Түркістанда 17 құнды қолжазба табылды

0
142

Мемлекет басшысының пәрменімен «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы жанынан құрылған Ясауитану ғылыми орталығы қазақстандық рухани мұраға жаңа жәдігерлерді қосты. Бұл оқиға тек музей-қорық үшін ғана емес, бүкіл Қазақстанның рухани қазынасы үшін маңызды тарихи белес болып отыр.

Жергілікті тұрғындардың көмегімен табылған 17 құнды қолжазба мен сирек кітаптар қазақ руханиятының бай мұрасын толықтырып, ғалымдарға жаңа зерттеу мүмкіндігін ашты. Бұл жаңалық түркі дүниесінің рухани мұрасын зерттеу саласында соңғы жылдардағы ең маңызды ғылыми табыстардың бірі болып отыр.

Көне жәдігердің табылуы Қожа Ахмет Ясауи ілімінің түпнұсқалық нұсқаларын зерттеу мүмкіндігін арттырып, сопылық әдебиеттің ғылыми қайта қаралуына жол ашады. Қолжазбаның мәтіндік ерекшеліктері, қағаз құрылымы, каллиграфиялық белгілері оның тарихи құндылығы жоғары екенін дәлелдейді. Қолжазбалар арасында Қожа Ахмет Ясауидің Хикметтерінің көне нұсқасы, Ғаусул Ағзам Абдулқадир Жайлани рисаласы, Сүлеймен Бақырғани Хикметтері, Низамидің өлеңдері, Мәшрәбтің өлеңдерінің де нұсқалары бар.

Алғашқы ғылыми сараптама нәтижелері қолжазбаның XVIII–XIX ғасыр аралығына жататынын көрсетеді. Мәтіннің ішкі құрылымы, хикметтердің реттілігі мен нұсқалық айырмашылықтары Ясауи мұрасын зерттеуде жаңа ғылыми деректер ұсынады.

«Бұл – тек табылған жәдігер емес, Ясауи мұрасының жаңа парағы. Ғылыми ортада бұрын белгісіз болып келген кейбір хикметтер мен мәтіндік нұсқалар осы қолжазба арқылы қайта анықталды», – дейді Ясауитану ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы

Баспасөз мәслихатында сонымен қатар Ясауитану ғылыми орталығының 2025 жылдағы ғылыми және мәдени жобаларының есебі де ұсынылады. Олардың ішінде: халықаралық ғылыми экспедициялар; Ясауи мұрасын цифрландыру жұмыстары; ғылыми басылымдар мен монографиялар; жас зерттеушілерге арналған семинарлар мен практикумдар; «Ясауи зерттеулері» журналының жаңа шығарылымдары. Ғылыми орталық Ясауи мұрасын әлемдік ғылыми айналымға енгізуді жалғастырып келеді. Табылған қолжазба – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі екендігі сөзсіз.

Leave a reply