ТҮРКІСТАН: НАҒЫЗ ШИПАГЕР ЕҢБЕК АДАМЫ – ЕЛ ІШІНДЕ

0
41

Еңбек дегеніңіз – қозғалыс. Сондықтан жер бетіндегі тіршілік етіп жүрген адамның барлығын еңбек адамы деп айтса болатындай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті жолдауында «Еңбек адамы қадірленсін» дегенді айтты. Президент өз сөзінде «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман – ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деген еді.

Бірақ біздің түсінікте белгілі бір дәрежеге, мансапқа, байлыққа қолы жеткен адамдарды ғана еңбек адамы деп қарайтын секілдіміз. Шын мәнінде табысы аз болса да сонымен күн көріп жүрген қаншама жан бар. Олардың да істеп жүргені еңбек. Тек бір адамдарда ми еңбегі, ой еңбегі басым болса, енді біреулері керісінше физикалық тұрғыдан көп қимылдап, күннің ыстығы мен суығына қарамай еңбек етіп жүреді.

Иә, еңбек – қашан да қадірлі. «Адамды адам еткен – еңбек» деген қағиданы былай қойғанда, еңбексіз нәпақа, күнкөріс жоқ.

Бүгінгі кейіпкеріміз – Жарқымбек Гүлжахан Өстемірқызының еңбек жолы мен тағдыр жолы кім кімге болса да үлгі. Медицина саласында білім алып, сол жолда еңбек еткен Гүлжахан Өстемірқызы 4 қызды өмірге әкеліп, өмірлік серігінен небәрі 40 жасында айырылған. «Ерте жесір қалдым» деп етегін жасқа бұламай, ешкімге алақан жаймай еңбек ету үшін тамырын тереңге жайған үлкен әулеттің от анасы бүгінгі жеңісті күнінің жемісті нәтижесіне қол жеткізуі үшін  жастығын сарп етті.

«90 жылдардағы тоқырау кезінде елдің бәрі жұмыссыз қалып, тарыққан заматта ала қабын арқалап, базар жағала­ғандардың қатарында болдық. Жолдасым картоп, сарымсақ егіп, баптап, теріп берсе, мен базарға апарып сататынмын. «Мен медицинаны оқып едім, маған жұмыс бермесеңдер болмайды» деп жатып алатын заман емес еді. Бала-шаға қамын ойлап, күн көрістің соңында кеттік. Ал 2000 жылдары Құдай қосқан қосағымнан айырылған соң, төрт қызғалдағым үшін өмір сүруді үйрендім. Қыздарымның денсаулығына мән беріп, кейін балаларға қарауды, емдеуді, екпе егіп, дертіне шипа іздеуді мамандығымның негізі деп білдім», – дейді Гүлжахан Өстемірқызы.

Осылайша, тағдырдың сына­ғына сынбау үшін қара шаңы­рақтың есігіне қара құлып салып, үлкен қалаға келеді. Сондағы мақсаты еңбек етіп, қыздарын ешкімге жәутеңдетпеу болыпты. Ол осы кезеңде келешегіне керек тәжірибе мен білімді, ептілік пен қайсарлықты һәм мықты әйелге тән қасиетті бойына дарыта білді.  Өткен жылдар оның қанатын қатайтып, өз алдына жеке шығуына мол мүмкіндік пен сара жол салып берді.

Әрбір мамандықтың қиынды­ғымен қатар, қызықты тұсының болары анық. Мамандық таң­даудан жаңылыспау, таңдаған мамандығыңды, жасаған жұ­мысыңды шын ниетпен, бе­ріліп жасау, мақсат пен міндет қойып, діттеген нәтижеге қол жеткізуді көздеу маңызды. Еңбек адамының ерен еңбегі мен әрбір жетістігі елеусіз қалмауы тиіс. Әр үздік нәтиже мен қиын жұмыстың астарында бір адамның үздіксіз қызметі мен маңдай тері жатыр.

