ТҮРКІСТАН: ЖАНҒА ШИПА БОЛҒАН ЖАНДАР — 2
«Облыс орталығы болғандықтан, емхананың қызмет көрсету ауқымы, сапасы да жоғары болуы шарт. Қазір қалада жекеменшік емханалар көп, бәсеке жоғары. Дегенмен тұрғындар мемлекеттік емханаға сенім артып, тұрақты тіркеліп отыр. Бізде мамандар жеткілікті, маммография, флюорография, УДЗ, рентген аппараттары бар. Мақсатымыз — былтыр мемлекеттік аккредитациядан сәтті өткен емхананың алдағы уақытта да дәрежесін көтеру, білікті дәрігерлермен толыққан емхана қызметінің деңгейін арттыру, халыққа сапалы қызмет ұсыну, арыз-шағымды азайту, медициналық көмекті қолжетімді ету. Сонымен қатар, біз ең алдымен мамандарымыздың тұрақты түрде тәжірибе алмасуына ерекше назар аударамыз. Қазіргі таңда емханада дәрігерлер мен мейірбикелердің апта сайын оқуға қатысуына, машықтануына және біліктілігін арттыруына толық жағдай жасалған. Олар білімін жетілдіру мақсатында қаладағы өзіміздің жоғары кәсіби медициналық колледжден бастап Шымкент, Астана қалаларында білімдерін жетілдіріп жүр.
Жедел жәрдем жүйесі де жаңарып, қазіргі таңда 3 мобильді топ жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, биыл іске қосылған интеллектуалды робот диспансерлік есептегі науқастарға алдын ала қоңырау шалып, скрининг пен флюорография уақыты туралы хабарлайды және науқасқа ыңғайлы уақытты дәрігердің кестесіне сәйкестендіріп жоспарлайды. Бұл – пилоттық жобаның бірі, – деді емхана басшысы.
ЖАУАПТЫ МІНДЕТ – СЕНІМДІ МАМАНДАРДА
Медицина командалық еңбекті талап ететін сала. Осы орайда емдеу ісі жөніндегі орынбасары Шайдарова Мөлдір Ақболатқызы ұжымды кәсіби тұрғыда қолдап келеді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда емхана ұжымы халыққа тегін кепілдік медициналық көмектің ең басты бағыттарының бірі – профилактикалық екпелерді белсенді жүргізіп жатыр. «Халыққа тегін кепілдік медициналық қызмет көрсетудің ең басты шарасының бірі- халыққа профилактикалық екпелер жұмысын жүргізу болып саналады.Бұл профилактикалық екпелер — инфекциялық аурулардың алдын алып және осы инфекциялық аурулардан өлім жітімді азайту мақсатында қарқынды жұмыс жасалынып жатыр. Жұқпалы аурулармен халқымыздың аз ауырып және қоғамымызда денсаулығы мықты болашақ ұрпақтың болуын қамтамасыз ету, диспансерлі есепте тұратын тұрғындарымызды тегін дәрі-дәрмекпен қаматамасыз ету болып табылады», – дейді Мөлдір Ақболатқызы.
Ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Былантиева Индира Құдайбергенқызының айтуынша, бөлімше босанған әйелдер мен жаңа туған нәрестелердің жағдайына жіті назар аударады. Жаңа туған нәрестелерге вакциналық профилактика, аудиометрия, перинаталдық күтім бойынша кеңестер мен психологиялық қолдау – бөлімше қызметінің негізгі бағытына айналған.
«Біздің бөлімше босанғаннан кейінгі кезеңдегі әйелдерге кешенді қолдау көрсетуге бағытталған. Жаңа босанған аналар мен олардың туыстарына қажетті кеңес беріп, күтім жасаудың негізгі элементтерін үйретеміз. Ең бастысы – ана сүтімен емізуді барынша қолдап, оны насихаттаймыз. Бұл – баланың денсаулығы мен ана организмінің қалпына келуіне тікелей әсер ететін маңызды фактор. Бөлімшенің жұмысын үнемі жетілдіріп отырамыз. Қызмет барысында анықталған олқылықтардың алдын алу үшін нақты шаралар қабылданады. Әйелдерге санитарлық-гигиеналық тазалық, дұрыс күтім, аналық дағдылар, соның ішінде омыраумен емізу, кіндік күтімі сияқты маңызды білімдер мен дағдыларды үйретеміз.
