ТҮРКІСТАНДА ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы шаһардағы тұрғын үй құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Әзімбек Пазылбекұлы құрылыс мамандарымен бірге алдымен Отырар шағын ауданында бой көтерген 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылыс қарқынымен танысты.
Аталған жобаның жалпы жер көлемі 11,4 гектарды құрайды. 800 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын «Project Building» ЖШС жобалаған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталған.
Сондай-ақ, қала әкімі Әкімшілік-іскерлік орталығында салынып жатқан «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінің құрылыс барысын көрді. Мұнда 5, 7, 9, 12 және 20 қабатты 60 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Нысандарды пайдалануға беру осы жылдың қыркүйек айына жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарын бірнеше жетекші мердігер компаниялар жүргізуде.
Әзімбек Пазылбекұлы мердігер компанияларға құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтауды міндеттеп, қала тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.