Шымкентте азаматтардың мемлекеттік шешімдерге қатысуына жол ашық

Шымкент қаласында азаматтардың мемлекетпен кері байланыс орнатуы және өзекті мәселелерді шешуге белсенді араласуы жаңа серпін алуда. Бұл бағытта «AMANAT» партиясының қолға алған қоғамдық қабылдаулары – тұрғындардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтудің жарқын үлгісі.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Ербол Байқонысов «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында кезекті азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Келушілер негізінен жұмысқа орналасу, баспана, әлеуметтік көмек мәселелерін көтеріп, күнделікті өмірде кездесетін түйткілдерге шешім іздеді.
Әрбір өтініш заң аясында қаралып, нақты түсіндірмелер мен кеңестер берілді. Бұл – партияның азаматтардың үнін естуге, олардың нақты мәселесін құзырлы органдар арқылы шешуге ұмтылатындығын көрсетеді.
Қазіргі таңда Шымкент қаласы аумағында 6 қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. Оның бірі қалалық деңгейде, ал бесеуі аудандық деңгейде тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетуде. Бұл – тұрғындардың мәселесімен жедел айналысуға мүмкіндік беретін тиімді алаң.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 4720 өтініш тіркелсе, олардың 81 пайызы оң шешімін тапқан. 18 пайызы бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Қалған 1 пайыз өтініш бақылауға алынған. Сонымен қатар, осы аралықта 202 жеке қабылдау өткізіліп, 1412 азаматпен бетпе-бет кездесу өткен.
Ербол Байқонысовтың айтуынша, «AMANAT» партиясы тек қабылдау өткізіп қана қоймай, нақты нәтижеге жұмыс істейді. «Әрбір азаматтың мәселесі – біз үшін маңызды. Біз оларды жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Бұл – тұрғындар мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтатын тетік», – деді ол.
Бұл тәжірибе қоғамда азаматтық белсенділікті арттыруға, халықтың билікке деген сенімін нығайтуға, сондай-ақ мемлекеттік басқару процестеріне жұртшылықты кеңінен тартуға сеп болып отыр. «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдаулары – ел ішінде халық үнін есту мен нақты шешім қабылдаудың тиімді жолы ретінде өзектілігін арттыра бермек.