ТҮРКІСТАН: ЖАНҒА ШИПА БОЛҒАН ЖАНДАР

0
40

Медицина – адам өмірінің бағасыз байлығы саналатын денсаулықты сақтауға бағытталған ең мәртебелі сала. Бұл – әр адамның өмірімен, тағдырымен тікелей сабақтас, күнделікті тұрмысымыздан ажырамас маңызды бағыт. Осы бір қастерлі саланың жүрегінде, алдыңғы шебінде – адам жанының арашашысы атанған ақ халатты абзал жандар тұр. Олар үшін күн мен түннің, мереке мен демалыстың айырмасы жоқ: қашан да дайындықта, әрқашан биік жауапкершілікте. Жаралыға жәрдемдесіп, сырқатты сауықтыруды өзіне парыз санаған олар – қоғамның да, уақыттың да сенім артқан тұлғалары. Сондықтан да, медицина саласының майталмандарына деген құрмет – бұл тұтас халыққа, ел болашағына деген құрметпен пара-пар. Жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде елімізде дәстүрлі түрде Медицина қызметкерлерінің күні аталып өтуі – осы асыл мамандық иелеріне деген шексіз ризашылықтың белгісі. Бұл – халықтың амандығы мен саулығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген жандарға көрсетілер лайықты ілтипат.Түркістан өңіріндегі алдыңғы қатарлы денсаулық сақтау мекемелерінің бірі – Түркістан қалалық емханасына арнайы ат басын бұрып, оның бүгінгі тыныс-тіршілігімен, жетістіктерімен және жаңашыл бағыттарымен танысып қайттық.

Айта кетейік, жуырда ғана емханаға жаңа басшы тағайындалды. Мырзабеков Ғани Бахтиярұлы – медицина мен басқару саласында мол тәжірибесі бар білікті маман. Ол 2001–2007 жылдары «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медициналық академиясында» емдеу ісі мамандығы бойынша білім алып, кейіннен Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінен «Экономика және бизнес» бакалавры (2013), сондай-ақ Орталық Азия инновациялық университетінде «Экономика ғылымдарының магистрі» (2021) дәрежесін иеленген. Ғани Бахтиярұлының еңбек жолы Шымкент қалалық жедел жәрдем станциясында фельдшер, кейін дәрігер болудан басталған. Одан кейінгі жылдары әскери бөлімде, Келес аудандық ауруханасында, жеке емханада және Кентау қалалық емханасында түрлі қызметтерді атқарып, тәжірибе жинақтаған. Ал, 2025 жылдан бастап Түркістан қалалық емханасының басшысы қызметіне тағайындалды. Қоғамдық денсаулық сақтау саласы бойынша – бірінші, ал анестезиология және реаниматология саласы бойынша – екінші біліктілік санаты бар. Жалпы еңбек өтілі – 14 жыл.

Ұжымға тың серпін әкелуге бекінген жаңа басшы емхананың қызметін жетілдіру, халыққа сапалы медициналық көмек көрсету бағытында бірқатар жоспарларымен бөлісті.

— Түркістан тарихи шаһар ғана емес, халқы тығыз қоныстанған, денсаулық сақтау жүйесіне үлкен жауапкершілік жүктелген аймақ. Осы ұжыммен бірге тұрғындарға сапалы, уақтылы, қолжетімді медициналық көмек көрсетуді басты мақсат етіп отырмыз. Емхана 94 246-дан астам тұрғынға қызмет көрсетеді және ауысымына 1 210 адам қабылдай алады. Мұнда 30 учаскелік педиатр мен 47 жалпы тәжірибелік дәрігер жұмыс істейді. Медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында педиатриялық аймақтарда бала саны 900-ден 500-ге, ал жалпы тәжірибелік дәрігерлер аймақтарында тұрғындар саны 1 700-ге дейін төмендетілген.

Емхана цифрландыру бағытында да үлкен жетістіктерге жетті. 2019 жылы Түркістан қаласындағы емханалар толықтай электронды жүйеге көшіп, тұрғындар «Дамумед» қосымшасы арқылы дәрігерге жазылып, медициналық сараптамалардың қорытындыларын үйден шықпай-ақ ала алады, – дейді емхана басшысы.

ДАМУ ЖӘНЕ ЕРТЕ АРАЛАСУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ

Емханада ауыз толтыра айтатын аумақты жұмыстардың бірі — 2025 жылдың мамыр айында Түркістан облысы Түркістан қалалық емханасы базасында «Даму және ерте араласу орталығы» (ДЕАО) ашылды. Бұл орталық ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Алғашқы 1001 күн» ұлттық жобасы аясында іске қосылды. Орталықтың басты мақсаты – балалардың өмірінің алғашқы кезеңдерінен бастап олардың сау өсуі мен дамуын қамтамасыз ету. Бұл мекеме отбасыларға қолдау көрсетіп, балалардың дамуындағы ауытқуларды ерте кезеңде анықтауға және олардың алдын алуға бағытталған.

Орталықта жаңа туған нәрестелер мен жас балаларға скринингтер жүргізу; аутизмге арналған өзгертілген скринингтік тестілеу; емшек сүтімен қоректендіру және күтім жасау бойынша кеңес беру; өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды сүйемелдеу; бес жасқа дейінгі балалардың заңды өкілдеріне күтім жасау және дұрыс тамақтануды ұйымдастыру мәселелері бойынша консультациялар өткізу қызметтері ұсынылады. Орталықта аймақтық дәрігер, педиатр, невропатолог, психолог, әлеуметтік қызметкер, патронаждық мейіргерлер және басқа да бейінді мамандар қызмет көрсетеді. Қызметтер МӘМС жүйесі шеңберінде тегін ұсынылады.

— Медициналық-санитариялық алғашқы көмектің (МСАК) жаңа моделі балалардың денсаулығына кешенді түрде қарауға мүмкіндік береді. Бұл учаскелік дәрігерлер мен патронаждық қызметке деген сенімді нығайтып, әсіресе арнайы мамандар тапшылығы бар өңірлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады. Орталық ведомствоаралық өзара әрекеттестікті нығайтуға, патронаждық қызмет сапасын арттыруға, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға қатысты қатыгездіктің алдын алуға ерекше көңіл бөледі.

«Алғашқы 1001 күн» ұлттық жобасы ерте диагностика мен араласу жүйесін жетілдіру, әмбебап патронаждық үлгіні енгізу, балалар ауруларын кешенді басқару, педиатриялық қызметті жетілдіру және емшекпен қоректендіруді қолдау сынды бағыттарды қамтиды, — дейді Ғани Бахтиярұлы.

Leave a reply