Шымкентте «Жұмыспен қамту жол картасына» 1,5 мың адам жұмылдырылмақ
Үшінші мегаполисте биыл мемлекеттік бағдарламалардың аясында 33 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде «Жұмыспен қамту жол картасына» 1,5 мың адам жұмылдырылмақ. ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Infonews shymkala.kz сайтына сілтеме жасап.
Осылайша Шымкентте «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру барысы жылдағы қарқынмен жалғаспақ. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы 3 бағыт бойынша іске асырылады.
Бірінші бағыт бойынша 5,5 млрд теңгеге 13 нысанның құрылысын жүргізу жоспарда бар. Яғни, 392 жұмыс орны құрылып, 6,5 мың тұрғын – ауыз сумен, 17,6 мың абонент электр жүйесімен қамтылады.
Екінші бағытта 1,5 млрд теңге көлемінде микрокредиттер беріледі. Нәтижесінде 357 жоба жүзеге асырылып, 757 тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Бұдан бюджетке 45 млн теңге салық түседі деп күтілуде.
Жол картасының үшінші бағыты бойынша бизнес субъектілеріне 7,1 млрд теңгеге қолдау көрсету қарастырылған. Бұл бағытта 70-ке жуық жобаны іске асыру және 280 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда.
Қазіргі таңда «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру жолында көптеген жұмыс атқарылып, ақпараттық-насихат жұмыстары жалғасуда. Әсіресе, бағдарламаның үшінші бағыты – «Жастар практикасы» бойынша оқу орындарының түлектерімен кездесулер ұйымдастырылуда. Жас мамандарға бағдарламаның бар мүмкіндігі айтылып, талаптары мен тиімділігі түсіндіріледі.
Жалпы, «Жастар практикасы» – белгілі бір оқу орнын тәмамдаған жастарға уақытша жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаудың жақсы мүмкіндігі. Алты ай бойы жұмыс істеген уақытында жас маманға 25 АЕК көлемінде айлық төленеді. Егер жас маман осы уақыт аралығында жұмысында өзін көрсете алса, тұрақты жұмысқа қалуына да мүмкіндігі бар. Осылайша бұл жастарды тұрақты жұмыспен қамтуға жасалған алғашқы қадам болып тұр.
Бұған жас мамандар ғана емес мемлекет те мүдделі. Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Сұңғат Абдуллаевтың айтуынша, биыл орталық тарапынан 2500 жасты осы бағыт аясында жұмыспен қамту жоспарланған. Қазірдің өзінде 800-ден астам шымкенттік жас жолдама алып, тәжирибеден өтуде.
– Жолдама алған мамандардың арасында медбике, фельдшер, экономист, қаржыгер, бухгалтер, тіс дәрігері және кадастр, техник мамандығын иеленген жастар бар. Жыл соңына дейін 2500 шымкенттік жасты жұмыспен қамтуды жоспарлаудамыз. Бағдарламаға қатысуға ниеті бар жас маман enbek.kz порталында ЭЦҚ арқылы «жұмыссыз» мәртебесімен тіркеледі. Сонымен қатар, тұрғылықты мекенжайында орналасқан жұмыспен қамту орталығына бара алады, – деді Сұңғат Абдуллаев.
Бағдарлама талабына сай, қатысушының жасы 29-дан аспауы тиіс және жұмыссыз мәртебесі болуы керек. Жоғары оқу орындары мен колледжердің түлектері бір-ақ рет қатыса алады. Осы орайда айта кету керек, enbek.kz электронды еңбек биржасын құрудағы басты мақсат – жұмыс беруші мен жұмыс іздеушіні байланыстыру. Сайтта жұмыс берушілердің арнайы тізімі жасақталып, маман іздеген мекемелер өздеріндегі бос орындарды тіркейді. Олардың арасынан жұмыс іздеген жерлесіміз өзіне қолайлы жұмыс орнын қарастыруына болады. Электронды еңбек биржасы «Еңбек» бағдарламасы аясында уақытша және тұрақты жұмыстарға орналасу және т.б. мемлекеттік қызмет көрсету бағыттарында қолданылады.
– Қалалық жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп келген азаматтарды алдымен түрлі санатқа бөліп қарастырамыз. Себебі, кейбірінің мамандығы болмайды, біреулерінде қолында диплом бар, бірақ тәжірибеден өтпеген. Ондай азаматтарды уақытша жұмыспен қамтамасыз етуге тырысамыз. «Жастар тәжірибесі», «Қоғамдық жұмыс» және «Әлеуметтік жұмыс орындары» деген бағыттар бойынша жұмыс істейміз, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдаймыз, – дейді орталық директоры.
Айта кетейік, қоғамдық жұмыстың негізгі шарты – жұмыс іздеушінің білімі, жұмыс тәжірибесіне қатысты қатаң талаптар жоқ. 12 айға (жыл соңына дейін) уақытша жұмыспен қамтылады. Мемлекет тарапынан 72 мың теңге жалақы төленеді.
Ал әлеуметтік жұмыс орындары бойынша жұмыс берушілердің тарапынан штаттан тыс, қосымша орындар ашылуы керек. Бұл бағытқа азаматтар мамандығы (куәлік, білімін растайтын құжат) бойынша жіберіледі, жалақысының 35 пайызын мемлекет төлейді. Мерзімі – жыл соңына дейін.
Жалпы, 2020 жылы 3 мыңға жуық жас осы бағдарламамен жұмыспен қамтылып, 536 маман тұрақты жұмысқа орналасқан.