ТҮРКІСТАН: МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ – АДАМ ЖАНЫНЫҢ ЖАНАШЫРЫ

Заман дамуы мен қоғам қажеттілігіне байланысты мамандықтар тізбесі үнемі жаңарып, өзгеріп отырса да, ерте заманнан бері келе жатқан көне де қадірлі дәрігер мамандығы қаншама ғасырлардан бері адамзатпен бірге жасасып келеді. Жасай да бермек. Медицина қызметкерлері – адам өмірінің сақшысы. Олар ажалдан қорықпайды, адамға екінші өмір сыйлайды, өз қадір-қасиеті мен ар-ожданын биік ұстайды. Бұл қоғамның оларға деген сенім мен құрметін арттырып, мәртебесін биіктетеді. Медицина қызметкерлері үшін деонтология мен дәрігер этикасы басты қағидалардың бірі болуы тиіс. Медициналық деонтология — медицина қызметкерінің кәсіби мінез-құлқы туралы ілім. Ол дәрігерлердің қызмет бабындағы өзара қарым-қатынасы, кеңесу, жәрдемдесу, ауруларға сырқат түрлерін, емделу режимдерін байыбымен, сабырлы түсіндіру. Ежелгі Грек елінің ғұламасы Гиппократтың: «Дәрігер — Құдайға жақын адам» немесе «Данышпандықты іздесең — соның бәрі де медицинадан табылады» деген өсиеті медицина саласының қызметкерлері үшін басты ұстаным. Дәрігердің еңбегі мен жұмсаған энергиясының ең басты бағасы – ауру адамға көрсеткен көмегі. Осы арқылы дәрігерлік тәжірибе жинақталады және оның беделінің өсуіне ықпал етеді. Дәрігердің беделі ауру адаммен тіл табысуда үлкен роль ойнайды. Ең бірінші кезекте дәрігерден терең білім, яғни науқасты мазалайтын мәселені сабырлы, дұрыс және тез түсініп, оның жылдам және толық сауығуына лайықты жол таба білу талап етіледі. Дәрігердің әр әрекеті мен ісінде әрдайым басты мақсат ауру адамды емдеп жазу. Дәрігердің өмірі – бұл ешқашан бітпейтін университет. «Дәрігердің басты міндеті — өмір бойы қоғам үшін оқу»деген беделді клиницист А.А.Остроумовтың сөзі бүгін де маңызын жойған жоқ. Дәрігердің қарапайымдылығы – ең қажетті қасиеттердің бірі. Медицина саласын таңдау үшін үлкен жүрек керек. Батылдық, жан жылуы, өзгелерге жәрдем беру – барлық дәрігерлерге тән қасиет. Дәрігерлер жүрегінде Гипократ антын сақтап еңбек етеді, өмір сүреді. «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» деген А.Шопенгауэрдің сөзін ескерсек, өз ісінің білгірі атанған мықты дәрігер адамға бақыт кілтін табыстаушы ғажап жан. Батпандап кірген кеселдің мысқылдап шығуының өзі дәрігердің кәсіби білімі мен тәжірибесіне тікелей байланысты. Дәрігер ең алдымен ауру адамды ықыласпен тыңдай білуі, жылы сөзімен үміттендіре білуі қажет. Дәрігердің айтқан сенімді, ақылға қонымды, жылы сөзі сырқатқа қорқынышты жеңуге көмектеседі, оның сауығып кетуіне деген сенімін нығайтады. Сондықтан да ақ халаттылар ұдайы тәжірибелік білімдерін жетілдіріп, ізденіс үстінде жүреді. Денге саулық, дертке шипа сыйлайтын абызал жандаржың қоғамдағы мәртебесі де осыған байланысты. Сондықтан да заманауи, уақыт сұранысына жауап беретін, емделушінің талап-тілегін қанағаттандыратын медицина қызметкерлерінің қоғамдағы мәртебесі әркез жоғары болып қалмақ. Мұның бір дәлелімаусымның əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлері күні. Осы орайда медицина саласында еңбек етіп жатқан жандардың еңбектеріне табыстар тілейміз. Сондай-ақ, аталмыш сала туралы азды-көпті дайындаған мақаламызды оқи отырыңыз, құрметті оқырман.
Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Себебі, дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайдағы науқастан жиіркенбейтін, қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек.
Медицина саласы бірнеше бағытқа бөлінеді:
«Жедел жәрдем» мамандары тәуліктің кез келген мезетінде, кез келген қашықтықтағы науқасқа бастапқы диагнозды қойып, алғашқы медициналық көмекті көрсетіп, ауруханаға жеткізеді. Тез кәсіби жәрдем көрсетудің арқасында әл үстінде жатқан адамның өмірін сақтап қалады.Дәрігер-терапевт науқастың талдамаларын алып, оған дұрыс диагноз қойып, оны толық емдеумен айналысады. Науқастың жағдайын күнделікті бақылап, қажетті емдік шараларды қолданады.Дәрігер-хирург бас дәрігердің шешімі бойынша науқастарға түрлі дәрежедегі оталар жасап, әрі қарай да бақылап, қажетті ем қолданып, олардың толық сауығып кетуін қамтамасыз етеді. Шұғыл ота жасап, науқас өмірін аман алып қалу керек болғанда, дамыл таппай, күн-түн демей, жұмыс істейтін сәттер көп болады. Сондықтан хирургтің өзінің физикалық жағдайы осыған сәйкес болуы тиіс.Фармацевт-провизор дәрілік препараттардың құрамын, қолданылуын терең біледі. Дәріханаға ауырып, өз бетімен келетін жандар көп. Соларға керекті дәрілерді алуға кеңес береді. Сондай-ақ дәріхананы алуан түрлі дәрі мен құралдармен жабдықтайды. Бірнеше дәріні қосып, рецепт бойынша дәрілер әзірлейді.










