ТҮРКІСТАН: «ҚАНТ ДИАБЕТІ ҚАУПІ АЗАЙЫП КЕЛЕДІ» — 2

0
31

 

— Қандай тағамдарды тұтынған жөн?

— Бұл диабет балаларда жиі кездесетіндігіне байланысты «ювенильді диабет» деп аталса да, 1 типті қант диабетімен өмір сүретін адамдардың көпшілігі қазір ересек адамдар. Диабет ауруымен зардап шегетін ересек адамдардың алмұрт тектес тікенекті кактустың (нопал, опантиа) сөлін ішкені дұрыс. Бұл үшін кактусты ұсақтап турап, езіп, сөлін сығып алып, күніге тамақ алдында үш рет 1,5 кеседен қабылдау қажет. Тіс қызыл етін, таңдай қуысын инфекциядан сақтау үшін тісті тамақтан соң жуып тазалаған дұрыс болады. Әрқашан аяқты таза ұстау қажет, жаралап, қажатып алмас үшін ыңғайлы да шақ аяқ киім киген дұрыс. Аяқ қан тамырлары қызметін жақсартып, қан айналысын ретке келтіру үшін демалған кезде аяқты жоғары көтеріп қойып жату керек. Аяқ көктамырлары кеңейгенде де осы ақыл-кеңеске ден қою қажет.

— Иә, сұрайын дегенім де осы еді, аяқ демекші, қант диабетінде көпшіліктің ең қауіптенетіні — диабет табаны. Бұл қант диабетінен болатын ең күрделі асқынудың бірі. Аяғын кесуге дейін апармас үшін қалай күтіну қажет және жаңадан емдеу тәсілдері анықталды ма?

— Диабетикалық табан синдромы – бұл ауру басталғаннан 15-20 жылдан кейін пайда болатын қант диабетінің анағұрлым жиі асқынуы. 90% жағдайларында диабетикалық табан синдромы 2-ші типті қант диабеті кезінде диагностикаланады. Ауру терінің, жұмсақ дәнекер тіндердің, ал ауыр жағдайларда, табанның сүйек тінінің жара-шірік болып табылады. Мұндай кезде табандар суық, ақ түсті, жиі жағдайда ісіп тұрады. Науқастардың тырнақ пен сүйелдерді өз бетінше өңдеуі өте қауіпті. Табан синдромы бар науқастар табанға жиі күтім жасау арқылы гангрена мен ойық жараның даму қаупін азайтады.

Жаңадан емдеу тәсілдерін айтпас бұрын, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауын келтіре кеткім келеді. Ол «Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет. Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді»,- деген болатын.

Қойған сұрағыңызға орай, осындай күрделі ем-домдар мен оталардың өңірлерде де жасалып жатқанын айтпақшымын. Яғни, Шымкент қаласында қант диабеті асқынған науқастарға шұғыл хирургиялық көмек көрсету үшін қалалық №2 аурухана базасында диабеттік табан бөлімшесі ашылған болатын. Міне, сол жерде аурухана дәрігерлері диабеттік табан синдромымен келген пациенттің аяқ ампутациясын алдын алу мақсатында эндоваскулалы баллонды ангиопластика, яғни стенттеу отасын жасайды. Тіліксіз ота арқылы науқастың аяғын аман алып қалуға болады. Операция кезінде хирургтар катетерді артерияға енгізу арқылы тамыр қабырғаларын баллонмен кеңейтіп, стент орнатып береді. Мұндай әдіс қан ағымын жақсартып, жараның жазылуына жақсы ықпал етеді. Міне, қант диабетімен күресуде, науқастардың өмір сапасын жақсартуда үлкен жетістік.

— Қант диабетімен ауырып, есепте тұратын адамдарға қандай көмек берілуде, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті ме?

— Қант диабетімен есепте тұратын науқастарға емхана тарапынан тегін дәрі-дәрмектер беріледі. Тәуекел тобындағы адамдар үшін қант диабетін алдын алу міндетті түрде кем дегенде жарты жылда бір рет тексерілуден өтіп тұру қажет. Дәрі-дәрмектерді уақытылы қабылдаумен қатар науқастар дұрыс тамақтану, тәтті, майлы, тұзды тағамдарды шектеу, салауатты өмір салтын ұстану және ыңғайлы аяқ-киім кию ұсынылады.

Генетикалық сезімтал адамдарда қант диабетінің басталуын вирустық инфекция немесе диета сияқты бір немесе бірнеше қоршаған орта факторлары қоздыруы мүмкін. Ал предиабеттік жағдайдың 2-типті қант диабетіне өтуіне жол бермеу үшін салауатты өмір салтын ұстану, инсулинге сезімталдықты жақсартатын немесе бауырдағы глюкоза өндірісін төмендететін дәрі-дәрмектер қолдану секілді шаралар жүргізіледі.

— Аталмыш дерт бойынша өңірлерді аралау, скрининг жүргізу жұмыстарының процесі қалай?

— Әр азамат денсаулық жағдайын білу үшін еліміздің барлық емханаларында скринингтен өте алады. Жас ерекшелігіне байланысты оларға түрлі дәрігерлік тексеру жүргізіледі. Пациент тіркелген емханаға барып аймақтық дәрігердің кеңесін алуы тиіс. Аймақтық дәрігер қан құрамындағы қант деңгейін анықтау мақсатында анализдерден (глюкоза, гликозированный гемоглобин) өткізеді. 2-типті қант диабетіне скрининг 45 жастан басталады. Зерттеу нәтижелері оң болса, үш жылда бір рет қайта өту керек. Егер тексерілген адамның бойынан ауру белгілері анықталса дәрігер есепке алып, қажетті ем тағайындайды. Ал, скринингтен өтпей, денсаулығына бейжай қараған жандар емханадағы басқа емдік процедураларды ала алмайды. Сондықтан ел тұрғындарының 90 пайызы скринингтен өтеді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы бұйрығы бойынша тұрғындар скринингтен өтуге міндетті.

Сұхбаттасқан:

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.

 

 

Leave a reply