ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫН 100 ПАЙЫЗ САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін барлық елді мекендерді 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы мақсатта биыл облыс аумағында жалпы 63 ауыз су нысанының құрылысына бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Соның ішінде, бірінші кезекте 30 елді мекендегі құрылыс жұмыстарын осы жылы аяқтау көзделген. Атап айтқанда, бұл жұмыстармен Келес ауданында 13 елді мекен, Сарыағашта – 9, Ордабасыда – 3, Отырар мен Бәйдібек аудандарында 2 елді мекеннен және Қазығұртта 1 елді мекен қамтылмақ.
Жетісай қаласының ауыз су жүйесін қайта құру жобасының жалпы құны 3,1 млрд теңгені құрайды. Бұл жоба аясында 180 шақырым шойын құбырлар полиэтилен құбырларға ауыстырылды, ауыз су қораптары орнатылды, сыйымдылығы 2600 текше метр болатын 2 таза су резервуары мен насос станциясы салынды, сондай-ақ 1 ұңғыма қазылды. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2023 жылдың желтоқсанында аяқталып, қолданысқа берілді. Қазіргі уақытта тұрғындарды жаңа су жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде.
Жетісай ауданында 112 елді мекеннің 105-і орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Бұл елді мекендерде 83 ауыз су ұңғымасы, 85 су мұнарасы, 24 су сақтағыш және санитарлық қорғау аймақтары жұмыс істеп тұр. Қалған 7 елді мекенде ауыз су жүйесі жоқ. Ауыз су жүйелерін жаңарту және ағымдағы жөндеу жұмыстарына биылғы жылға республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттерден 2,4 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржы Жетісай қаласы мен Жаңа ауыл, Қарой, Ынтымақ, Атаконыс, Құрбан ата, Сейфуллин, Сарқырама, Дархан, Тың, Алтынсарин, Жазықсай, Қызылқұм және Ш.Ділдәбеков ауылдық округтеріндегі ауыз су жүйелерін қайта құру және ағымдағы жөндеу жұмыстарына жұмсалуда. Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов ауыз су мәселесін шешу үшін қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, ауыз су жүйелерін жаңарту және құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарға қатаң бақылау орнатуды тапсырған. Тұрғындарды жаңа су жүйелеріне қосу жұмыстарын жеделдету және ескі жүйелерді тоқтату мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Жетісай ауданының әкімі тұрғындармен өткізген есептік кездесулері мен жеке қабылдауларында айтылған ауыз су мәселелеріне, елді мекендердің санитарлық тазалық жұмыстарына зерделеу жүргізу мақсатында жауапты сала мамандарымен бірге ауыл ақсақалдарымен жүздесті, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Айтылған сын-ескертпелерді көзімен көріп, тиісті тапсырмалар берді.
Алдымен аудан басшысы Жаңа ауыл ауылдық округіндегі Атақоныс, Жаңа ауыл, Қарой және Ынтымақ елді мекендеріндегі сумен жабдықтау жүйелерін салу жұмыстарын көрді. Сметалық құны 3,5 млрд теңгені құрайтын нысандардың құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп отырған «Компания Арай-НС» ЖШС өкілдері өндірістік кестеге сәйкес белгіленген мерзімде нысандарды тапсыратындықтарын айтты. Сонан соң, Қазыбек би ауылдық округіне қарасты Құрбан ата елді мекеніндегі ауыз су нысанында болды. Сметалық құны 481 млн теңгені құрайтын нысан қолданысқа берілген соң анықталған кемшіліктер мердігер «Exclusive Stroy Corporation» ЖШС тарапынан қалпына келтірілген. Сондай-ақ, елді мекендерді аралау барысында Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің Байдала елді мекенінде ауыл ақсақалдарымен де кездесті. Ауыз судың сапасына сын айтқан азаматтардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Орын алған кемшіліктер бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді жауапты басшыларға тапсырды.
Инфрақұрылым нысандарына облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Өңірде аудан, қала әкімдіктерімен бірлесе талдау жұмыстары жүргізіліп, қорытындысымен «Облыс аумағындағы кестемен берілетін елді мекендерге тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етудің іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, 2024 жылы 32 елді мекен 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етіледі. 2025-2027 жылдары аралығында 133 елді мекенді тәулік бойы ауыз сумен қамту жоспарлануда. Жаңа су көздерін барлау жұмыстары да қолға алынбақ.













