ТҮРКІСТАН: «АЛТЫН КІТАПҚА» ЕНГЕН АЛТЫН ДӘРІГЕР
Білім мен ғылымды, әдебиет пен өнерді қадір тұтатын, көзі ашық, көкірегі ояу жамағайындардың үйіне бара қалғам. Үйдің бір қабырғасын алып тұрған сөредегі кітаптардың арасынан сыртқы көрінісі қомақты, алтындай жарқыраған үлкен кітапқа бірден көзім түсті. «Қазақстанның Алтын кітабы» деп жазылыпты мұқабасында. Астанадағы «Эдельвейс» баспалар үйінен биылғы жылы жарық көріпті. «Алтын кітап та болады екен-ау?» деген қызығушылықпен қолыма алып парақтай бастадым. «Баспа құралының әрбір беті, әрбір бөлімінің оқырманға айтары мол. Мұнда саясат пен бизнес, қоғамдық сала мен спорт,өнер мен ағартушылық, мәдениет салаларында жетістік желкенін керіп, арғы жағы әлемнің, бергісі ел ішінің қошеметіне бөленген тұлғалардың өміріне тоқталған», деп түсінік беріліпті кітап алғы сөзінде.
Аталмыш энциклопедия қоғам өмірін дамытуға ықпал ететін негізгі де өзекті салалардың бəрін қамтыған. Экономика, əдебиет, өнер, спорт, мəдениет, тарих, мемлекеттік, кəсіпкерлік қызмет, туризм, энергетика, денсаулық сақтау саласы, мал дəрігерлік қызмет, бір сөзбен айтқанда, кітап авторлары бəрін қамтуға тырысқан. Мазмұнды кітап қызығушылығымды оятып: «таныс жандар бар ма екен?» деген оймен əрбір тарауды қарап отырғанымда: «Медицина — біздің қорғанымыз» деген бөлімнен жерлесіміз, саналы ғұмырының қырық бес жылын денсаулық саласына арнаған жоғары санатты кардиолог-дəрігер, «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Алтын дəрігер», «Еңбек даңқы», «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері,Түркістан қаласының құрметті азаматы, жасы ұлғайса да, халқына пайдалы істен қол үзбей еңбек етіп, шəкірт тəрбиелеп жүрген Зухра Əуелбекқызы Юнусова туралы жазылған фото очерк көзіме оттай басылды. Айтса айтқандай, шипа қолды дəрігер атанған Зухра апамызды Түркістан өңірінде танымайтын жан жоқ шығар, сірә. Тіпті бір сəт танымал журналист Лəззат Сарыбаеваның «Түркістан» газетінде ертеректе жарық көрген «Дəреметті дəрігер» деген мақаласы да көз алдымнан көлбең етіп өте шықты. Бір бұл емес, қаншама журналист кезінде осындай еңбегіне адал жандарды баспасөз бетінде дəріптеп едік. Енді міне, «Алтын кездік қын түбінде жатпас» демекші, республика көлемінде жарық көрген басылымға киелі қаламыздан енген таңдаулылар қатарынан көріп, қуанып отырмыз.Зухра Əуелбекқызының өмірлік жары,Түркістан медицинасының дамуына зор үлес қосқан азамат, қалалық орталық ауруханасын талай жыл басқарған іскер басшы болатын. Өкінішке орай өткен жылдың наурыз айында дүниеден озған Молдабай Əлиев екеуі құрған отбасын түркістандықтар дəрігерлер əулеті деп орынды атайды. Ерлі-зайыпты дəрігерлер сапалы білім, саналы тəрбие беріп өсірген əулеттің тұңғышы Роза Молдабайқызы, келіндері Зулейха Сейдахметова да Түркістан өңіріне танымал медицина саласының қызметкерлері. Қарап отырсаңыз, бұл отбасынан түрлі мамандық иелерін, құқық қорғау саласының өкілдерін де кездестіресіз.
Кітапта «Медицинаның үш келбеті – Сенім. Үміт. Махаббат» деген тұжырым эпиграф етіп алынған екен. Шынында да сенім – ұлы күш. Адам болған соң ауырмай тұрмайсың. Зухра Əуелбекқызын өзім танып-білген ширек ғасыр ішінде жанымыз бір тарының қауызына сыйып кетердей болып қиналып, алдына барғанымызда: «Роза қыз, қорықпа. Сені ешқайда жібермейміз. Сен бізге керексің», деп жылы жымиып, жұбатып, көңілге сенім ұялатып,үмітімізді үкілеп қоюшы еді. Қашан көрсең де, сабырлы қалпынан бір танбайды. Емімен де, сөзімен де дертіңе дауа табатын Зухра Əуелбекқызы Юнусованың есімінің «Қазақстанның Алтын кітабы» энциклопедиясына енгізілуі өз ісіне адал дəрігердің еселі еңбегіне берілген жоғары баға. Жанымызда жүрген жақсы адамдарды қадірлей білгенге не жетсін!
Таяуда Зухра Əуелбекқызын «Орынбай» клиникасында жасы кіші əріптесі Тимур Тимуров екеуі бір сырқаттың жайын талқылап отырған жұмыс барысында кездестірдім. Қуанып қалдым. Еңбегіңіз жансын, Зухра апай!
Роза НАРЫМБЕТОВА.












