ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БАЛЫҚ ӨНДІРІСІНЕН КӨШ БАСТАП ТҰР

Елімізде жасанды балық өсіруден Түркістан облысы көш бастап тұр. Облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру мақсатында 2025-2027 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту жоспары бекітіліп, 905 тонна балық өндірілді. Бекітілген жоспарға сәйкес, биыл облыс аумағынан 16 балық өсіру шаруашылықтарын ашу көзделіп отыр. Өңірлерде балық шаруашылығын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар облыста экспортқа бағытталған 4 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Жыл басынан бері 1069,5 тонна балық өнімдері шет мемлекеттерге экспортталды. Бүгінде балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар қарастырылған. Атап айтсақ, облыстық бюджеттен акваөсіруді субсидиялау үшін 2025 жылға 500,0 млн теңге бөлініп, 4 мың 586 тонна балық азығы, 500 мың балық шабағы, 4 дана биологиялық ғылыми негіздемелер субсидияланды. Ал республикалық бюджеттен инвестициялық салымдар кезінде балық шаруашылығы субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін субсидиялауға 120 млн. 500 мың теңге бөлініп, 3,2 млн. теңгесі игерілді.
Одан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасына республикалық бюджеттен 7,4 млрд. теңге және қайтарым қаражатынан 1,3 млрд. жоспарланған. Аталған бағдарламаның IV бағытына сәйкес, балық шаруашылығын дамыту көзделіп, 2025 жылға 71 жобаға 698 млн теңге қарастырылуда.
Бүгінде кәсіпкер балықтың сазан және форель түрлерін уылдырық арқылы көбейтіп, арнайы жасалған тоғандарда бекіре балығын өсіруді қолға алған. Шаруашылыққа тартылған инвестиция құны – 400 млн теңге. Арнайы жасалған бассейндерге 15 тонна сазан шабағы, 60 тонна форель, 3 тонна бекіре тұқымдас балықтар жіберілген. Мұнда бүгінде 50-ге жуық ауыл тұрғыны уақытша жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта 30 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде. Сонымен қатар қожалық иесінің жеке қаржысы есебінен жол бойына заманауи балалар ойын алаңшасын салып, халыққа пайдалануға беру жоспарлануда. Кәсіпкердің сөзінше, форель балығы салқын кезде арнайы орында өсіріліп, күз мезгілінде ашық бассейнге жіберіледі. Сондай-ақ, ол ауданға келуші туристерге балықтың бірнеше түрін ұсынып, этно стильде дәмхана ғимаратының құрылысын жүргізетінін жеткізді. Бүгінде тоған айналасына ерекше жеміс ағаштарын егіп, абаттандыру жұмыстары қолға алынған.
Сонымен қатар Төлеби ауданындағы тігін цехы жылына 250 мыңға тарта арнайы жұмыс формасын тігуге қауқарлы. Мұнда тұрғындарды жұмыспен қамту, отандық өнім өндіру және кәсіпкерлікті дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Шағын және орта бизнес нысандары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретіні анық. Айта кетейік, кәсіпорын арнайы жұмыс киімдерінен бөлек тігін бұйымдарын жасауды қолға алған. Бүгінде цехта 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда қызметкерлер арнайы киімдер мен тұрмыстық бұйымдарды тігіп, сапалы өнім шығарып жатыр. Жұмысшылардың орташа айлық жалақы мөлшері 120 000 теңге. Кәсіпорында жылына 150 мың дана жаздық және 90 мың дана қыстық арнайы жұмыс киімдері тігіледі. Мұнда тігілген формалар еліміздің бірқатар өңірлеріне және Ресей мемлекетіне жөнелтіледі.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Оның ішінде жүзім шаруашылығында да даму бар. Төлеби ауданы, Тасарық ауылының тұрғыны Сабыржан Танабаев бүгінде кәсібін өркендетіп отыр. Аумағы 20 га жүзім бауында тұрақты 16 адам, жиын-терім, егіндік маусымында 100 ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Жүзім бауында бүгінде жемістің 4 түрі өсіріледі. Шілде, тамыз айларында пісіп жетілген жүзімдерді арнайы сауда орындарына, базарларға шығарып, көтерме бағамен өткізеді. Жеміске сұраныс та көп. Жүзімнен маусымында 300 тоннаға жуық өнім алады. Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Тасарық ауылдық округіндегі аталған жүзім шаруашылығының жұмысымен танысты. Жүзімнің күтіп-бапталу барысын, суару және өнім жинау технологияларын көріп, шаруалармен пікір алмасты. Жергілікті еңбеккерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, туындаған мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді. Аудан әкімі аталған бағыттың ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін ерекше атап өтіп, жүзім өсіру арқылы ауданның экономикалық көрсеткіштерін жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өнім көлемін арттыруға болатынын жеткізді. Сонымен қатар әкімдік тарапынан ауыл еңбеккерлерін қолдау, инфрақұрылымды жақсарту және заманауи агротехнологияларды енгізу бағытында жұмыстар жалғаса беретінін айтты.
Балық шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында акваөсіруді субсидиялау жүйесі енгізіліп, бұл балық шаруашылығының дамуына оң ықпалын тигізуде. 2023 жылы жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлініп, 61 балық шаруашылығы субъектісінің шығыстары өтелді.Облыста балық шаруашылығын дамыту және жаңадан балық шаруашылықтарын құру бойынша тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстарды басқарма мен балық шаруашылығы инспекциясы бірлесе жүзеге асырады. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны заңдастырылған. Оның ішінде 82 су айдыны конкурстық негізде табиғат пайдаланушыларға бекітілген. Атап айтқанда, 69 су айдыны тауарлы балық шаруашылығын жүргізу үшін, ал 13 су айдыны кәсіпшілік балық шаруашылығына арналған. Тағы 22 су айдыны резервте тұр.
Қазіргі уақытта облыста 137 тоғанды балық өсіру шаруашылығы, 5 шарбақты балық өсіру шаруашылығы және 2 тұйық қондырғымен жабдықталған балық өсіру шаруашылығы жұмыс істейді. Бұл шаруашылықтар өңірде балық өсіру көлемін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындарға жұмыс орындарын ұсынып, экономикалық өсімге де өз үлесін қосып отыр.












