Суббота, 24 мая

“KAZATOMPROM-SAURAN” КОМПАНИЯСЫНЫҢ 10 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ

0
16
Бүгін “Kazatomprom-SaUran” компаниясы 10 жылдық мерейтойын сән-салтанатпен атап өтті.
Іс-шараның шымылдығы ұлттық нақыштағы әуендерімен ерекшеленген «Керуен» этно ансамблінің өнерімен ашылып, қонақтар үшін арнайы фотозона мен шай үстелі ұсынылды.
Салтанатты кешке арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков “Kazatomprom-SaUran” компаниясының барша ұжымын мерейлі мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді:
«Бұл – тек бір кәсіпорынның мерекесі ғана емес, еліміздің уран өндіру саласындағы табысты дамуының айқын көрінісі. Компания осы жылдар ішінде елеулі жетістіктерге жетіп, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға үлкен үлес қосты. Әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын берік ұстанып, Созақ ауданында жүзеге асқан көптеген игі істерге бастамашы болып келеді. Инфрақұрылымдық жобаларды қолдау мен халықтың әлсіз топтарына көмек көрсетуі – компанияның елмен етене еңбек етіп келе жатқанының айқын дәлелі», – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, компания басшысы Бауыржан Медетханұлына арнайы құттықтау хат пен сый-сияпат табыс етті.
Мерекелік жиында “Kazatomprom-SaUran” компаниясының бас директоры Бауыржан Тоқсанбаев және бас директордың орынбасары Азамат Рахманбердиев құттықтау сөз сөйледі.
Кештің концерттік бөлімінде белгілі әншілер Сәкен Майғазиев, Серік Гамзе Заде, «Qazaq Band», Роман Майғазиев және «Созақ серілері» сынды өнер иелері өз өнерлерін көрсетіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, «Жауқазын» би тобы мен «Таукент гүлдері» балабақшасының тәрбиеленушілері ұлттық нақыштағы би мен әндер орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Салтанатты шара аясында өндірістегі озат қызметкерлер мен үздік мамандар арнайы марапаттарға ие болды. Сонымен қатар, спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен үздік аппаратшылар да құрметтелді.
Мереке барысында компанияның 10 жыл ішіндегі негізгі жетістіктері мен әлеуметтік жобалары кеңінен насихатталды. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысы, балаларға арналған инфрақұрылым, робототехника кабинеттері мен студенттерге қолдау көрсету секілді маңызды жобалар атап өтілді.

Leave a reply