Шымкенттік тұрғындардың мәселесі – билік назарында

0
93

Шымкент қалалық Мәслихат депутаттары мен аудан әкімдігінің өкілдері тұрғындарды жеке қабылдады. Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесі тыңдаушы форматқа көшіп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы ел ішінде нақты істермен жүзеге асып жатқанын байқауға болады. Бұл әсіресе жергілікті деңгейде – әкімдік пен мәслихаттың, қоғамдық қабылдау алаңдарының жұмысы арқылы көрініс табуда.

Мәселен, «AMANAT» партиясы Шымкент қаласы, Абай аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде жақында қалалық мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Балабаиев азаматтарды жеке қабылдап, олардың арыз-шағымдары мен ұсыныстарын тыңдады.

Қабылдауға келген тұрғындар негізінен инфрақұрылым сапасын арттыру,

қоғамдық көлік тапшылығы, әлеуметтік көмек түрлері, қаңғыбас иттер мәселесі секілді өзекті мәселелерді көтерді. Бұл сұрақтардың әрқайсысы – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін жайттар. Депутат Нұрсұлтан Балабаиев әр азаматтың шағымын жеке тыңдап, қолданылып жүрген заңнамалар аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тиісті сала басшыларына тұрғындар өтініштері жөнінде хабарланып, жауапты органдарға тапсырма жолданатындығы айтылды.

Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалында өткен қабылдауда Тұран ауданы әкімінің орынбасары Аманжол Бақытжанұлы да тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен жауапты мамандары қатысып, мәселені сол жерде талқылауға мүмкіндік туды.

Тұрғындар тарапынан көтерілген басты тақырыптар: қала тазалығы,

көше жарығы, көлік қатынасының жетіспеушілігі, инфрақұрылым жетілмеуі болды.

Бұл өтініштердің барлығы қаланың өсуімен қатар тереңдеп келе жатқан өзекті мәселелер екені анық.

Аманжол Бақытжанұлы барлық ұсыныс-шағымды мұқият тыңдап, бірқатарын сол жерде шешуге пәрмен берді, ал уақытты немесе қосымша талдауды қажет ететін мәселелер арнайы бақылауға алынды. Аудан әкімінің орынбасары жауапты қызметкерлерге нақты тапсырмалар беріп, азаматтардың арыздарына ресми жауап берілуін талап етті.

Ең бастысы, қабылдау барысында көтерілген мәселелердің орындалу барысы партия мен әкімдік тарапынан тұрақты қадағаланады. Бұл – тек диалогпен шектелмей, нақты нәтиже көрсетуді көздейтін тиімді жүйе екенінің дәлелі.

Осы сияқты қабылдаулар – қарапайым азаматтың өзін қоғамдық өмірдің белсенді мүшесі ретінде сезінуіне жол ашады. Шымкент қаласы тұрғындарының осындай кездесулерге келуі, сауал жолдауы – қоғамдық сана мен саяси мәдениеттің өсіп келе жатқанын білдіреді. Бұл, бір жағынан, халықтың өз құқығын біле бастағанын, екінші жағынан билік тарапынан ашықтық пен қолжетімділіктің артып келе жатқанын көрсетеді.

Шымкент қаласындағы мәслихат депутаттары мен жергілікті әкімдік өкілдерінің тұрғындармен тікелей кездесіп, олардың өтініш-тілектерін назарға алуы – «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жергілікті деңгейде орындалып жатқан нақты көрінісі.

Leave a reply