СОЗАҚТА ӨТКЕН СЕНБІЛІККЕ 1 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ҚАТЫСҚАН

Созақ ауданындағы 12 ауылдық округте ауқымды сенбілік өтті. Тазалық шарасы аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен. Игі шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, қоршаған ортаны тазалап, қорғау әрбір азаматтың міндеті екендігін айтты.
Сенбілікке барлығы 972 адам қатысқан. Шара барысында «Жастар — Таза Қазақстан үшін» және «Қоршаған ортаны қорғайық» атты арнайы экологиялық акция ұйымдастырылған. Акция аясында ауыл тұрғындары мен жастарға тұрмыстық қалдықтардың адам өмірі мен табиғатқа әсері баяндалды.
Шара барысында Созақ ауылындағы орталық саябақ пен Құмкент ауылындағы Қызылкөл маңында арнайы пластикалық қоқыс қалдықтарына арналған 4 жәшік орнатылды. Жалпы игі шара аудан тұрғындарын экологиялық мәдениетке шақырып, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған. Сондай-ақ, көктемгі тазалық жұмыстарын жүргізу, пластикалық тұрмыстық қалдықтардың қоршаған орта мен адам өміріне зиянын кеңінен түсіндіру мақсатында өткен.