ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СҮТТІ ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ САЛАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

0
51

Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен Түлкібас ауданына қарасты Майтөбе ауылында ашылған «Майтөбе сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі   осы кезге дейін тәулігіне 1 тонна сүтті өндеп, түрлі өнім шығарып келген-ді. Бүгінде халықтың көңілінен шыққан, сапалы әрі дәмді өнімдері сұранысқа ие цех енді өнім көлемін 3 есеге арттырып, тәулігіне 3 тонна сүт өңдемек.

Бүгін аталған нысанға аудан әкімі Асқар Естібаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев және жауапты мамандар арнайы барып, кәсіпкердің жаңа жобасымен танысты. «Майтөбе сүт» өндірістік кооперативінде айран, қаймақ, сары май, сүзбе, чечель, ірімшік, құрт өнімдері өндіріліп, дүкен сөрелеріне сатылымға шығуда. Бүгінгі таңда кәсіпорында екі ауысыммен 18 адам жұмыс істеуде. Алдағы уақытта кәсіпорын жұмысын ұлғайту көзделіп отыр.

Бұл зауыт бастапқыда үй жанындағы шағын цех ретінде ашылып, сүттен 5 түрлі ғана өнім шығарып жүрген. Кейін кәсіпорын иесі цехты кеңейтуді қолға алған. Ақсукент ауыл округіндегі кәсіпорын кеңейтіліп, жаңа құрал-жабдықтармен қамтылып, биыл шілде айында іске қосылған. 50 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын бұрын күніне 10 тоннаға дейін сүт өнімдерін шығарған. Бүгінде әлеуеті көтерілді. Сұраныс болса, тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өңдей алады.  Қазіргі таңда мұнда сүт өнімдерінің 10-12 түрін шығарылуда. Айран түрлері мен қаймаққа, құртқа сары май және өзге де өнім түрлері қосылған. Өндірістегі барлық құрылғылар мен құрал-жабдықтар Ресей, Қытай және Түркия мемлекетінен жеткізілген. Шикізат жергілікті шаруалар және фермерлерден және аудан тұрғындарынан жиналып алынады. Дайын өнімді ішкі нарыққа өткізеді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Өндірістің барлық кезеңдері автоматтандырылған жүйелер мен заманауи жабдықтардың көмегімен бақыланады. Өндірісте сүтті қайнатып, өңдейтін вакуумдық цифрландырылған құрылғы қойылған. Өнімдер мұздатқыш камераларда сақталады.

Жұмыс сапары барысында облыс басшысы «GLOBUS PLUS» ЖШС ауыл шаруашылығы көкөніс өңдеу цехымен танысты. Бұл кәсіпорын кәсіпкердің жеке қаржысы және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кеңейтілген. Жоба құны – 500 млн теңге.  Қуаттылығы тәулігіне 20,0 тонна болатын өндіріс орнында 20-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы көкөніс пен жеміс-жидек консервілерінің түр-түрін шығарады. Шикізат көршілес елдерден бөлек, жергілікті шаруа қожалықтары мен аудан тұрғындарынан жиналып алынады. Дайын өнімді ішкі нарыққа өткізеді. Автоматтандырылған жүйелер мен заманауи жабдықтар орнатылған. Өндірісте көкөністер мен жеміс-жидектер қазандықтарда газбен қайнатылып, жұмысшылар күшімен банкілер жабылады.

Облыс әкімі цех ғимаратында өндіріс көлемін ұлғайту және осы бағытта жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарымен танысты. Жауапты басшыларға, аудан әкіміне кәсіпкерлерді қолдап, сүйемелдеу жұмысын жүргізу жөнінде тапсырма берді. Аймақта өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Түркістан облысының барлық аудан, қаласында инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Оның ішінде Өзбекстанмен шекаралас аймақтарға да жіті назар аударылған. Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісайлық бір топ кәсіпкер мен инвестормен кездесіп, осы саладағы мәселелерді талқылады. Облыс әкіміне Жетісайда жүзеге асырылатын жобалар таныстырылды. Өңір басшысы өндірісті дамытамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру жөнінде тапсырма берді. Аймақтың өндірістік әлеуетін көтеру бағытында инвесторларға қолдау көрсетіледі. Инфрақұрылым, жерге қатысты мәселелерді аудан, қала әкімдіктері мен жауапты басқармалар уақтылы шешуі тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.

Кәсіпкерлер ұсыныстары мен пікірлерін айтып, жоспарларын баяндады. Аудан әкімі Серік Мамытовқа осы жобаларды сүйемелдеу жөнінде тапсырма берді.

Жетісай ауданында мақта кластерін дамыту мақсатында Асықата кентіндегі индустриалды аймақта мақта кластеріне қатысты жоба жоспарлануда. «TST JETYSAY TEXTILE» ЖШС жалпы құны 10 млрд. теңгені құрайтын жоба арқылы мақта зауытын, жіп иіру фабрикасын ашуды көздеп отыр. Жоба толық іске қосылған жағдайда 520 адам жұмыспен қамтылып, жылына 40 000 тонна мақта өңделіп, 5000 тонна жіп өндірілмек. Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау аясында жоба бірынғай индустрияландыру картасына енгізілген. Құрылысты бастау үшін ЖСҚ әзірленуде.

Агроөндірістік кешенін дамыту мақсатында Жетісай ауданында «АГРОСҮТ» ЖШС жалпы құны 16 млрд. теңгеге сүт фермасы мен сүтті қайта өңдеу зауыты жобаларын әзірлеген. 2025-2026 жылдары іске асыру көзделуде. Жоба іске асырылған жағдайда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 2000 тонна сүт өнімдері өндірілмек. Бүгінде жобаға жер телімін бөлу және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар басталған. Сонымен бірге ауданда «SAMRUK MEDIKAL CLINIK» ЖШС-нің жалпы құны 9 млрд. теңге болатын медициналық орталығының құрылысы жоспарланған. Атап айтқанда, 1-ші кезең бойынша Асықата кентінде заманауи медициналық орталықтың құрылысы 95 пайызға аяқталған. Бүгінде медициналық құрал-жабдықтары орнатылуда. Білікті дәрігерлермен келісімшарт жасалған. 2-ші кезең бойынша Жетісай қаласында 7 млрд. теңгеге көпсалалы оңалту орталығын салу көзделген. Жоба іске асырылған жағдайда 200 адам жұмыспен қамтылып, бір мезетте 900 науқас ем алмақ. Орталықтың ЖСҚ-сы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген.

 

Leave a reply