Рас, қазіргі кезде де еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген тарландар аз емес. Тек солардың насихаты тапшы екені байқалып қалады. Әйтпесе біздің ел – еңбектен еш бас тартпаған ел ғой.

«Еңбек адамы деп жүрсіздер ғой. Нағыз еңбек адамы ел ішінде деп білемін. Олар мүлгіген ормандар мен жайқалған егіндіктердің басында, мамырлап жайылған мал отарлары мен мәуесі төгілген бау-бақшалардың қасында, арқасын алып пойыздарға төсеген шойын жолдардың бойында, мұнайлы, кенді өлкелерден, заңғар биіктерге ұмтылған құрылыс жұмыстарының қайнаған ортасында жүр», – дейді кейіпкеріміз.

Еңбек еткен адамның қор болмайтыны белгілі. Бүгінде өзінің еңбексүйгіштігінің арқасында бел жазбай еңбек етіп, ел алғысын арқаласа да, әлі де зейнет жасына жете алмай жүргені де жасырын емес. Өйткені әйелдердің зейнет жасы арыға кетті.

«Биыл 60 жасқа толамын. Әлі күнге таңғы сағат 6-дан тұрып, жұмысқа барамын. Өйткені зейнетке шыққан жоқпын. Менің жасымдағы кейбір әйелдер бала санына байланысты зейнет демалысына шыққан. Ал менің 40 жасқа дейін тапқаным төрт бала. Ол кейін көп балалыға жатпай, біздің зейнет жасымыз 61 жасқа бір-ақ жылжыды. Бала табудан қашқан әйел емеспін. Отағасы аман болса, біз де көп балалы отбасы боламыз деген арман да болды ғой. Тек тағдырымызға ол жазбапты. «Күйеуден ерте қалдың, тұрмысқа шық» деген жанашырларым да болмады емес, болды. Алайда төрт қызымды кімге жәутеңдетемін? Олардың болашағына қалай бейжай қарамақпын? Менің төрт қызғалдағым әуелі Құдайдың, одан кейін марқұм жолдасымның аманаты деп білемін. Аманатқа қиянат жасамайтын халықпыз. Қыз баланың тағдырына ата-ана үлкен жауапкершілікпен қарау керек деп ойлаймын», – дейді Гүлжахан Өстемірқызы.

Кейіпкеріміздің басты мақ­саты қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән беру болыпты. Қазақ халқы қыз – болашақ ана, шаңырақтың берекесі деп, оның тәрбиесіне баса мән берген. Алайда бүгінгі заман басқа. Қыздарына «Басты тік ұстаңдар, ойларыңды ашық айтыңдар, сендер ешкімнен кем емессіңдер, білім алыңдар, қоғаммен тығыз байланыста болыңдар, ел-жер көріңдер, жақсы мен жаманды ажыратып, адам таныңдар, ешкімге ақыларыңды жегізбеңдер, қайсар, адал болыңдар» деп өмірге бейімдеп тәрбиелеуге күш салыпты.

Өнегелі ананың тәлім-тәрбиесін алып өскен бала жаман болушы ма еді?! «Қызым, адал бол, еңбек етсең жаман бол­майсың» деген ана сөзі ешқашан ұмытылмасы анық. Жұмыстың оңайы жоқ. Әр мамандықтың ерекшелігі, қиындығы болады. Ізденбей, талаптанбай өз ісіңнің білгірі болу оңай емес.

«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп Абай атамыз айтқандай, Гүл­жахан Өстемірқызы сөзсіз өмірден орнын тапқан жан. Қыз бала тәрбиелеу арқылы ұлтты тәрбиелеп отырған еңбек адамына бұдан асқан бақыт та жоқ шығар. Қажыр-қайратымен, өнегелі ісімен барлығына үлгі бола білген кейіпкеріміз қандай да құрметке лайық.

Дінмұхамед ҚАСЕНҰЛЫ

Leave a reply