Сондай-ақ, біз жаңа туған нәрестелерге арналған вакциналық профилактиканы дер кезінде және толық көлемде жүргіземіз. Аудиометрия – есту қабілетін тексеру – міндетті түрде орындалады. Босану кезінде қандай да бір асқынулар болған аналарға тек медициналық емес, психологиялық және құқықтық қолдау көрсету де біздің жауапкершілігіміз», – дейді маман.
Ал, № ТҚЕ №1 ОДО-нің бөлім меңгерушісінің міндетін уақытша атқарушы және №114 аймақтық жалпы тәжірибелі дәрігері Ахметова Айназ Арысбайқызы бұл салада 2010 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның ерен еңбегі қала әкімінің марапатына, емхана басшысының «Үздік аймақтық дәрігер» атағына және «Еңбек ерені» төсбелгісіне лайық деп танылған. Туу жасындағы әйелдерді прегравидарлық дайындықтан өткізу – оның негізгі міндеттерінің бірі. «Болашақ аналарға дер кезінде тексеру мен дәрумендер қабылдаудың маңыздылығы зор. Салауатты ұрпақ – дұрыс дайындықтан басталады. Бұл дайындықтық маңыздылығы ерлі зайыпты жұпты алдын ала қандай ауруы бар екенін анықтап, дер кезінде емдеу жұмыстарын жүргізіп, дені сау анадан, дені сау ұрпақ дүниеге әкелу мақсаты көзделген. Егер ешқандай сырқат анықталмаса болашақта ана мен болашақ ұрпағына аса қажетті дәрументер тағайындалып, хаттамаға сәйкес профилактикалық емшара жасалады», – деп таныстырды өз міндетін Айназ Арысбайқызы.
ЫСТЫҚ ЛЕБІЗ – БАРША САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ
Мақаламызда Түркістан қалалық емханасының жаңа құрылымымен, заманауи бағыт-бағдарымен және өз ісіне шын берілген жауапты мамандарымен кеңінен таныстырдық. Ендігі сөз – шынайы алғыс пен ыстық лебізге арналмақ. Себебі, ұлт саулығы жолында аянбай тер төгіп келе жатқан медицина қызметкерлерінің еңбегі қандай марапатқа да лайық. Осы орайда емхананың бас дәрігері, білікті ұйымдастырушы әрі ұжымның сенімді жетекшісі Ғани Бахтиярұлы сала мамандарына жүрекжарды құттықтауын жеткізді.
«Келешек ұрпақтың жарқын болашағының кепілі болып табылатын денсаулық мәселесін жетілдіру – біздің негізгі парызымыз. Қажырлы қызметтеріңізге толағай табыс, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін!» – деді ол. Сонымен қатар Ғ.Бахтиярұлы Түркістан қалалық газетінің шығармашылық ұжымына да жылы тілегін арнап, журналистердің қоғамдағы ерекше рөліне тоқталып өтті.
«Сіздер – халық пен билік арасындағы алтын көпірсіздер. Уақтылы әрі сапалы ақпарат таратып, денсаулық мәдениетін қалыптас-тыруда ақпарат құралдарының еңбегі орасан зор. Сіздерге де шығармашылық табыс тілеймін!» – деген ақжарма ниетін білдірді.
Расында да, адам денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы, қоғамның басты капиталы. Ал сол аманаттың ауыр жүгін арқалап жүрген абзал жандардың еңбегін құрметтеу – баршамыздың ортақ борышымыз. Қызметтеріңізге сәттілік, өмірлеріңізге шуақ тілейміз.
Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.











