Понедельник, 12 мая

Мемлекет басшысы Абу Дабидің Тақ мұрагері Халед бен Мұхаммед Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді

0
16
➤ Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, оның бұл сапары Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретініне назар аударды.
✔️ Президенттің айтуынша, Әмірліктер – еліміздің ең басты серіктестерінің бірі. Қос мемлекеттің мақсат-мүдделері бір-бірімен сәйкес келеді. 2023 жылы екі ел үкіметтері Стратегиялық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы бірлескен декларацияға қол қойды.
✔️ Кездесуде Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан экономикасындағы ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіретіні жөнінде айтылды. Былтыр БАӘ-ның елімізге құйған инвестиция көлемі екі есеге артып, рекордтық көрсеткішке жетті.
✔️ Мемлекет басшысы аталған сапар аясында құны 5 миллиард долларды құрайтын 20-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылатынын құптады. Оларды жүзеге асыру елдер арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты айтарлықтай ілгерілетіп, өзара тиімді байланыстарды нығайтуға септігін тигізеді.
➤ Абу Дабидің Тақ мұрагері көрсетілген қонақжайлық үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар табиғаты көркем, халқы жайсаң елімізге ерекше қуанышпен келетінін жеткізді.
✔️ Халед бен Мұхаммед Әл Нахаян Қазақстан мен БАӘ арасындағы қарым-қатынас өзара сенім, қолдау және ортақ игілікке бірге ұмтылу қағидаттарына құрылғанын атап өтті. Бұл байланыстар сауда-инвестициялық ықпалдастық шеңберінен шығып, энергетика, көлік салаларынан бастап цифрлық инфрақұрылым мен білім беру ісіне дейін жалғасып жатқан кең ауқымды бағыттарды қамтитынына тоқталды.
✔️ Тақ мұрагерінің айтуынша, бүгін қол қойылатын келісімдер екі елдің болашақта да бірлесіп жұмыс істеуге бейіл екенін дәлелдейді.
АҚОРДА

Leave a reply