ТҮРКІСТАН: АНА МЕН БАЛА ӨМІРІНЕ ЖАУАПТЫ МАМАН  — 2

0
34

 

 

— Қазіргі таңда ең жасы үлкен босанушы әйелдер жасы нешеде? Бұл қауіпті ме?

— Қазір жасы үлкен босанушы әйелдердің жасы 44-46 жаста. Өткен жылы 49 жаста әйел босанды. Әрине, кеш жүктілік қазіргідей экологиялық жағдайда қауіпті екенін мойындауымыз керек. Кеш жүктілік сәбиде жүрек ақауы, Даун синдромы, қоянжырық немесе қасқыр ауыз, генетикалық, хромосомды аномалия, яғни дамымаған жүктілік сынды аурулардың пайда болуына алып келуі ықтимал. Ал мұны алғашқы 11-13 аптаға дейін УДЗ тексерісінде, екінші – биохимиялық скрининг, үшінші – хорионбиопсия, яғни хорион бүрлерінің кесінділерін алу, амниоцентез, яғни жатырда ұрықты қоршаған сұйықтықты алу арқылы айқындап, өкінішті жағдайдың алдын алу үшін жүктілікті тоқтатуға әбден болады. Кейде ақау­дың пайда болуы генетикалық жүйенің ток­сикозға, психоәлеуметтік стресс­терге, антибиотикалық терапияға, ин­фек­циялық ауруларға байланыс­ты болуы мүмкін. Жүктіліктің бірін­ші три­местрінде ұрыққа теріс фактор­лардың әсері өте қауіпті деп саналады. Негізі аурудың басталуын қоздыратын гендік мутация – кеш босану себебінен екені дәлелденуде.

Бірақ ақау анықталды деп, бірден жүктілікті тоқтатып тастау керек дегеннен аулақпыз. Оның ішінде «курабельді аурулар» және «курабельді емес аурулар» болып бөлінетінін айта кетейік. Яғни, бұл дегеніміз босанғаннан кейін емдеуге келетін аурулар. Мұндай жағдайда ерекше бақылауға алып, аман-есен босанып алу жолдарын қарастырамыз.

— Перинаталды орталыққа тәжірибе алмасуға еліміздің өзге қалаларынан келетін білікті дәрігерлер жайлы айтып өтсеңіз.

— Әлбетте, Денсаулық сақтау министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстандағы ең ірі ғылыми мекемелердің бірі Алматы қаласындағы Акушерлік, гинекологтар және перинатология ғылыми орталығынанан, Астана қаласындағы «Ана мен бала» орталығынан, сонымен бірге көшпелі оқу циклі бойынша жоғарғы санаттағы акушер-гинеколог дәрігерлер келіп семинар оқуларын өткізеді. Әр кездесуде акушерлік-гинекологиялық қызмет бойынша шешілуі қажет мәселелер мен міндеттер, атап айтқанда, ана мен перинаталдық өлім және т.б. өзекті мәселелер қозғалады. Сонымен қатар Отырар, Созақ аудандарының, Кентау қаласының гинеколог-дәрігерлері біздің перинаталды орталыққа келіп, операция жасаудың заманауи әдістерін, жаңа технологияларды қолдану тәсілдерін үйренуге келіп, тәжірибелерін арттырады.

— Гинекологияда дәрігерлердің біліктілігінен бөлек жаңа технологиялар, әдіс-тәсілдер мен заманауи құрал-жабдықтарды қолданатындарыңызды байқадық. Олардың түрлерін атап өтсеңіз.

— Біздегі заманауи әдістердің бірі – лапароскопиялық әдіспен жатыр миомасы, кистасын емдеу. Атап өтсек, миома лапароскопиясы. Миоманы лапароскопиялық алып тастау іш қуысының кішкентай инесі арқылы енгізілген арнайы құралдармен жүзеге асырылады. Құралдармен бірге бейнекамера қолданылады, бұл дәрігерге жатырдың құрылымын бейнелеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар гистероскопия — оперативті әдісі де миоманы, бедеулікті, жатырдың диагностикалық ісіктерінде патологиялық және жиі қан кетуде, кесарь тілігі операциясынан кейін жатыр қуысын қарау, емдеу және диагностикалау үшін қолданылуда.

Және КДБ – консультациялық-диагностикалық блок қызмет көрсетуде. Онда жоғары білікті 6 дәрігер, оның ішінде 2 УДЗ маманы жоғары тәуекел тобындағы, жоғары қауіпті әйелдерді қарайды, сонымен қатар онда ана мен баланың қан айналым бұзылысын бастапқы кезеңде анықтайды. Аталмыш білікті дәрігерлер жағдайы қауіпті әйелді қандай әдіспен емдеу қажет екенін, 3-ші деңгейлі ОПО-да қалдыра ма, әлде Алматыға 4-ші деңгейлі перинаталды орталыққа жібере ме деген сияқты факторларды жіті зерттеп, тиісті шараларды жүргізеді.

Соңғы үлгідегі аталмыш әдістер бүгінде ашық хирургияның үздік баламасы болып саналуда. Ал блок қызметі медициналық қызметтің мінсіз заманауи көрінісі деп толық сеніммен айта аламыз.

— Әңгімеңізге рахмет! Жоғары білікті дәрігерлердің, соңғы үлгідегі заманауи технологиялардың арқасында жүкті әйелдер сапалы қызмет алады деп сенеміз!

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.

Leave a reply