ТҮРКІСТАН: АНА МЕН БАЛА ӨМІРІНЕ ЖАУАПТЫ МАМАН

0
33

 

Жақсы жаңалықтар тіптен жанды жадыратады. Осынау қуанышты хабар және басқа да жаңалықтар жайлы білуге №3 ОПО жоғары білікті дәрігері, акушер-гинеколог, бөлім меңгерушісі, 26 жыл бойы адам жанының арашасы болып, қаншама сәбидің аман-есен өмірге келуіне ықпал етіп келе жатқан Досжанова Роза Мұратқызына жолыққан едік.

— Роза Мұратқызы, алдымен перинаталды орталықтағы жақсы жаңалықтарыңызбен бөліссеңіз.

— Иә, жақында орталығымызда Құрман Әсел есімді Түркістан қаласының тұрғыны бір ұл, екі қыз босанды. Үшемнің аман-есен дүниеге келуі бәрімізді де қуантты. Нәрестелердің салмағы 2900 гр, 2420 гр және 2500 гр болды. Сәбилер дәрігерлердің бақылауында болды. Осы орайда айта кетейін, босанушы әйел бізде соңғы үш ай бойы тұрақты бақылауда, арасында патология бөлімінде жатып жүрді. Жүктіліктің 35 аптасын-да кесарь тілігімен перзенттері аман-есен туыл-ды. Нәрестелерге Мерей, Мансұр, Мейірім есім-дері берілді. Сәбилердің жағдайы жақсы, 8 күн-нен соң үйлеріне шығарылды. Сонымен қатар, Нау-рыз мейрамы қарсаңында, яғни 22 наурыз күні 28 сәби дүниеге келіп, шаңырағын шаттыққа бөледі, оның 16-сы ұл, 12-сі қыз, олардың арасында бір егіз бар. Жалпы наурыз айында 865 сәби өмірге келді, оның 173-і кесарь тілігі арқылы туылды.

— Роза Мұратқызы, дәрігер болу оңай емес екенін білеміз. Бүгінде әйел босанғанда соңы қиындықтарға алып келсе, яғни ауыр аяқталған босануда міндетті түрде дәрігерді кінәлайды. Осы жөнінде не айтасыз? Жүкті әйел мен дәрігер және оның туыстары арасында өзара түсіністікке қалай қол жеткізуге болады?

-Дұрыс айтасыз, әйел аман-есен босанса – қалыпты жағдай, ал егер бетін аулақ дейік, соңы өкінішті жағдайға алып келсе дәрігерді кінәлап, аяғы дауға ұласып жатады. Жалпы айта кетейін, әйел босанар алдында міндетті түрде кемі 3 дәрігерден тұратын консилиум құрылады. Мұны жалғыз бір дәрігер шешпейді. Әйелдің жағдайы ауырлау болса, мысалы, жатырдың жиырылу қабілетінің төмендеуі, жатыр қуысында бала жолдасының бөліктерінің іркіліп қалуы, қан ұюының бұзылуы, ірі салмақты нәресте т.б. көптеген факторларда операция жасалу керек пе, сонымен қатар, жатыр органын алып тастау жағдайлары, оны қалдырсақ ертең әйелге оның қандай қаупі бар деген қатерлерді ескеріп, жан-жақты талқылап, ойласамыз. Содан кейін барып нақты шешім қабылдаймыз. Әйелдің жатыр органын алу моральдық-психикалық тұрғыдан дәрігерге де оңай соқпайды. Мысалы, орталығымызға 28 апта жүктілігінде ауыр халде босанушы келіп түсті. Қалыпты орналасқан плацента уақытынан бұрын, яғни бала жолдасынан ажыраған. Сондай-ақ әйелде идиопатиялық тромбоцитопениялық пурпура, ІІІ дәрежелі семіздік, ауыр темір тапшылықты анемия аурулары болған. Осындай бірнеше аурулары бар жүкті әйел шұғыл оперативті босануға алынады. Тиісті реанимациялық шаралардың арқасында әйелдің ауыр жағдайына, жүктіліктің толық емес мерзіміне қарамастан ана мен баланы аман алып қалдық. Мұнда ең бастысы ана мен баланы аман алып қалу үшін күттірмейтін шұғыл шешім қабылдауымызға тура келді. Өкінішке қарай, жатырын алмаса әйелде қан кету қаупі болды. Ақ халатты дәрігерлердің жұмыла жүріп, күндіз-түні бақылауда ұстап қарауының арқасында әйел сәбиін көтеріп, аман-есен перзентханадан алып шықты.

Бірақ, әйелдің туыстары, яғни анасы мен жолдасы болған жәйтқа қанағаттанбай, дәрігерлерді кінәлап «Астарлы ақиқат» бағдарламасына жүгініп, басымызды біраз дау-дамайға қалдырған келеңсіз кездер де болған еді. Дегенмен, студияға шақырылған астаналық гинеколог-дәрігерлердің жағдайға үңіліп, мұқият түсіндіруінің арқасында біздің ана мен баланы аман алып қалу үшін қолдан келгенше әрекет еткеніміз дәлелденген болатын. Кейін қателігін түсініп, орынсыз кінәлағаны үшін әйелдің жолдасы дәрігерлерден кешірім сұрап кеткен болатын.

— Көпшіліктің көңілінен шығу оңай емес… Арты дау-дамайға ұласатын жағдайлар дәрігердің қаншама жүйкесін тоздыратыны анық. Сонымен әйел денсаулығын бақылауда ұстау үшін тексерістің қандай түрлерінен өту қажет?

— Әйел тұрмыс құрып, бала көтергеннен кейін міндетті түрде аймақтық дәрігерге есепке тұруы тиіс. Онда қыз кезінде қандай аурулармен ауырғаны, созылмалы аурулардың, анемия, бүйрек ауруларының бар-жоқтығы анықталады. Мұнда жүктілік кезінде болатын асқынулардың, қауіп факторларының ерте диагностикасы және профилактика шаралары жүргізіледі. Сонымен қатар, балада туа пайда болатын ақаулардың болу қаупін біршама төмендететін дәрумен-минералды кешендер — жүктілікті жоспарлау және жүктілік кезінде қажет міндетті дәруменнің бірі — фолий қышқылы, йод, антиоксидантты препараттар ұсынылады. Сала мамандары гормондарға және басқа да анализдерге сынамалар тапсыру қажеттігін айтып, ары қарай маммолог, эндокринолог сынды мамандардың қабылдауына жолдама береді. Ультра-дыбыстық тексерулерден өткізіп, ана мен бала жағдайы тұрақты бақылауға алынады.

Leave a reply