Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жан-жақты қолдау жүргізілуде

0
80

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Ауыл тұрғындарына 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Түркістан облысына бұл бағытта бюджеттен жыл басында 11 млрд. теңге, қосымша 8,7 млрд. теңге қаржы бөлінді, яғни, 20 млрд. теңгеге жуықтап отыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қалаларды аралап, тұрғындармен кездесу барысында «Ауыл аманаты» жобасын сапалы жүзеге асыру керектігін айтқан болатын. Жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді. Бүгінде аталған бастаманы жан-жақты насихаттау, түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. «Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты — ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жан-жақты қолдау, агрокешендерді дамыту, ауыл тұрғындарын агробизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу. Жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп отыр.

Несиелендіру 6 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, балық шаруашылығы, ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау және тұрғындардың өз кәсібін ашу. Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының ауылшаруашылық кешені бойынша орынбасары Нұрбол Рысбековтың айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыру барысында несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған. Жоба шеңберінде кәсібін дөңгелетуді көздейтін кәсіпкерлер үшін 27 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік бар.

«Халық игілігіне жасалған әрбір жоба өз жемісін береді. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады және бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Несие алушы ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне кіруіне кеңес береміз. Себебі бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды арзан бағамен пайдалануға мүмкіндік береді. Қысқасы, кооперативке бірігудің пайдасы көп. Бірінші кезекте сату мәселесі шешіледі. Мәселен, кооперация мүшесі 8,6 миллион, ал төрағасы 27 миллион теңге ала алады», – дейді Нұрбол Рысбеков.

Бұл ретте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы облыс әкімдігімен бірлесе отырып, өңір бойынша «Жұмысшы топ» құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құруға, басым бағыттарын таңдауға, несие беру ережесіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, палатаның қызметі жобаларды түсіндіріп, бизнес жоспар дайындап, құжаттарды жинақтауға көмек береді. Еске сала кетсек, жобаға қызығушылық танытқан ауыл тұрғындары толық ақпаратты аудандық «Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарына» жүгініп, нақтылай алады.

Leave a reply