішіндегі түрлі этнос пен дін өкілдерінің арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, сый-құрметті арттырып, татулық, бірлік пен ортақ құндылықтарды насихаттауды мақсат еткен мереке.“Бірлік — береке бастауы” іс- шарасы Ақсукент ауылындағы Мәртөбе алаңында өтті.
Сайрам ауданында 241081 этнос өкілі тұрады. Оның 62934-і қазақ, 4483-і орыс, 165182-і өзбек, 1355-і әзірбайжан, 46-ы тәжік, 370-і татар, 3527-і түрік, 359-ы кәріз, 305-і украин, 1346-ы күрді 87-і неміс, 13-і ұйғыр, біреуі шешен, жетеуі қырғыз ұлтының өкілі.
Қазақстандық қоғамдық келісімге бағытталған мемлекеттік саясаттың мәні – ел бірлігін бекемдеу. Қазақстан Конституциясының 39-бабының 2-тармағында «ұлтаралық жəне конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген əрекет конституциялық емес деп танылады» делінген. Мне, біз осылайша мемлекетіміздегі ұлт өкілдерінің тілдерінің, дəстүрлерінің алуан түрлілігін мойындай отырып, азаматтық қоғам құру жолын таңдадық.
Бүгінде Сайрам ауданында тұратын этнос өкілдерінің өңірдің өсіп-өркендеуіне қосып отырған үлестері сүбелі. Әсіресе, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларында табысты еңбек етіп келе жатқан этнос өкілдері жетерлік. Білім, ғылым, мәдениет салаларында жетістікке жетіп жүргендері де көп.
Көріп отырғаныңыздай, Ассамблея атқарып отырған жұмыстардың барлығы ел игілігіне бағытталған. Ол – қоғамдық келісімді сақтау, этносаралық татулықты тұғырынан түсірмеу, достық пен өзара түсіністікті арттыру, этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрін қолдау, қазақстандық патриотизмге баулу және тағы басқалар.
— Әңгімеңізге рахмет!