ТҮЛКІБАСТА ТОҚТАП ҚАЛҒАН КӘСІПОРЫНДЫ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

0
99

Түлкібас ауданы әкімі Нұржан Ізтілеуов аудан аумағында бірнеше жыл тоқтап, қайта іске қосылып жатқан бірнеше кәсіпорынға жауапты мамандармен арнайы барып, бүгінгі жағдайын бақылады.
Солардың бірі, Түлкібас кентіндегі «Азия фуд» ЖШС бүгінгі таңда қайта іске қосылды. Тәулігіне 150 тонна бидайдан ұн шығаруға қауқарлы кәсіпорынды Дулгер Каган есімді Түркі елінің азаматы 1 жылға жалға алып, қазіргі таңда 10 млн.теңгедей қайта іске қосуға қаржы жұмсаған.
Нысанда 20 адам жұмыспен қамтылып отыр. Нысан толық қуаттылығымен жұмысын бастаған жағдайда қосымша 20 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда.
Кәсіпкермен нысан басында сұқбаттасқан Нұржан Жақсылықұлы аудан әкімдігі тарапынан кәсібін әрі қарай дамытуға Заң талаптарына сай қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді. Өз ойымен бөліскен кәсіпкер алдағы уақытта макарон өнімдерін шығару жоспарында бар екенін жеткізіп, аудан басшысына көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін алғысын білдірді.
Бұдан бөлек, аудан басшысы Түлкібас кентінде орналасқан «Түлкібас әк зауытына» табан тіреп, ондағы атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады.
Бүгінгі таңда, құрылғылары әбден тозығы жеткен әк зауытын қайта модернизациялаудан өткізу жұмыстары жоспарлануда.
Қазіргі таңда зауыт басшысы Қасқырбекова Перизат мемлекеттік қолдаулар тетігі арқылы зауыт қуаттылығын 8 есеге арттыру мақсатында Қытай елінен 1 млрд. 700 млн. теңгеге 2 құрылғыны алып келуді жоспарлауда.
Аудан басшысы іскер анаға сәттілік тілеп, бастап жатқан ауқымды жобасына аудан әкімдігі тарапынан әрі қарай да барлық қолдаулар көрсетілетіндігін жеткізді.
Содан соң, Нұржан Жақсылықұлы Күмісбастау елді мекенінің маңындағы құрылыс жұмыстары жүріп жатқан ауыз су және түрлі-түсті сусындар шығаратын “Beibars Bottlers” ЖШС зауытына ат басын бұрды.
Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған нысанға заманауи жоғары сапалы Италия және Нидерландық құрылғыларды орнатылу жұмыстары бастау алған.
Зауыт толығымен іске қосылған жағдайда қуаттылығы жылына 65 мың мен 85 мың тонна шамасында болмақ. Бұл жерде 96 адамға жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

Leave a reply