Суббота, 14 июня

ТҮРКІСТАН: ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА «ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ 

0
25

Түркістан – ежелден өнер мен мәдениеттің ордасы, тарихи тұлғалар мен рухани қазынаның мекені. Бүгінде облыста халқымыздың дәстүрлі өнерін дәріптейтін түрлі шығармашылық ұжымдар мен мәдениет ошақтары табысты жұмыс істеп келеді. Осы тұста түркі дүниесінің рухани астанасында айтулы жоба – «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі басталды. Биылғы фестиваль ережесіне өзгерістер енгізілді. Өнерлі көштің керуенін алғаш болып Ордабасы және Түлкібас аудандары бастады.

Қос аудан өнерпаздары ақындар айтысы, дәстүрлі терме, ұлт аспаптар ансамблі, эстрадалық жанр, би өнері, вокалды-аспаптық ансамбль, «Ауылдың алты ауызы» (әжелер ансамблі), салт-дәстүрлер көрінісі сынды жанрлар бойынша бақ сынады. Жалпы фестиваль аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі, суретшілер жұмыстары, аудан жетістіктері мен кітап көрмелері ұйымдастырылады. Фестиваль үш кезеңнен тұрады. Жеребе арқылы жұптасқан аудан-қалалар бірінші кезеңде сайысқа түсіп, үздік өнер ұжымдары келесі айналымға жолдама алады. Ақтық кезеңде үздіктер анықталады. Өнерпаздардың өнері жанрлар бойынша кәсіби қазылар алқасымен бағаланып, ұлттық нақыш пен сахналық мәдениетке баса назар аударылады және ұйымдастырушылық деңгейіне баға беріледі.

Өнер додасына Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мейіржан Алиакбаров, ақын, Облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының» Түркістан облысы филиалының төрағасы Тұрар Тілеулиев, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің оқытушысы Әлімбай Ботақараев, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының хореограф Ақниет Әмзехан қазылық етеді.

Аудан-қалалар жеребе арқылы жұптасып, сахнада бір-бірімен сынға түседі. Бұл өңір өнерпаздарының шеберлігін шыңдап қана қоймай, көрермен қауымға қызықты бәсекелі өнер думаны болмақ. Фестивальдің мақсаты – ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді дамыту, халық шығармашылығын жаңғырту, жасұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру және Түркістанның мәдени-туристік әлеуетін арттыру. Айта кетейік, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Облыстық мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен мамыр-шілде айларында өтеді. Ертең, 16 мамыр күні сағат 18:00-де «Керуен сарай» кешенінде Мақтаарал ауданы мен Кентау қаласы жалғайды.

Облыс аумағында 30-дан астам халық театры, фольклорлық ансамбльдер, дәстүрлі ән-күй орталықтары жұмыс істейді. Сонымен қатар, «Оңтүстік өнері» деп аталатын аймақтық бренд қалыптасып, шетелге танылып келеді. Ұлттық аспаптарда ойнайтын өнерпаздар, терме мен айтыс дәстүрін жалғастырып жүрген жас таланттар республикалық, халықаралық деңгейде жүлделі орындарға ие болуда. Мәдениет үйлері мен кітапханалар, балалар шығармашылығы орталықтары, көркемөнер мектептері – барлығы да өнерлі өскелең ұрпақ тәрбиелеуге зор үлес қосуда. Түркістан қаласының өзінде бірнеше ірі мәдени іс-шаралар, халықаралық фестивальдер мен байқаулар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Түркістан музыка колледжі, өнер мектептері, драма және қуыршақ театрлары – бұл да өңірдің шығармашылық әлеуетін көрсететін маңызды нысандардың бірі.

Облыс әкімдігі мен Мәдениет басқармасы өнер саласын дамыту, халық шығармашылығын қолдау бағытында жүйелі жұмыс атқаруда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында ауылдық мәдениет үйлері жөндеуден өткізіліп, жаңа заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Жыл сайын «Театр көктемі», «Түркістан дауысы», «Шабыт шеруі», «Дала сазы» секілді фестивальдер ұйымдастырылып, ауыл мен қала өнерпаздары арасында тәжірибе алмасу жолға қойылған.

Төлеби ауданы – Түркістан облысындағы мәдениеті мен өнері қатар дамыған, өнерпаздары өрге жүзген өңірлердің бірі. Халықтық дәстүр мен рухани мұраны дәріптеп келе жатқан бұл аудан — ел ішіндегі талай таланттың тұсауын кескен қасиетті мекен. Аудандағы мәдениет саласында 20-дан астам клуб, 15-ке жуық кітапхана, бірнеше балалар саз мектептері мен өнер ұжымдары жұмыс істейді. Халықтық және үлгілі атаққа ие өнер ұжымдары, домбыра үйірмелері, термешілер мен ақындар мектебі – барлығы да төл мәдениетімізді насихаттауға үлес қосуда.

Төлеби ауданынан шыққан көптеген өнерпаздар облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі байқауларда топ жарып жүр. «Өнерлі өрен», «Жас тұлпар», «Дала сазы» сынды байқауларда аудан өнерпаздарының жүлделі орын алуы – соның дәлелі. Жыл сайын аудан көлемінде «Наурыз шуағы», «Мәдениет майталмандары», «Әнім саған, туған жер» сияқты ауқымды мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады. Ауыл-аймақтағы мәдениет үйлері жөндеуден өтіп, жаңа форматтағы шығармашылық орталықтарға айналуда. Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнер үйірмелері, саз мектебі, хореография және театр студиялары да Төлеби ауданындағы өнердің келешегін айқындай түседі.

 

Leave a reply